9.02.2016, 10:48
Қараулар: 288
Бастама баянды болса игі

Бастама баянды болса игі

Ауданда сүт өңдеу цехын ашуды мақсат еткен белгілі кәсіпкер Бибігүл Жұмағұлова өткен жылы Сайқын ауылының арқа бетінен жер алып, Ресейден қажетті құрал-жабдықтар әкеліп, іске кіріскен-ді. Ол бұл жаңа сүт өңдеу цехына «Хан» деген атау беруді ұйғарыпты. «Біткен істің басына, жақсы келер қасына» деген, міне, сол істің ашылу рәсіміне облыс әкімі Н.А.Ноғаевтың қатысуы шараның шырайын арттырды.

Тұрғындардың қуанышымен бөліскен Нұрлан Асқарұлы Елбасының кемел саясаты арқасында еліміздің қалалары мен елді мекендерінде әр түрлі өндіріс ошақтары ашылып жатқанын тілге тиек ете келіп: «Біз бүгін осындай игі істің айғағы болып отырмыз, алдағы уақытта цех тұрғындарға қызмет етеді деп сенемін. Бастамаларың құтты болсын, бөкейордалықтар! Ал, цех иесінің қадамына сәттілік тілеймін», – деп ізгі ниетін білдірді.

Өз кезегінде Бибігүл Жұмағұлова жиналғандарға ризашылығын білдіріп, осы цехтың өнімін ел болып тұтынайық деген тілегін жеткізді. Есікке керілген лентаны қию құрметі облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар мен Социалистік Еңбек Ері Ескендір Есімовке ұсынылды. Қазақы дәстүрмен шашу шашылғаннан соң жиналғандар ішке еніп, сүт өңдеу цехының жұмыс жайымен танысты. Осылайша, бұл күні тағы бір жаңа нысан есігін ашты.

Біз Бибігүл Мұқасқызын сөзге тарқанымызда, ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жылға 14 пайызбен 6 жыл мерзімге 9 млн. теңге (оның 7 пайызын «Даму» қоры төлейді) несие алғанын айтты. Ресейден алынған осынау цех құрылғысының құны 17,5 млн. болса, ғимарат құрылысы барлық инфраструктурасымен 2,5 млн. теңгені құрапты. Оның сыртында кәсіпкер Ресейдің көршілес Волгоград қаласынан трасформатор (1 млн. теңге) сатып алған. Сондай-ақ, кәсіпкер келіншек бұл іске 3 ауылдасын тұрақты жұмысқа қабылдамақ ойы барын да жеткізді.

Тек басталған іс баянды болсын деп тілейік.

А.ХАМЗИН.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар