21.04.2016, 10:18
Қараулар: 8
Нан қымбаттады. Неге?

Нан қымбаттады. Неге?

4a3b5a279a3aa020398aebb056d2fc02Нанды қазақтай қадірлейтін халық жоқ шығар. «Құранға шығып нанды алуға болғанымен, нанға шығып құранды алуға болмайды» дейтін де біздің қазекең. Өзге тағамды жей берсең, шығып кетесің, ал, наннан ешқашан… Сондықтан да нан ауқаттың басты арқауы, тағамның төресі. Оны пайдаланбайтын ел, пенде бұл жаһанда кемде-кем һәм жоқ та шығар.

«Сайқында нан қымбаттап жатыр. Неліктен?» деп редакцияға оқырмандарымыздың бірі телефон шалса, бірқатары аяқтай келді. Қайсыбіреулері «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалына да барыпты. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков ақпараттың ақ-қарасын анықтау мақсатында рейд ұйымдастыруды жөн көріп, құрамында аудандық мәслихат депутаты, аудандық пошта байланысы торабы басшысы Гүлнар Мұқанова, аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысы Ерлан Нүркенов және осы жолдардың авторы бар топ нан дүкендерін аралауға шықтық.

Алдымен Гүлнар Әлмұратованың наубайханасына соқтық. Ол жоғары сұрыпты ұнды «Ильнура» дүкенінен 5400 теңгеден алып, тұтынушыларға 110 теңгеден ақ нан сататынын, ауылдағы дүкендердің клиент тарту үшін де өзінен нан алатынын баяндап берді. «Мирас», «Ильнура» дүкендері нанның бағасын өзгертпей ұстап отырғандарына көзіміз жетті. Бұл жоғары сұрыпты ұннан пісірілген нанның бағасы.

Бірінші сұрыпты ұнның наны «Дарья» (иесі Ася Темірешева) мен «Нұр» (иесі Бибігүл Жұмағұлова) дүкендері жанындағы наубайханаларда пісіріліп, алғашқысында 80, соңғысында 70 теңгеден сатылып келген екен. «Дарья» бағаны өзгертпегенімен, «Нұр» ғарышкерлер күні бірден 20 теңгеге өсіріпті. Қалтасы көтеретіндер үндемегенмен, көп балалы, аз қамтылған, жұмыссыз отырған отбасы мүшелерін дүрліктірген осы жай көрінеді.

– Ел тұрмысы жақсарды дегенмен, айлығы шайлығына бірде жетсе, бірде жетпей отырғандар әлі бар. Киім-кешекті айтпағанның өзінде, азық-түлік тауарларының құны біртіндеп жоғары өрмелеп барады. Нан қымбаттаса, олар қайтіп күн көрмек?-десті бізге жүздескен зейнеткерлер Егінғали Мақсотов, Нәсіпханым Шәкенова, Темір Мырзағалиев және басқалары.

– Нан пісіріп, сату ісін сонау бір қиын кезде қолға алғанмын. Ол шақта кейбіреулер Ресейдің көршілес станциясынан пойызбен нан арқалап әкеліп сатып жүрді, — деп бастады әңгімесін кәсіпкер Бибігүл Мұқасқызы. – Өтпелі кезең артта қалып, нарықтық экономикаға енген шақта сол тұстағы аудан басшысы Рахман Карин: «Бибігүл, әлеуметтің әлеуеті әлі толық жақсарып кете қойған жоқ, оны өзің де білесің. Әрі басқа да кіріс көздерің бар ғой. Ал, нанның құнына негізгі шығыныңды ғана қосып, ас атасын халыққа арзан бағамен сатсаң қайтер еді» деген сөзін құп алып, келісімімді бергенмін. Обалы не керек, ол да қолынан келгенінше жәрдемдесті. Осылайша, қолдау қоры арқылы бірінші сұрыпты астық алып, тұрғындарды толық қамтып отырдық. Одан кейін ауданымызға басшы болған Нұрлан Сабыров та наубайханаға арнайы келіп, нан бағасына өз ризашылығын білдіріп, алда да мүмкіндігінше осы бағаны ұстап тұру үшін бірге жұмыстануға шақырды. Өз тарапынан да қолдау-көмек болатынын жасырмады. Қазіргі күні анадағы қолдау қорының астығы тиылды. Ұнның қақы ерікке жіберілді. Түйткілді мәселелер де көбейіп кетті. Бірақ, күні кешеге дейін 750 грамм нанды 70 теңгеден сатып келдім. Жақында жұмыс бабымен аудан әкімі аппаратының бір жауапты қызметкеріне телефон шалғанмын. Ол істің мән-жайына қанықпастан, менің атқарып отырған қызметімді түкке тұрғысыз жасады. Жоғарыдағыларды кәсіпкердің, халықтың тұрмысы толғандырмайды екен, онда менің де шығынмен жұмыс істеп не жыным бар. Есеп-қисабымды шығарып, сол күннен бастап шығынсыз жұмыс істеу жолын іздедім. Сөйтіп, нан бағасы бір-ақ күнде 90 теңгеге көтеріліп шыға келді.

– Сен айтқан адамның да үстінен қарайтын басшы бар емес пе?! Әлі де болса, билікпен бірге қарапайым жандардың қамын ойлап, бағаны төмендеткенің дұрыс. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген бар ғой, — деді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары кәсіпкерге.

– Егер билік өкілдері өзге жұрттың сөзін жүре тыңдайтын болса, еліміз өркениетті мемлекеттер қатарына қалай қосылады?-деп ол да өз уәжін айтты.

Біздің қай дауға да төрелік жүргізу құзырымызға кірмейді. Міндетіміз – көрген-баққанымызды сол күйінде оқырманға жеткізу. «Таяқ лақтырсаң, сорлыға тиеді» демекші, нан бағасының өсуі сол баяғы орта тұрмысты жандарға қиын. Шырылдап шапқылап жүрген де солар мен олардың жанашырлары ғана. Әрине, кәсіп пен билік өкілдері кейде тойып секіретін шығар, ал, аз қамтылғандарға күн сайын бір қалаш нан табудың өзі мұң. 20 теңге түгілі 2 теңгең жетпесе, ас атасын ала алмайсың ғой. Осыны терең ойлансақ нетті?!

Каримолла ҒАЙСИН.

 

Редакциядан: Бұл материал хатталып жатқан сәтте кәсіпкер Б.Жұмағұловаға телефон шалып, нан бағасын түсіруді сұраушылар қатары аз еместігін алға тартып, болашақта не ойы барын білген едік. Ол да қарапайым халықтың қиналып, өзіне де хабарласып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, кәсіпкер келіншек бұдан әрі  жоғары сұрыпты ұннан нан пісіріп, табысын еселемек ойы барын, мүмкіндігінше көптің тілегін де аяқасты қалдырмайтындығын айтты.