11.05.2016, 16:20
Қараулар: 311
Талғампаз талант немесе шәкірттерімен шаттанған ұстаз

Талғампаз талант немесе шәкірттерімен шаттанған ұстаз

Адам бойындағы бұлқынған қабілет аламанда топ жарар бәйге аттары іспетті. Әйтеуір, бір жарқырай көрінері  анық.  Асаулық та өнерге  тән. Сыртқы жарасымдылық пен ішкі сұлулық үндескенде шын жүйріктің  бабы келісетін сияқты. Аудандық саз мектебінің хор және фортепиано сыныбының мұғалімі Самал Рахымжанова – шәкірттері облыстық, республикалық өнер байқауларында  топ жарып жүрген өз ісінің нағыз шебері. Әрі үлкен-кішімен сыйласымы, адами қарым-қатынастағы шынайылығымен  ортасына сүйкімді жан. Әріптестері ұстаздың өте еңбекқор екенін,  қашан көрсең де шәкірттері соңынан еріп жүретінін айтады. Ал, оның қызметін мейілінше сүюі өз алдына, сахнаны жайнатып жіберетін қабілетін айтсаңызшы?!

Саз мектебінің директоры болған кезінде Берік Дүйсенов үнемі ізденісте, бар уақыты мен жігерін сарп етіп, шығармашылық қызметінен ләззат ала білетін Самал Ғалымқызына «гениальный педагог» деген баға берген екен. Өнер сүйер көпшілік те оған осы пікірді лайықты көреді. Бұл оның тынымсыз ізденісін, мамандығына махаббатын танытса, әр баланы, жалпы, әр адамды сүйіп, жақсы көруі оның болмысының адами тазалыққа құралғанын айғақтай түсетіндей.

Тұлымшағы желбіреген кішкене кезінен түрлі ырғақтарға ілесіп билеп, өнерге қабілетін байқатқан кейіпкеріміздің айтуынша, қазір 87 жастағы анасы Керей жастайынан ән салған көрінеді. Бір таңқаларлығы осы қызын құрсағында көтеріп  жүрген кезінде дауысы өз-өзінен кетіп қалған. Яғни, оның өнері әлі жарық дүниені көрмеген сәбиіне ауысқан сияқты. Әкесі Ғалым Бакиров марқұм да Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» домбырамен әуелеткенде тыңдаушысын елітіп әкетеді екен.

Айта кетелік, ол Теректі ауданы, Шағатай ауылының тумасы. Отбасындағы сегіз баланың жетіншісі. 4-сыныптан саз мектебінің алғыр, қабілетті шәкірті болған. Қаладан машықтануға келген Надежда Александровна Потапичеваның баулуы арқылы музыканың құдіретін сезінген. Нотаны да сол орыс мұғалима апайынан үйренген. Жалпы, Бакировтер отбасы балаларының бәрі де өнерден құр қалмаған. Алайда, Самал ғана қиындығы мол өнер жолын өмірлік серік еткен.

− 7-сыныпта оқып жүрген кезімде әкем маған  орыс отбасынан  күйсандық сатып әкеп берді. Фортепиано сыныбына барып жүргенімде әкемнің «Қызым, бұл аспаппен ұлттық әнді қалай орындамақсың» деген сөзіне намыстанып жүрген едім. Міне, сол жолы көрші-көлемнің көзінше «Мәриям Жагорқызын» күйсандықта ойнап бердім. Сонда әкем, жарықтық, көңілі толқып, екі көзі жасқа толғаны бар. «Саған осы кезге дейін бұл аспапты бекер алып бермеппін. Қазақтың да әндерін күйсандықта  орындауға болады екен ғой», деп қуанғаны әлі есімде,- дейді әкеге деген сағыныш сезімін жасыра алмай.

Осылайша, өнер жолына біржола бетбұрған ол алдымен Орал қаласындағы музыкалық колледжді бітіріп, кейін жоғары білім де алады. Бүгінде фортепиано мен хорды қатар алып жүрген осы бір еңбекқор жанның өз мамандығына деген үлкен сүйіспеншілігі өзгелерді де сүйсінтуде. Былтыр Атырау қаласында өткен жас музыканттар байқауында ол жетекшілік ететін хор ұжымы бас жүлдені жеңіп алды. Сол сапарында С.Рахымжанова бұрын өзі қызмет еткен Ақжайық ауданына жолай соғып, бөкейлік шәкірттерімен «Саз әлемі» атты концертін ақжайықтық көрермендердің назарына да ұсынғаны бар. Екі ауданның өнерпаздары өз әнұрандарын шырқаған сол әсерлі кеште ұстаз көңілі де керемет рухтанды. Ал, жақында Ақтөбе қаласында өткен «Жанымның сыры – өнерім саған аманат!» атты жас музыканттардың республикалық фестиваль-конкурсында дарынды ұстаздың талантты шәкірті Балжан Нүркенова фортепиано аспабынан жүлделі ІІ орынды иеленіп қайтты. Айта берсек,  өзінің де, шәкірттерінің де жетістіктері аз емес.

− Жалпы мені бөкейлік балғындардың өнерге алабөтен ықыласы тәнті етуде. Қай шығарманы үйрете бастасаң, іліп ала жөнелетін қабілет әр баланың бойынан кездеседі. Бұл киелі өлкенің тылсым қасиеті ме?!-дейді өз ісіне шынайы берілген жан.

Иә, өзі айтқан қасиетті өлкеде өзіндік ізін қалдырып, дарынды шәкірттерінің талабын ұштап келе жатқан талғампыз талант иесі Самал Ғалымқызы нағыз бақытты ұстаз.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.