28.05.2016, 11:40
Қараулар: 318
«Жұдырық» һәм «шапалақ» немесе пара деген пәленің пәрмені…

«Жұдырық» һәм «шапалақ» немесе пара деген пәленің пәрмені…

Қазақ халқы көп ғасырлық тарихында Ресей империясына бодан болған кезінде оның тарапынан неше түрлі теперіш көріп, зорлық-зомбылыққа ұшырап, қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешті. Сондай сұмдық сорақы зорлық-зомбылықтың ең бастысы және ең ауыры 1916 жылғы маусым (июнь) жарлығы болды. Шын мәніне келгенде ол – адам құқын аяққа таптау актісі еді. Әрі ғасырлар бойына созылған отаршылдық саясат әуел бастан-ақ халық наразылығының аккумуляторы болып келгені белгілі. Алайда, 1916 жылғы Орта Азия мен Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістің тууына осыдан екі жыл бұрын басталған Бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс шешуші әсер етті десек қателеспейміз.

 

Сонымен, өткен тарихқа ой жүгіртсек, В.И.Лениннің: «Соғыс кезінде ұлттарды езу күшейіп, шиелінісе түседі, ал, осының нәтижесінде ұлттық қозғалыстар мен ұлттық соғыстардың мүмкін және ықтимал болуы былай тұрсын, сонымен қатар тікелей сөзсіз болатын нәрсе» деген тұжырымы дәлел. Жасыратыны жоқ, І дүниежүзілік соғыс барысында отаршылдық саясат пен ұлттық езгі ушығып, асқынып кетті. Патшалық самодержавиенің қазақ жігіттерін майдандағы қара жұмысқа алу жөніндегі 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы ондаған жылдар бойы іштей пісіп-жетілген халықтың ашу-ызасының кемерінен асып-төгілуіне себепші болған соңғы тамшы еді. Ұлт-азаттық қозғалыстың тууына және өріс алуына түрткі болған бұл патша жарлығында: «Ресейде тұратын бұратана халықтар: қырғыздар, қара қырғыздар, өзбектер, тәжіктер, түркімендер, ұйғырлар, дүнгендер майданның тыл жұмысына реквизицияланады» делінген. «Мобилизация» деген сөз «реквизиция» деген сөзбен біле-тұра, қасақана алмастырылды. Әңгіме майдан мұқтажына адам алу туралы емес, кәдімгі бір мал-мүлікті алуда тұрғандай болды. Мінекей, жалпы тұтас ұлт намысын аяққа таптаған, сүйектен өткен қорлық та осы бір сөзде еді. Жарлық бойынша қан майданның қара жұмысына бірінші кезекте 19-31 жас, кейін 32-43 жас аралығындағы ер-азаматтар алынатын болды. Бұл дегеніңіз ел жұмыс қабілеті бар бүкіл ерлерінен айырылады деген сөз еді. Мысалы, тек Бөкей ордасының өзінен ғана 32 мың адам алынуы керек  болған. Барлық бас көтерер, арқа сүйер азаматтарынан айырылу оңай ма, қарапайым халық қара жұмысқа жігіттер жіберуге қай жерде де бір кісідей қарсы тұрды. 1916 жылы шілде-тамыз айлары бойына ол кезде Астрахан губерниясына қарасты Бөкей даласы еңбекшілерінің жаппай бас көтерулері болды. Ірі толқулар, әсіресе, Талов, Тарғын қисымдары мен 1-ші және 2-ші Теңіз округтерінде кең етек алды. Шілде айының ішінде Орда қаласына Астрахан губернаторы Соколовский келіп, ұлы мәртебелі патша ағзамның жарлығын орындау жөнінде жиналыс өткізді. Осы жиналыста халық атынан сөйлеген Жаңақала мектебінің мұғалімі Сейітқали Меңдешев мобилизацияға, патша үкіметінің озбырлық саясатына байланысты наразылық білдіріп, біраз нәрсені тілге тиек еткен. Ол асырауындағы көп баласы бар отбасылар мен үйінде өзінен басқа ошаң етер ешкімі жоқ жалғызілікті отбасылардағы жігіттерге жеңілдік берілуін, яғни, оларды майданның қара жұмысына алмауын талап етті. Қазақ жігіттері майданға қолына күрек алып емес, мылтық асынып бару керектігін, ал, ол үшін қазақ жастарының сауатын ашып, оқыту керектігін айтты. Патша үкіметінің жергілікті әкімшілігінің мобилизация барысында неше түрлі қулық-сұмдық, озбырлық, әділетсіз әрекеттерге барғанын да әшкереледі. Әрі ол жоғары әкімшілік пен ресми құжаттардағы майданға алынатын қазақтардың атына айтылған «реквизиция» деген сөздің ұлттық намысқа тиетінін ашына мәлімдеді.

– Айтқанға көніп, айдағанға жүретін баяғының көнбіс қазағы қайда қалған. Жаным-ау, бұ дүние өзі не боп барады.

Сейітқалидың айыптау бағытындағы айтқан осы сөзі губернатор жүрегіне мірдің оғындай қадалады. Оның түсі қашып, тіксініп кетеді. Жиналыстың шырқы бұзылады. Ілкіде бұл не айтар деп айрандай ұйыған халайық енді сабындай іріп жүре береді. Жер-жерден:

– Бізге соғыстың керегі жоқ. Майданға жігіттерді жібермейміз, – деген дауыстар шығады.

Жиналыстың сәні кеткенін сезген губернатор Бөкей ордасын басқару  жөніндегі  Уақытша  Кеңес  әкімшілігінен майданның тыл жұмысына қазақ жігіттерін еш кедергісіз және кешіктірмей жіберуді қамтамасыз етуін қатаң талап етіп, орнынан тұруға ыңғайланады. Сонымен бірге ол жергілікті әкімшілік пен полиция қызметкерлеріне мобилизацияға қарсы сөзімен не іс-қимылымен қарсы шыққан адамдарды тұтқынға алып, абақтыға жабу керек екенін тапсырады, көтеріліске қатысқан ауылдардың қатаң жазаланатынын ескертеді.

С.Меңдешев ауылына барғаннан кейін де майданның қара жұмысына жігіттерді жібермеу керектігі жөнінде халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе береді. Бұрыннан да полицияның бақылауында жүрген оны 25 шілде күні патша жендеттері тұтқынға алады. Тамыз айының 3 күні ол туралы Астрахан губернаторының атынан оның орынбасары Курилов қол қойған қаулы шықты. Онда былай делінген:

«Постановление

1916 г. авг. 3 дня. Я, Астраханский губернатор, усматривая из донесения уполномоченного по набору киргизов в рабочие отряды для действующих армии Аракчеева, от 14 июля сего года за №8, что проживающие в поселке Новой-Казанке киргизы Внутренней Киргизской орды Тастанбек Джолубаев, учитель школы Мендешев и Сундеткали Нурсалин подстрекали своих соплеменников к противодействию властям и отказу от добровольной явки инородцев для формирования из них рабочих отрядов для работы в действующие армии и находя, что т.о., означенные инородцы нарушили пункты 2 №2 обязательного постановления моего от 2 августа 1914 г. Постановил: киргизов Джолубаева, Мендешева и Нурсалина подвергнуть заключению тюрьме на три месяца каждого, считая срок момента их ареста, т.е.с. 25 июля 1916 года.

Копия сего постановления препроводить во Временный Совет по управлению Внутреннею Киргизскую ордою для исполнения, а начальнику Астраханского губернского жандармского управления для сведения.

Подлинное подписал за Астраханского губернатора, Вице губернатор Курилов».

Тап осы текстідегі тағы бір қаулы Бөкей ордасына қарасты 1-ші Теңіз округі №14-ші болысының азаматтары Маутенов Мұқаш пен Төленбаев Ескендірдің, №15-ші болыс азаматтары Кентаев Нұрғали, Салпаев Өтеген және Жамбаев Боранбайлардың адрестеріне де сол күнмен қабылданады. Осы жерде мына жайды атап кеткен артық етпейді. 1-ші және 2-ші Теңіз округтері 1836-37 жылдардағы Исатай-Махамбет бастаған бөкейлік шаруалар көтерілісінің негізгі тірек-ошағы болғаны тарихтан белгілі. Енді, міне, араға 80 жыл салып, 1916 жылғы Бөкейліктегі ұлт-азаттық көтерілістің тағы да негізгі тірегі болды. Мұндағы халық қозғалысын әйгілі Исатай батырдың туған немересі Өтепқали Дінбаянұлы Исатаев басқарған. Бұл жөнінде Хайдар Ермұратовтың «Ауылдағы Октябрь» атты кітабында және басқа да тарихи құжаттарда жақсы жазылған. Сол жылғы шыжыған шілде айының бір күнінде 1-ші округтегі «Мыңтөбе» қойнауында отырған 71 жасар Өтепқали қарияның үйіне бір топ аттылы сау ете түседі. Қонақтар әдеттегідей аман-саулық сұрасып, әртүрлі қысыр әңгімеден кейін, келген негізгі жұмыстастарының мән-жайына көшеді.

