9.02.2016, 10:32
Қараулар: 616
Жәңгір хан баптаған тұлпарлар…

Жәңгір хан баптаған тұлпарлар…

(Соңы. Басы өткен санда).

Қазақтардың арасында ұзақ жыл жылқы баққан жылқышылардың ішінде де көзі қарақты жандар көп болған. Салық Бабажанов: «Ішкі Бөкей Ордасындағы Есалы деген жалғыз көзді жылқышы екі мың бас табынды атпен бір-екі рет шауып аралап шығып, табынның түгел не түгел емесін жаңылмай айтып отырған», − дейді. Тағы бір жылқышының құлын кезінде жоғалған атын жеті жыл өткен соң біреудің мініп жүрген жерінен танып, би алдында дәлелдеп, қайтарып алғанын да мысал еткен. Ал, Ауқатым деген елге сыйлы жылқышы әркез ат жарысы кезінде қай аттың бірінші келетінін жаңылмай тауып отырса, одан кейін жылқы баптаушы, шеркеш руынан шыққан Айдабол деген кісінің ғажайып көрегендігімен аты қалған. Салық хан Жәңгірдің кезінде болған Абылғазы деген көрегенге де тоқталып өткен.

Жылқы малын терең зерттеген Салықтың өзі де жылқы өсіріп, баптаған. Жәңгірден кейін сирек тұқымды жылқылардың жойылып кетуінен қауіптеніп, алаңдаушылық білдірген Бабажанов Бөкей Ордасындағы Уақытша Кеңесте кеңесшілік қызмет атқарып жүріп, Орынбор және Самар генерал-губернаторларына Ішкі Ордада жылқы мен ірі қараны асылдандыру туралы пікірлерін жолдайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін кешен қорындағы 5 желтоқсанда (жылы белгісіз) жазылған құжатқа қысқаша тоқталып өтейік. Хатта соңғы кездері қазақ жылқыларының әлсіз, бойлары аласа, нашарланып бара жатырғанын, ал, оларды асылданыру үшін жылма-жыл Оралдан, Түркістаннан, Ресейден, т.б. жерлерден әкелініп жатырған айғырлардың еш пайдасы тимей отырғанын, қайта марқұм хан Жәңгірдің арнайы өзі алдыртқан дон, кавказ арғымақтарының көмегі көп болғанын жазған. Әрі қарай бұл мәселелердің шешілу жолын іздестіріп, өз ойларын келтірген.

Патша үкіметі болса, қажеттері үшін асыл тұқымды жылқылардың мол қорын жасақтап алуды Бөкей хандығы есебінен шешуге ұмтылған. Бірақ, ол жылқы зауытын ашуға қаншалықты тырысқанымен, жергілікті басшылықтан қолдау таппағасын аяқсыз қалған.

Алайда, империяның соғыс жорықтарында басты ауыртпалықты көтеруші қазақы жылқыларының сапасы төмендеп бара жатқаны қатты алаңдаушылық туғызып, ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары қазақ жерінде жылқы зауыттарын ашу мәселесі қайта қолға алынады.

Қазақ жылқысын өсіруді ғылыми негізде өрістету үшін 1884 жылдан бастап мемлекеттік жылқы зауыттары басқармасының бастығы граф Воронцев-Дашковтың бұйрығымен Торғай, Орал өңіріне, Бөкей Ордасына мамандар жіберіле бастады. Осы жайға қатысты кешен қорындағы 1886 жылы жазылған құжаттар: 1) Мемлекеттік жылқы зауыты бас басқармасының Ішкі Бөкей Ордасының Уақытша Кеңесінің төрағасына Бөкей Ордасында жылқы тұқымын жақсарту үшін пункт ашуға байланысты орын қарау үшін Лункевичті жіберетіні жөніндегі хабарлама, 2) Мемлекеттік жылқы зауыты бас басқармасының Уақытша Кеңес төрағасына 1887 жылы Бөкей Ордасында шағылыстыру пунктін салуға мүмкіндік жоқтығын, Хан ордасы маңынан қолдан ұрықтандыру үшін пункт ашып, 4 жылқы жіберетіндігін және оларды күтіп-баптау талаптарын жолдаған хаты, 3) Мемлекеттік жылқы зауыты бас басқармасының Уақытша Кеңес төрағасына сұлтан Шығаев және бір топ қазақтар үшін Жаңақазанда шағылыстыру пунктін ашу және талаптары жөніндегі хабарламасы.

