11.05.2016, 16:16
Қараулар: 280
Татулық һәм сыйластық

Татулық һәм сыйластық

Дін мен ділге шектеу қоймайтын көпұлтты елімізде христиан халықтарының қасиетті мейрамы пасха да өз орталарында кеңінен тойланатыны белгілі. Осынау діни мереке күні аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов бір топ атүстіндегі азаматтармен Сайқын ауылындағы славян ұлты өкілдерінің шаңырақтарына арнайы барып құттықтап, сый-сияпатын ұсынды.

Ауданымызда әжелер ансамблі құрылғанда бастауында болған, қазақша ән шырқап, көрермен көңілінен шыққан, қатарластары арасында қазақша мақалдайтын Анна Васильевна Марченкоға барған билік өкілдері үй иесінің таялып қалған туған күнімен де қызу құттықтауды ұмыт қалдырмады. Кулич пен түрлі түсті жұмыртқаларды ұсынған Березина Людмила Гаврииловна, оның үлкен ұл-келіні Андрей мен Татьяна, көршілері Сергей Машканов отбасылары бұл мейрамның мән-маңызына тоқталып, осылайша құрмет көрсеткен меймандарға ризашылығын жаудырды.

Иә, ұлтаралық татулық пен бірлікке, жылдар бойы жалғасқан шынайы достыққа жетер не бар, шіркін!

Р.ЖАНАТҚЫЗЫ.