– Өтақа,- деп бастайды олар, – біз бүкіл ел атынан келіп отырмыз. Сенің атаң атақты Исатай батыр кезінде теңдік, бостандық алып беремін деп халқын ханға қарсы көтеріп еді. Енді, міне, ел басына тағы да қиын-қыстау зобалаң заман туды ғой. Біз Исатайдың атын ту қылып көтеріп, соңыңнан ереміз. Бұл – ел тілегі. Біздер соны тек жеткізуші ғана, арғы жағын өзің біл, – деп барып тоқтайды.

– Иә, — деп күрсінеді қария біраз үнсіздіктен кейін, – ол кезде ханның қыспағына ұшырасақ, енді ақ патшаның өзі ауыз салып отыр. Ол кездегі жауың да осал болмап еді, ал, қазіргі жауың одан мың мәрте басым. Өйткені, ақ патшаның өзімен тіресуге тура келеді ғой. Бірақ опат боламыз деп қол қусырып қарап отырудың тағы жөні жоқ. Біздікі тек ақыл айтып, бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеу. Әйтпесе, жасы жетпістен асқан шалыңда не қауқар қалды дейсің, жалаңтөс батыр болудан қалғалы қашан. Алайда, ел ұйғарымы солай болса, амал нешік, көнеміз дағы. Ел тілегін аяқасты етуге болмас, – деп Исатай ұрпағы күрес тізгінін қолына алуға келісімін береді.

Сол күні округтің бірнеше болысынан жиналған кісілермен кеңес өткізіледі. Онда барлық округ қазақтарын әртүрлі сылтаумен жинап, оларға майдан жұмысына үзілді-кесілді бармау туралы толық түсіндіру керек, егер де жергілікті патша әкімшілігі күштеп алмақшы болса, қарсылық көрсетудің барлық шараларын жасау қажет, оған дейін осы отырыстың шешімін жалпақ жұртқа жеткізіп, бүкіл Орда қазақтарын көтеріліске әзірлеуге ұйғарым жасалады.

Кеңестің шешімін орындаудың алғашқы практикалық қадамы 1916 жылы шілденің 14 жұлдызында «Майтөбе» ауылында 1-ші округтен 300-дей жігіт жиналған жиын болып, онда Өтепқали Исатаевтың үйінде болған кеңестің шешімі талқыланады. Бұл жиынға шақырылмаса да, Краснояр уезінің приставы қатысқан. Онда жиын атынан шығып сөйлеген Кентаев Нұрғали деген азамат приставқа қарап:

– Қазақтар патша ағзамның әдейі шығарған жарлығымен 100 жылға армияға алынудан босатылған. Оның мерзімі тек осы жылы ғана бітті, сондықтан майдан жұмысына тек осы жылы туған сәбилер ғана алынуға тиіс, – дейді. Жиналған халық окоп қазуға жігіттерді бермейміз деп тарасады.

Майтөбе кеңесінде болған оқиғаны пристав уезд исправнигіне жеткізеді, ал, ол болса губернаторға хабарлайды. Артынша округтің бес жігітін – Мұқаш Маутеновты, Ескендір Түменбаевты, Нұрғали Кентаевты, Өтеген Салпаевты және Боранбай Жамбаевты тұтқындап, Астрахан қаласының абақтысына жабу жөніндегі текстісі жоғарыда келтірілген қаулы шығады. Бірақ өртке тиген қаудай өршіген көтеріліс тоқтамайды. «Саға» деген құм қойнауында көтерілісшілердің лагері тігіледі. Олардың саны күннен күнге өскенімен, көтерілісшілерді қару-жарақтың жеткіліксіздігі қинайды. Аңшының мылтығы екінің бірінде болмайтын. Оған шананың табанын қаптаған қалың қаңылтыр пайдаланылды. Көтерілісшілер болыстардың, учаскелік комиссиялардың кеңселеріне шабуыл жасап, мобилизациялық тізімдерді тартып алып, жойып жіберіп отырды, барлау жұмыстарына, әскери жорықтарға шығып жүреді.

