21.04.2016, 11:20
Қараулар: 17
«Көк Тудың желбірегені…»

«Көк Тудың желбірегені…»

д-147-1Елін сүйген, жерін сүйген жанның Отанына деген сезімін білдіретін бұл әнді білмейтін жерлестеріміз болмауы тиіс. Әнді  қосыла шырқағанымызбен мемлекеттік рәміздерді орнымен пайдаланып, құрметтеп жүрміз бе?!

 

Жақында ауданымызға іссапармен келген облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыру бөлімі басшысы Аргенова Гүлдана Мәлікқызы мен метрология департаментінің бас маманы Елеусізов Медетбек Қайырғалиұлы білім, мәдениет ошақтарымен қатар біраз мемлекеттік мекемелерде болып, рәміздердің  қолданылу  талаптарының орындалуын тексеріпті. Тексеру қорытындысы аудан әкімінің орынбасары Л.Т.Қайырғалиеваның басшылығымен өткен аудан әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі  комиссияда аудандағы  мекеме,  мектеп, колледж басшыларының қатысымен талқыланды.

«Сырт көз – сыншы» дегендей, қонақтар өзіміз байқамай, байқасақ та мән бермей жүрген жайттарды аңғарыпты. Тіпті, комиссия келе жатқанын естіп, асығыс іліне салынған Тудың үтіктелмегеніне шейін біліпті. Сондай-ақ, бізде кәдеге жарамай қалған рәміздер заңға сай жойылғанымен, оған акт барлық жерде бірдей тұрғызыла бермейді екен. «Былтыр бір ауданға барғанымызда мекеме басшысы сыртта ілулі тұрған Туды үш жылдан бері қолданып отырғандарын дәлелдемек болды. Ол мүмкін емес қой. Сырттағы байрақ айлап болмаса, жылға шыдамайды. Яғни, жойылғандарына құжат жасалмаған»,-деген Гүлдана Мәлікқызы рәміздерді пайдаланудың ережелерін қайыра еске салып, бұл салада Заңға енгізілген өзгерістерді, басқа да жайларды түсіндіріп, мекеме маңдайшаларының жазылу тәртібін баяндады. Медетбек Қайырғалиұлы рәміздердің стандартқа сай немесе сай еместігін анықтаудың қарапайым тәсілдерін көрсетіп, тапсырыс бергенде әр рәміздің сипаттамасын толық ескеру керектігін айтты.

Басқосуды қорытындылаған Лариса Тельманқызы рәміздердің тәрбиелік мәніне тоқталып, көрсетілген сын-ескертпелерді шұғыл түзетіп, оның болашақта қайталанбауын тапсырды.

К.ҒАЙСИН.