19.05.2016, 15:03
Қараулар: 45
Жирен жаман әдеттен

Жирен жаман әдеттен

Б.Жәнекешев атындағы орта мектепте ата-аналармен бірлесіп, ұйымдастырылып жатқан түрлі шаралар көп-ақ. Солардың бірі жалпы ата-аналар жиналысы. Осы ретте, күн тәртібіне қойылған екі мәселе де өткір де өзекті. Біріншісі, «Жасөспірімдерге қатысты ерте жыныстық қарым-қатынастың алдын алу», екіншісі, «Жасөспірімдер арасындағы суицид». Баяндама жасаған мектеп психологі Нұргүл Дүйсенованың ақпаратын бей-жай тыңдау мүмкін емес-ті. Нақты дәлелдер келтіріліп, ғаламтордан алынған жантүршігерлік слайдттар да көрсетілді.

Санамызға жат бұл жайлардың көтерілгені дұрыс та шығар. Алайда, жарыссөзде қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жайлар жөнінде ашына сөйлеп, ата-аналарға ақыл-кеңесін айтқан ауылдық амбулаторияның меңгерушісі, немере оқытып отырған әже Гүлбаһрам Сапарғалиевадан басқа жан болмады. Ол  кәмелетке толмағандарды үлкен өмірге қалай дайындау қажеттігін, отбасындағы бала тәрбиесі жайын да кеңінен сөз етті.

Айта кетелік, ертесіне 8-11 сынып қыздары арасында өткен «Арыңды жасыңнан сақта» атты басқосуда қатысушылар белсенділік танытты. Алдымен, мектеп және интернат медбикелері Г.Бекмурзина мен М.Боранбаеваның есебі, амбулатория меңгерушісі Гүлбаһрам Байқұттықызының баяндамасы тыңдалды. Мектеп психологі Н.Кенжеғалиқызының мәлімдемесінде қыздар тәрбиесі, олардың жүріс-тұрысы, басқа да жайлар ортаға салынды. Осы үрдіс бойынша ұлдар жиналысы да оздырылып, оған ауылдық округ әкімі Қ.Саматов қатысты.

Балаларымыздың болашағы үшін оздырылған игі шаралар алда да өз жалғасын таба бермек. Өйткені, бала тәрбиесі – баршаның ісі ғой.

Екатерина ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ.

Бисен ауылы.