11.05.2016, 16:25
Қараулар: 208
Саптағы қос сарбаз

Саптағы қос сарбаз

Атам қазақта: «Ел сенімін ер ақтар, ер есімін ел сақтар» деген аталы сөз бар. Әлеуеті мықты әскер — ел мен жердің қорғаны. Президентіміздің тікелей қолдауының әрі жіті бақылауының нәтижесінде қазақ әскерінің бүгінгі жетістігімен мақтана аламыз. Қазіргі таңда әскеріміз заманауи құралдармен және әскери техникамен толық жабдықталған. Әрине, бұл жерде адам факторы ерекше орын алатыны өз-өзінен түсінікті. «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес» деп кесіп айтқан баһадүр Бауыржан Момышұлы.

Отанын қорғау ол сонау бабалар заманында, бүгінгі бейбіт өмірде де өз маңызын жоғалтпаған, жоғалтпайды да. Бүгінде оны тек азаматтық парызым деп қана қоймай, өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған жастарымыз аз емес. Солардың қатарында мемлекеттік шекараны мызғымай күзеткен сақшылардың бірі болған сайқындық Армат Ахметов те бар. Алматы облысындағы «Достық» пункітінде, яғни, Қытай елімен шекаралас жерде міндетті әскери борышын өтеген Армат Қанатұлы кейін төрт жылдай Сайқындағы №2036 әскери бөлімде шекарашы болды. Қазір келісім-шарт негізінде Ақтау қаласындағы әскери-теңіз күштерінде, «Қазақстан» кемесінде қызмет атқаруда. Оның айтуынша, кейде бір апта жағалауда тұрса, кейде айлап теңізде болады екен. Бала кезінен офицер болсам деп армандаған жерлесіміз алға қойған мақсатына біртіндеп жақындап келеді. Бұйырса, әскери институтқа түспекші. Армат ұлдары Ринат пен Мадиярдың өзі сынды сарбаз боларына бек сенеді.

Сол қаладағы  флотилияда, өзге әскери кемеде қызмет ететін, мұратсайлық Руслан Зинекешевті Армат танымағанымен, екеуін  патриоттық сезім байланыстырып тұрғандай.  Руслан да Армат секілді міндетті әскери борышын өтеген соң шекарашылар қатарында сап түзеген сарбаз. «Қайрат» заставасында аға атқыш қызметінде болған Руслан Ғарифоллаұлы аудандық қорғаныс бөлімі арқылы Ақтау қаласындағы әскери теңіз күштеріне  келісім-шарт негізінде алынады. Алдымен Ақтау қаласындағы әскери-теңіз институтында алты айлық курстан өтіп, бүгінде кемеде теңіз экологы қызметінде. Яғни, кемедегі экологиялық жағдайға жауапты. Сонымен қатар ауаның тазалығын арнайы құрылғымен күніне екі мәрте тексеріп, зертханалық жұмыстар жүргізеді. Айта кету керек, анада отбасын құрған азамат болашағын Отан қорғау саласында жалғастырмақшы.

–Біздің заманымыз тыныш, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қолға қару алып, ерлік жасау шарт емес,-дейді Руслан Зинешев. – Ал, әскерге бару, Отанды қорғау әрбір қазақстандық азаматтың борышы.

Раушан БАҚЫТОВА.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар