9.06.2016, 11:13
Қараулар: 133
Сыбайластықпен күрес – қоғамға қосқан үлес

Сыбайластықпен күрес – қоғамға қосқан үлес

д-213Сыбайлас жемқорлық – ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, «Мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес, ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылады».

2014 жылы «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің қаулысымен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы 36 индикатордан тұратын іс-қимыл бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік ахуалын қалыптастыра отырып, бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа  тарту.  Ол  үшін  жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениетті, білім мен тәрбиені қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың пайда болу алғышарттарын азайту, мемлекеттік органдар қызметі, квазимемлекеттік сектор мен монополия субъектілеріне партиялық және қоғамдық бақылауды күшейту, жергілікті өзін-өзі басқару өкілеттілігін кеңейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру шарт.

Бағдарламаның кейбір талаптарына, мысалы, сыбайластыққа қарсы тұрарлық мәдениетке тоқталсақ, ол – азаматтардың бойына сыбайлас  жемқорлықты  жуытпайтын  тұрақты  иммунитет. Жең ұшынан жалғасқандарды жария түрде айыптамайынша жеңіске жету мүмкін емес. Онымен күресу әрбір қазақстандықтың, әр отбасының қоғамдық, азаматтық ісі екендігін түсінуі тиіс. Тек таза және адал еңбек қана өскелең ұрпақ үшін табыстылықтың, жоғары жетістіктердің, білім мен материалдық игіліктің басты өлшеміне айнала алады.

Құқық қорғау және сот органдары қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету азаматтардың биліктің мемлекеттік институттарына деген сенімін нығайтады. Осы құрылымдар жұмысының барынша мөлдірлігін, оның ішінде, сот залдарын 2020 жылға қарай аудио, бейнежазба жүйелерімен толық жарақтандыру, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарту, барлық сот процесінің жариялылығын және 2016 жылғы қарай соттар мен судьялар рейтингін жасау қажет. Осы ұсынылған шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заң қабылдауды талап етті. 2015 жылдың 18 қарашасында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы қабылданып, ол биылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді.

Заңда қамтылған сыбайлас жемқорлық ұғымы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілгендердің, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкілеттерін және соған байланысты мүмкіндіктерін жеке өзі немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлікті (мүліктік емес) игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игіліктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу дегенді білдіреді. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданылады. Жаңа заң сыбайлас жемқорлықтың барлық деңгейінде онымен тиімді күрес жүргізуді арттыруға, жемқорлықтың пайда болуын жоюға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, қоғамда жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырады.

 

Гүлжихан САҒИТОВА,

аудандық сот төрағасы.