1901 жылы 25 тамызда Ішкі Қазақ Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңес төрағасы И.Перфильевтің Астрахан губернаторына жолдаған қатынас қағазында жылқы өсіруге Бөкей Ордасы аумағындағы Қалмақ, Нарын, Тарғын, Талов, Қамыс-Самар қисымдарының кейбір жерлерінің қолайлы екенін, ал, І және II Теңіз жағалаулары аймағы жылқы  шаруашылығын құруға тиімсіз екені айтылады.

1905 жылғы қаңтарда жазылған хатта Ішкі Қазақ Ордасындағы Уақытша Кеңестің басшылығымен ірі қара мен жылқы шаруашылығын асылдандыру туралы 29-шы қарашада кеңес өткізілгені баяндалған. Оған кеңес мүшелерінен басқа, Тарғын, Қалмақ қисымдарының правительдері, ордалық Өтешқали Атаниязов, Жарас Әзірбаев, Нұрмұханбет Бөкейханов, Сәлім Бөкейханов, Мұрат Бажақов, Абдрахман Бажақов, Мұхаметәлі Зұлқаровтар қатысқан. Кеңесте Хан Ордасында асыл тұқымды мал өсіретін (жылқы, ірі қара) орын ашып, оның жанынан 15-16 жас аралығындағы қазақ балаларына арнап үш жылдық курс ашу жөнінде және оқу бағдарламасына орыс тілі, арифметика сынды негізгі пәндерден басқа, зоотехния, агрономия, мал дәрігері салаларын оқыту айтылған.

Кейін қазақ жерінде бірнеше жылқы зауыты ашылады. Ал, Бөкей даласында әдейілеп зауыт ашуды тиісті орындар ақылдаса келе қажет деп таппаған. Бұл қажеттілікті дала жағдайында зауытсыз-ақ сирек тұқымды жылқы өсіре бастаған шаруа қожалықтары есебінен шешпекші болған.

Патша үкіметі тақтан тайдырылып, жер-жерде жаңа үкіметтік органдар құрыла бастағанда Бөкей Ордасында І үлгілі атты әскер полкі жасақталғаны белгілі. Бұл құрамаға да, азамат соғысы кезінде де жылқылар Ордадан алынған болатын.

Көрнекті ғалым, жылқының білгір маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Юрий Николаевич Барминцев 1937 жылы жылқы шаруашылығы Бүкілодақтық ғылыми зерттеу институтының Батыс Қазақстандағы Орда тірек пунктіне жұмысқа келген. 1941 жылы Орда аудандық военкомы Барминцевті әскерге жылқы дайындауға бекітеді. Сол кезде ауданның 48 колхозы мен Торғай ауылдық кеңесіне қарасты № 67-ші жылқы зауытынан, Әжен ауылдық кеңесіндегі №88-ші түйе зауытына қарайтын жылқы фермасынан да майданға бірнеше жүздеген таңдаулы жылқылар жөнелтілген. Олар атты әскер бөлімшелеріне, жүк тасымалдауға, зеңбіректер сүйреуге пайдаланылды.

Құлағын біздей қадаған,

Кекілін қыздай тараған,

Басқан ізін санаған,

Сапты аяқтай ерінді,

Сарымсақтай азулы,

Қолтыраудай танаулы,

Қысыр жылан өзекті,

От орнындай тұяқты,

Аш жолбарыс сияқты, − деп Кіші жүздің тумасы Марабай жырау жырлағандай, Бөкей ордасынан тұяғынан от шашқан тума тұлпарлар да шыққан. Мәселен, 1948 жылы аламан бәйгеде облысымыздың атын әйгілеп, 100 шақырымдық қашықтықты 4 сағат 6 минутта шауып өткен «Тышан» қазақы жылқы тұқымды ат еді. Ол Бөкей Ордасына қарасты №88 түйе зауытының жылқы фермасында өсірілген. Өкінішті жағдай, өлкеміз полигон аймағына айналғанда жылқы зауыттары Фурманов ауданының Пятимар ауылындағы №51 жылқы зауытына көшірілді.

Ал, енді осынау текті жануардың біздің ауданымыздағы қазіргі ахуалы өз алдына бөлек тақырып.

Мира ҚҰТЫШЕВА,

 Бөкей Ордасы тарихи-музей

кешенінің экскурсия жүргізушісі.