19.05.2016, 9:19
Қараулар: 37
Зүлзала жүлдесі мұратсайлық волейболшыларға бұйырды

Зүлзала жүлдесі мұратсайлық волейболшыларға бұйырды

р-423Ауған соғысының жауынгері, сол сұрапылда жас өмірі қыршынынан қиылған жерлесіміз, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Зүлзала Жиенәлиевті еске алуға арналған волейболдан дәстүрлі аудандық турнир өз жалғасын биыл Бисен ауылында тапты. Жоғары дәрежеде ұйымдастырылған жарысқа ауылдық округтерден 8 команда қатысты.

 

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Н.С.Рахымжанов жиналғандарды патриоттық тәрбиені қалыптастыруда ерекше орын алатын осынау турнирдің маңыздылығына тоқталып, ойыншыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар Нұрлан Сағынтайұлы З.Жиенәлиевтің анасы Мұқсина апай мен жарыстың тұрақты демеушісі, «Заман» шаруа қожалығының жетекшісі Сағындық Сәрсеновке естелік сыйлықтарды табыс етуді ұмыт қалдырмады. Өз кезегінде Мұқсина апай тарих қойнауына кеткен күндерді ұмытпай, ұлының атындағы турнирді үзбей өткізіп келе жатқан ұйымдастырушыларға аналық зор ризашылығын білдірді.

Жеребе тасталған соң жарыс екі  топта айналым жүйесі бойынша оздырылып, Бисен, Ұялы, Орда, Мұратсай командалары І, Саралжын, Жиекқұм, Сайқын, Бөрлі командалары ІІ топта ойын көрсетті. Сонымен І топтан Бисен мен Мұратсай, ІІ топта Саралжын мен Сайқын ауылдық округі командалары финалдық кезеңге жолдама алды. Тартысты ойын нәтижесінде І орынға мұратсайлықтар қол жеткізсе, ІІ орын бисендіктерге, ІІІ орын саралжындықтарға бұйырды. Турнир барысында жақсы ойын өрнегін көрсеткен А.Жахатов «Үздік тосқауыл қоюшы» деп танылса, Е.Бекқалиев «Үздік ойыншы», Н.Бисембаев «Үздік ұйымдастырушы», А.Саматов «Үздік шабуылшы», Ж.Бекеев «Ардагер спортшы» атанды. Ал, жарыстың «Үздік төрешісі» номинациясын Қ.Төлешевке иеленді. Жабылу салтанатында Бисен ауылдық округінің әкімі Қ.Саматов барша спортшыларға белсенділігі үшін ризашылығын білдіріп, жарыстың жеңімпаз командалары мен жекелеген ойыншыларға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мадақтамалары мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.

М.ҒИЫЛМАНОВ,

аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,

дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы.