21.04.2016, 10:34
Қараулар: 271
Алаяқтық азаймай отыр

Алаяқтық азаймай отыр

«Мәңгілік Ел» идеясын ұстанып, сол жолда еңбектеніп жатқанымызға қарамастан, арамызда оңай олжа табу мақсатымен қарапайым жандардың сеніміне кіріп, олардың қаражаттарын иемденіп жататын алаяқтар әлі де ұшырасуда. Азаматтарымыз өздерінің құқықтарына байланысты ақпараттарды тиісті орындардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан, интернет жүйесінен алуға мүмкіндігі бола тұра, алаяқтардың тұзағына ілініп, зәбір көріп отырғандығы қынжылтады. Талдау кезінде, алаяқтық жолмен жасалған қылмыстың тәсілдері төмендегіше көрінуде:

– Мемлекет қаржысын алаяқтық жолмен иемдену;

– «Үй, жер телімі құжаттарын рәсімдеп беремін», «балаңды жоғарғы оқу орнына түсіремін», «банктен несие алуға жәрдемдесемін», «мүгедектігіңді рәсімдеп беремін» деп алдап ақша алу.

Сонымен қатар телефон алаяқтары түрлі себеп-сылтаулармен ақша талап етуде. Мәселен, «Ұтыс ұтып алдыңыз, мына нөмірге бірлік салыңыз» немесе «қылмыс жасаған балаңызды полиция қызметкерлері ұстап отыр, менің танысым бар (не мен полиция қызметкерімін) оны босатуға көмектесемін, ол үшін ақша қажет» деп көбінесе үлкен адамдардың сенімімен ойнап, бопсалайды.

Негізінде қандайда да бір құқықтық көмек қажет болып немесе меншіктік құқықтарыңызға байланысты іс-әрекеттер жасағанда ақпарат жүйелерін пайдалана отырып тікелей шаруаңызға қатысты мекемелердің құзырлы қызметкерлерінен кеңес алған жөн. Ол құқықтарыңыздың сақталуымен қатар алаяқтардың жолын кесуге септігін тигізетіндігін естеріңізге салғымыз келеді. Ал, енді алаяқтардың арбауына түсіп қалған болсаңыз 102 жедел нөміріне немесе 8711-40-21-5-68, 8711-40-21-5-61, 8711-40-21-5-60, 8711-40-21-2-74 байланыс телефондарына хабарласыңыз.

Б.МОЛДАҒАЛИЕВ,

АІІБ криминалдық полиция тобының

 аға жедел уәкілі, полиция капитаны.