19.05.2016, 15:40
Қараулар: 28
Ғамматовтардың ғибратты ғұмыры

Ғамматовтардың ғибратты ғұмыры

Қазақта: «Отан отбасынан басталады»,  деген дана сөз бар. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым — отбасы болса керек. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекеме. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы мекемеде қаланады. Мемлекеттің мықты болуы оның дана басшысына байланысты болатыны сияқты, отбасының берекесі – ері мен әйеліне байланысты екені даусыз. Сондай өз ұясының қорғаны мен ұйытқысы болып жүрген ауылымыздағы Ғамматовтар отбасын айтуға болады. Еліміз егемендік алып, енді ғана еңсесін тіктеген шақта шаңырақ көтерген Талғат пен Айман өте қарапайым жандар. Тіпті, оларды елімізбен бірге қанат жайып, дамып келеді десе де болады.

Өз қатарластары сынды орта білім алып, әскери борышын Украинаның Донецк қаласында өтеген отағасы аудандық ДОСААФ-та оқып, жүргізуші куәлігін алған. Бұл кәсіби білімінің жемісін ол 2000 жылдан водовоз жүргізуші болғанда көрген. Ал, отанасы Айман Орал ауылшаруашылық техникумын  ветеринар мамандығы бойынша бітірген болса-дағы бар уақытын отбасына арнаған. 1995 жылы өмірлерін бір арнаға тоғыстырғанды жөн көрген Талғат пен Айманның бүгінгі тірлігі көңіл толарлық. Барды қанағат тұтып, жоққа налымайтын жанұяның басты байлығы, үміті – балалары. Олар да  ата-аналарының үмітін ақтап келеді. Мәселен, тұлабойы тұңғышы Ақерке БҚМУ-дың биология факультетінің 2 курс студенті болса, оның ізін жалғаған егіздері Қарлығаш пен Сандуғаш Орал қаласындағы медициналық колледжде бірі фельдшер, бірі медбике мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Ең қуаныштысы, қыздардың барлығы да мемлекеттік грант негізінде оқуда. Ал, ауылдағы М.Бегалиева атындағы орта мектептің 8 сыныбында оқитын жалғыз тұяғы Әлішер де тек білімімен ғана емес, қолөнерге, техникаға икемділігімен ауданға танылуда. Оған «Ғылым әлемін ашамын» атты аудандық байқауда радиотехника, электроника және телемеханика бойынша ІІІ, аудандық «Балдәурен» балалар шығармашылығы фестивалінде қолөнер жанры бойынша бесік жасап (жетекшісі Тельман Садықов) ІІ орынды еншілегені дәлел. Үйдің кенжесі Ақнұр не бары 5 жаста.

Иә, бұл ауылдасымыздың келісті тірлігін көріп, даналарымыз айтқан «Ынтымақ бар жерде ырыс та молаяды» дегеніне тағы көз жеткізгендей болдық.

Айнұр ӘБДІРЕШЕВА.

Бөрлі ауылы.