21.04.2016, 10:20
Қараулар: 3
Жас толқын – жаңа күш

Жас толқын – жаңа күш

р-379Жастар – мемлекеттің негізгі тірегі, сонымен қатар болашақта ел басқаратын ұрпақ өкілдері. Біріккен Ұлттар Ұйымының Мыңжылдық даму бағдарламасында да жастардың қалыпты өмір сүруі, денсаулығы, тиімді еңбек етуі секілді жайлар негізі мәселе ретінде қозғалған. Осыдан-ақ, жастардың алар орнын байқауға болады. Ауданымызда да қоғамымыздың бұл тобына ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, өткен жылдың аяғында ашылған жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық психологиялық көмек, еңбекке орналасуға жәрдемдесу,  жаңашыл идеялар мен жобаларды іске асыруға бағыттау, өзекті тақырыптарға семинарлар, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастыру, теріс діни ағымдарға ұйып, ислам дінінің кәусәр бұлағынан сусындай алмай жүргендерге жәрдемдесу сынды жайларды өздеріне мақсат етіп, сол бағытта жұмыстанып жатырғанын аңғардық.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиеваның төрағалығымен өткен аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында аталмыш орталық басшысы Исатай Құрмашев бұл жөнінде егжей-тегжейлі баяндады. Сонымен қатар ол қазіргі таңда жастар санатында, яғни, 14 пен 29 жас аралығындағы 4587 жас барын, оның 132-сі жұмыссыз болса, 691-і оқушы, 66-сы мүгедек, 51-і жеке кәсіпкер, 67-сі студент екендігін, ал, 58 бозбала әскерде жүргендігін, 4 жас наркологиялық есепте тұратындығын мәлімдеді. Оның баяндамасынан орталықтың алдағы жоспарынан да хабардар болдық. Жалпы бұл отырыста аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев аталмыш кеңестің, «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестік төрағасы Жалғас Әшенов бірлестіктің жылдық жоспарымен таныстырса, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мейрамбек Ғиылманов ауданымызда оздырылып жатқан мәдени-спорттық, қоғамдық-саяси шараларға жастардың қатысуы хақында әңгімеледі.

Жиын соңында еліміздегі биылғы мерейлі мереке, яғни, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында атқарылар істердің ауқымдылығына баса назар аударған Лариса Тельманқызы осынау шараларға округтегі жұмыссыз жүрген жастарды да көбірек тарту қажеттілігіне тоқталды.

Ұсыныстар қаперге алынып, тиісті қаулы қабылданды.

Раушан БАҚЫТОВА.