19.05.2016, 9:22
Қараулар: 35
Желпінтіп өткен Жеңіс күні

Желпінтіп өткен Жеңіс күні

г-333 -1Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік жиын «Қару аманаты» ескерткіші алдында салтанатты түрде оздырылып, оған ауыл ақсақалдары, мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары және майдангер аталарының суреттерін ұстаған шәкірттер қатысты.

 

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жиылғандарды атаулы мейраммен құттықтап, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Таңатовпен бірге ескерткішке гүл шоғын қойса, айтулы күнге орай арнайы келген ресейлік қонақтар да сайқындықтарға жылы лебізін жеткізді. Осындай рәсім Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова мен 196-шы Қызыл Тулы Гатчинск атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне белгі орнатылған орындарда да жалғасты.

Содан соң ауыл тұрғындары дала қызықтарын тамашалауға алты қанат киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылған «тойтөбеге» ағылды. Маңдайдан сүйген самал жел баршаға көтеріңкі көңіл-күй сыйлағандай. Қолқаны қапқан кәуап иісі мен жазиралы даланың таңғы шықтары жан сарайыңды әлдебір жағымды әсермен толқытады. Мерекеге сай күн көзі де жарқырап тұрды. Бөкей ордасы колледжі ұжымы мен өзге де ауыл адамдары арнайы қазан көтеріп, тәтті-дәмдісін ұсынса, жергілікті кәсіпкерлер де  халық  көп шоғырланып қалған сәтті бір «қарпып» қалуға тырысқан.

Құлағын тұр қайшылап қазанаттарың,

Бақ пен бабы сай келсе озар аттарың.

Ал, бұйыртып бәйгенің алдынан келсе,

Көкке лақтыр бөркіңді, азаматтарым!

Бәйге десе делебесі қозатын ауылдың үлкен-кішісі бір сәт ат жарысы  өтетін маңды бетке алды. Ұлы Жеңістің жалауын желбіреткен 71-ші көктемде бейбіт күннің ажарымен шырқалған патриоттық әндер рухты көтеріп, отты жылдардың жаңғырығы түсіне де кірмейтін ұрпақтың санасын нұрландырды.  Жиналғандарды Сайқын ауылдық округінің әкімі Бисенбек Насимоллин құттықтап, шабандоздарға сәттілік  тіледі.

Сол-ақ екен, арғымақ көрсе бір серпіліп қалатын азаматтар мен тойшылар бәйге аттарының мәресіне көз тікті. Осылайша, жиырма шақырымдық жарыста жал-құйрығы таралған 8 сәйгүлік бақ сынады. Шәмел Мыңбаевтың  «Айтөбелі» (шабандозы Тілекқабыл Шәмелов), Бекболат Дүйсенғалиевтің «Тайсоны» (ат үстінде өзі), Жігер Жақыбалиевтің «Жұлдызы» (Жеңіс Жақыбалиев), Бейбіт Айтасовтың «Ақсұңқары» (Батырхан Ғалымжанов), Нұржан Есімовтің «Хансұлтаны» (Ернұр Есімов), Дастан Таубаевтың «Алаяғы» (өзі), Нұрлыбай Есімовтің «Құдайбергені» (Нарынбек Мұратов), Ербол Есімовтің  «Көкдауылы» (Нұрлан Хасанов) әп дегеннен қамшы салдырмады. Десек те, жүйріктердің қатары біртіндеп сиреп, әдемі аяқалысымен жер тарпыған  Б.Айтасовтың  «Ақсұңқары» ғана суырылып алға шыға берді. Ақыры ол мәре сызығын да бірінші болып кесті. Ал, ағайынды Есімовтердің, нақтырақ айтсақ, Нұржанның «Хансұлтаны»  ІІ, Ерболдың «Көкдауылы» ІІІ орындардан көрінді.

Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, Сайқын ауылдық округі әкімі Бисенбек Насимоллин жүлдегерлерді марапаттап, І орынға мұздатқыш, ІІ кір жуу мәшинасын, ал, ІІІ орынға кілем табыс етті.

Боз кілем үстіндегі палуандар белдесуінде І, ІІ орындарды жәнібектік С.Байысов пен Н.Оңаталиев еншілесе, ІІІ орын өз палуанымыз Н.Ғазезовке бұйырды.

Арқан тарту ойынында «Достар» командасы І, аудандық спорт мектебі ІІ, «Жастар» тобы  ІІІ орындардан көрінді. Гір тасын көтерушілер арасында өзгелерден күші басым Қ.Жанғуатұлы І орынды жеңіп алса, А.Кәрімов ІІ орынға табан тіреп,  А.Бақтыбаев ІІІ орынды місе тұтты. «Алтын қабақ» басына шығуға талпынғандар қатары  көп болғанымен, бағы жанған санаулылар ғана олжалы оралды.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.