25.02.2016, 10:05
Қараулар: 36
Елордадан алған әсер

Елордадан алған әсер

220-1Адамның тілегені, аңсаған арманы шынымен-ақ орындалады екен, тек оған сенімділік қажет сияқты. Мен де алға қойған мақсатымның біртіндеп жүзеге асып келе жатқанын байқадым. Арман болған Астанаға барып-қайттым. Тұңғыш Президент кітапханасында өткен екі күндік семинар-тренингке қатыстым. Аяқастынан болған сапар маған біраз толқу мен қуаныш сезімдерін сыйлады. Бөкей ордасы ауданының атынан республикалық шараға жолдануым ең басты ұстаздарым мен ата-анамның арқасы деп білемін. Жалпы, Елорда маған шабыт беріп, елге деген сүйіспеншілікті терең сезіндірді.

Жастар – қоғамның тұтас бір бөлшегі, тірегі, негізі. Болашақты жасайтын да, тарихты таразылайтын да дамыған заманның иелері. Қазақстандық арманға бастайтын жол – Ұлт жоспарын ұсынған Елбасымыз жастарға зор сенім артып отыр. Олардың қалаған мамандықтарына қол жеткізіп, шеберліктерін шыңдауына, еселі еңбек етулеріне толық жағдай да жасалған. Мен барған семинар-тренингтің негізгі мақсаты осындай игі бастамаларға жас толқынның үн қосуы мен жаңа идеялармен бөлісуіне арналған екен. Оған облысымыздан 21 оқушы қатысып, Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясаты туралы пікірлерімізді білдірдік, ұсыныстарымызды жеткіздік. Жас ұрпақтың ел келешегі екені күнде айтылып жатса да, шыны керек, оны жаттанды сөздей қабылдайтынмын. Ал, осы басқосуда ол сөздің шынайылығын ұғындым. Онда орталық директоры мен сыйлы қонақтар қолынан сертификат алып, мерейіміз өсіп қалды.

Елбасы кітапханасымен қатар, Ұлттық мұражай, Тұңғыш Президент мұражайы, опера және балет театрын көру бұйырды. Өз тобымызбен келбеті келіскен шаһарды аралап, естелік суреттерге де түстік.

Оралғаннан соң мектептегі жиындар мен ашық сабақтарда сапардан алған әсерлерімді баяндап, пікір алыстым. Ұстаздар тарапынан жылы лебіздер естідім. Бұл мен үшін үлкен қуаныш! Сондықтан да өзімді жан-жақты жетілдіруге ұмтыламын. Құрбыларыма егемен елімізді одан әрі дамытып, көркейтуші жастар қатарынан табылайық дегім келеді.

Динара НАСЫРОВА,

Бисен Жәнекешев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар