21.04.2016, 11:30
Қараулар: 270
«ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек!»

«ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек!»

Америка Құрама Штаттарының астанасы – Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІҮ саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялап, жаһандық сын-қатерлердің ықтимал салдарын әлем алдында ашық айтты. Әрі өз ұстанымын ресми хабарламалар мен жарияланымдар аясынан тыс қалған жеке кездесулерде де атап көрсетуден танған жоқ. Бұл батыл бастамаға барша қазақстандықтар қатарында бөкейліктер де бірауыздан қолдау білдіруде.

 

Бибігүл Бектелеуова – аудандық мәслихаттың депутаты, М.Мәметова атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

 

–Вашингтондағы Ядролық  қауіпсіздік жөніндегі саммитте Елбасының көтерген бастамалары өте маңызды. Адамзат әлемі ғылыми-техникалық прогрестің жоғары жетістіктерімен көрінгенімен, ұрпақ болашағына нұқсан келтіретін жағдайлар да туындады. Кеңес дәуірінде атом қаруын жетілдіріп, сынау үшін іргемізден орын тепкен әскери полигон зардабы әлі күнге білініп келеді.  Өңіріміздегі кемтар сәбилер соның айғағы емесіне кім кепіл? Ауданда 500 мүмкіндігі шектеулі жандар болса, олардың 65-і он алты жасқа дейінгі ұл-қыздар. Бір отбасында осындай екі бірдей баланы бағып отырғандар да бар. Сондықтан түрлі жарылыстардың зардабын біздің жерлестеріміз терең түсінеді.

Ендеше, Президентіміз Н.Назарбаевтың жоғарыда аталған тың идеясы бір ұлттың мүддесін көксемейтіндігімен де адамзат қоғамы үшін өте құнды деп есептеймін. Әрі Елбасының іргелі бастамасы жаһанға бейбітсүйгіштігімен танылған еліміздің мәртебесін одан әрі асқақтата түскені сөзсіз.

 

Мәншүк Насимоллина – Сайқын ауылының тұрғыны:

 

–Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ ел ішіндегі ядролық жаппай қырып-жою қаруынан бас тартып, әлем жұртшылығына өзін бейбітсүйгіш, диалогқа ашық, көреген саясаткер ретінде мойындата білді.

Вашингтон қаласындағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Президентіміздің көтерген бастамаcы көңіліме ерекше қонды. Менің ойымша, ядролық қарудан бас тарту дегеніміз – ұрпағымыздың келешекте саламатты өмір сүруіне жол ашу. Өзім де мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жас анамын. Қызымның дүниеге келгеніне, міне, биыл бесінші жыл. Әлі күнге ешқандай қозғалыссыз жатқан күйі өсіп келеді. Дәрігерлер бұл туабіткен дертке полигон себепші дейді. Медицинаның да көмегіне жүгініп, халық еміне де қаратудамыз, әзірше, ауыз толтырып айтарлық нәтиже болмай тұр.

Сондықтан да Ұлт Көшбасшысының осынау әлемді ядролық қаруды сынау қаупі мен соғыс зұлматтарынан ада қылу мақсатындағы ізгі ұстанымы халқымыз үшін үлкен маңызға ие.

 

Зият Сағынова – М-C.Бабажанов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

–Мен қарапайым, қатардағы мектеп мұғалімі ретінде ядролық қарудан бас тарту өте дұрыс қабылданған шешім деп санаймын. Елбасымыз әлемдік саммит мінберінен «ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек!» деп барлық елдердің басшыларына үлкен ой салған еді. Мұны әлемдік саясаткерлер мен өзге де мемлекет басшыларының қолдайтынына сенімдімін, қолдап та жатыр. Сөйтіп, адамзаттың бейбіт өміріне қауіп-қатер төндірген теріс пиғылдар мен жанкештілердің кешірілмес әрекеттеріне де тосқауыл қойылмақ.

Жер бетіндегі мамыражай тыныштық, ұлтаралық келісім мен бейбітшілік – жас толқынның бақытты болашағының кепілі. Ал, осы орайда ұлт болашағы – шәкірт тәрбиесі саласында қызмет атқарып жүрген ұстаздар қауымы үшін де бірлік пен берекеден, ынтымақ пен татулықтан асқан байлық жоқ. Әр пенденің тілейтіні тыныштық, ұрпағының амандығы ғой.