9.02.2016, 10:26
Қараулар: 314
«Арман керек адамға…»

«Арман керек адамға…»

М-С.Бабажанов атындағы орта мектепте жоғары сынып оқушыларына арналған «Арман керек адамға…» атты пікірлесу кеші өтті.

Болашақ мектеп бітірушілердің мамандықты тап басып таңдауларына жәрдемдесу, қоғамымызға қажетті кәсіп түрлері туралы білімдерін, түсініктерін кеңейту мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға түрлі мамандық иелері – аудандық білім беру бөлімінің заңгері Айдос Жексенбаев, төтенше жағдай бөлімінің қызметкері Роллан Нұржанов, пошта байланысы торабының кызметкері  Шолпан Хайрошева, аурухана фельдшері Жаннұр Ташуова, ішкі істер бөлімінің қызметкері Еркебұлан Ерғалиев, №17 өрт сөндіру бөлімінің кызметкері Жасұлан Хамзин, кәсіпкер әрі шаштараз Жанар Темірешева, Бөкей ордасы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Нұргүл Омарова және мектебіміздің кітапханашысы Балжібек Үсеновалар шақырылды.

Кешті ұйымдастырушы, 11 «а» сынып жетекшісі Мейрамгүл Момынова ашып, қонақтарды слайд арқылы таныстырды. Олар өз қалауларымен таңдаған қызметтің қашанда жүрекке жақын болатынын айтып, күнделікті қарекеттерін, жұмыс барысындағы қызықты сәттерді әңгімеледі. Оқушылардың сұрақтарына жауап қайтарды.

Кеште күй тартылып, ән де айтылды. Оқушылардың бұл шарадан алған әсерлері  де мол болды. Жас өскіндердің өмірден өз жолдарын табуларына септігін тигізері анық. Шараны мектеп директоры А.Қадымова қорытындылап, қонақтарға «Алғыс хат» табыстады.

 Ерболат АХМЕТОВ,

 ата-аналар комитетінің төрағасы.

Сайқын ауылы.