Патша үкіметі көтерілісшілердің қарсылығын басу үшін және мобилизация жоспарын орындау үшін далаға, жан-жаққа бақайшағына дейін қаруланған жазалаушы отрядтарды жібереді. Осындай отрядтардың Қызыл жар уезінің исправнигі штабс-капитан Хлынов бастаған бір үлкен тобы І округке келеді. Пушкадан бастап ыссы қарудың барлық түрін пайдаланған мұндай отрядқа қанша көзсіз батыр болса да төтеп беру қиын еді. Көтерілісшілер сан жағынан басым болғаныменен қару жағынан қауқарсыз-ды. Өтепқали ақсақал қазақ жағынан нақақ қантөгіс болатынын жақсы түсінеді. Қай кезде де шаш ал десе, бас алуға әзір тұратын, қылышынан қан тамған казактар ешқандай аяушылықты білмейтінін Өтеқан өз өмірінде талай көрген. Қария ұрысқа жұлқынып тұрған жігіттердің қанын мойнына жүктегісі келмеді. Ол қолын таратып, қасындағы ат төбеліндей жолдастарымен өз еркімен   берілуді  ұйғарды. Ондағы ойы «Қойдың  жасындай  жасым  қалғанда  жан  сақтап,  бас  сауғалар  жәйім  жоқ,  маған  бәрібір, жігіттер  аман  болса болғаны…» Исправник қарияның кәрілігін ескеріп, оны  босатады да,  қасындағы  жолдастарын  тұтқынға алады. Бұдан әрі де қорқау казактар жазықты-жазықсызына қарамай, қазақ ауылдарына бүйедей тиеді. Олардың мал-мүлкін тонап, өздерін  соққының  астына  алады. 1916 жылдың  зобалаңын, сол көріністердің  куәгері, белгілі суретші Н.Г.Хлудовтың  кескіндемелерінен де көруге болады. Ол «Погром казахского аула» деген тақырыпқа бірнеше  картиналар сериясын  жазған. Ол  кездің  ауыр  халін Дина мен Сейтек «Набор», «1916 жыл»  деген   күйлерінде де шебер  суреттеген.

Енді  осы  кезге  дейін тарихшылардың  назарынан тыс  қалған бір  жәйт  бар. 1916 жылғы ұлт-азаттық  қозғалысын  сөз   еткенде   әміршілдік,  одан  тоқыраушылық саяси режимдерінің көзқарасымен қалыптасқан  тарихымызда  қазақ  зиялылары бұл  халық  қозғалысынан  тыс  тұрды немесе   патша  саясатының   қолшоқпары  болды   деген  бірыңғай сыңаржақ баға  беріліп келді.  Шындығында,    бұл   сыңаржақ   баға  ақиқаттың  ауылынан   көп  алшақ   жатыр.   Алаштың  адал   ұлдары  Ахмет   Байтұрсынов,  Әлихан   Бөкейханов,   Халел   және   Жанша  Досмұхамедовтарды айтпағаның өзінде (Сейітқали  Меңдешевтің  көтеріліске  тікелей қатысқанын  жоғарыда  айттық)  жергілікті   патша  әкімшілігінің  аппаратында билікке  араласып   жүрген   саналы   азаматтар  халық    қайғысына  ортақ  көзқарас білдіріп  қана   қоймай, оның жағдайын  жеңілдетуге  қолынан   келгенше  тікелей   іс-әрекет   жасаған.  Сол   үшін  қызметінен  айырылып, жеке   басы  қуғынға   ұшырағандар да бар.   Оған  дәлел Астрахан   губерниясының   генерал  губернаторы  Соколовскийдің   1916  жылы   шілде  айының  25  жұлдызында   Петербургке,  ішкі   істер   министрлігіне соққан  телеграммасы.  Жаңсақтық  болмау  үшін  оны   қаз-қалпында беруді жөн көрдік.

«ИЗ АСТРАХАНИ В ПЕТЕРБУРГ

В дополнение    телеграммы   от  20-го   июля сего года №644 уведомляю, что   для  исходатайствования   отмены  реквизиции  киргизов  из   степи  выехала   в  составе  Габдула  Мукашева – киргиза  Торгунскии  части,  уволенного  от   должности,  Правителя  части, Джумагали Карагаева (Фатиха Жұмағалиеваның әкесі, белгілі юрист Ресей мемлекеттік Думасының депутаты болған Бақытжан Қаратаевтың немере ағасы–А.Х.) – киргиза Таловской части, также уволенного от должности правителя части, Батырхайра    Ниязова  –  киргиза   Таловскии  части,   помощника  присяжного   поверенного  округа  Саратовской  судебной  практики,  и  Ишангали Мендыханова, лишенного  права  уволенного  от  должности   помощника   правителя части и ныне служашего во Временном Совете. Кроме того, имеются сведения, что киргизами 1-го и 2-го округов киргизской степи с аналогичным ходатайством послана и 2-я депутация состав который пока не выяснен».

Міне, осы құжаттан көріп отырғандай, халық қайғысына қазақ зиялылары былай тұрсын, төре тұқымынан тарайтын кейбір сұлтан-правительдердің өздері де жанашырлық танытып, бұл жолда бастарын бәйгеге тіккен.

Алайда, әділін айту керек, жалпы алғанда 1916 жылғы маусым жарлығын байлар қуана қарсы алды. Өйткені, олар үшін бұл жарлық тегін табыс көзіне айналды. Себебі, патша үкіметінің жергілікті әкімшілік орындары тізім тұрғызуды сол бай, болыстарға міндеттеген еді. Әмбеге аян, ол кезде қазақта жас анықтайтын тууы туралы куәлік болмады. Ал, бұл жағдай тізімге түзушілер, яғни, бай-болыстар тарапынан неше түрлі қиянат пен бұрмалауға жол ашты. Олар шаруасы шалқыған ауқаттылардан пара алып, байлардың балаларының жастарын асырып немесе кемітіп тізімге кіргізбей құтқарып жіберіп отырды. Ал, кедейлердің балаларының жасын керісінше көрсетіп, тізімге іліктіріп, қалай да қара жұмысқа алынатындай жасады. Бұл істе, әсіресе, 2-ші Теңіз округінің сұлтан правителі Шолтыров Биляш пен болыс старшины Жүсібәлиев Мақпыштың алымқорлықпен аттары шықты. Олар параның мөлшерін (әрине, байлығына қарай) шартты белгі көрсету арқылы алдын-ала келісіп алатын болған. Тізім тұрғызу комиссиясының басқарушысы болған олар жігіттің жасын анықтау барысында баласын қалдырғысы келген кісіге жұдырығын көрсетсе, ол уағдаласқан келісім бойынша 1000 сом, ал, алақанын ашса, 500 сом бересің дегені болған. Соған байланысты сол кезде халық арасында «жұдырық» және «шапалақ» деген сөздер тарап кеткен. Ал, берері жоқ кедейлердің балалары жастары толмаса да, я жасы асып кетсе де, тізімге ілініп, пара берген бай балаларының орнына майданның қара жұмысына көгенге тізген қойдай көздері мөлдіреп кете барған.

Осылайша, ілкі әзірде біршама ұйымшылдық танытып, жалындаған қызу  қанды  патриоттық  сезіммен қолға алынған көтеріліс кең етек жая алмады. Табиғатынан біткен марғаулық өз дегенін істеді. Бытыраңқы көтеріліс ошақтары әр жерде, әр мезгілде бой көрсетіп, аяғы барған сайын сұйыла берді. Дегенмен, кең сахарадан тыныштық біржолата кетті. 1916 жылғы халық толқулары 1917 жылғы Ақпан революциясына жетіп, Қазан революциясына ұласты.

Десек те, 1916 жылғы сол ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының тарихында елеулі орын алады. Ол халықтың саяси сана-сезімін оятты. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші – езілген еңбекші тап болды. Бұл көтеріліс ұлттық, отаршылдық езгіге қарсы бағытталған күрес ретінде көрініс тапты. Отаршылдыққа қарсы жүргізілген күрес, оның жеңістері мен жеңілістері халыққа көп нәрсені үйретті, досы мен қасын айырып берді.

А.ХАМЗИН,

тарихшы, өлкетанушы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар