2.02.2016, 15:24
Қараулар: 98
Өріс толы төрт түлік өнімі қашан бізді жарылқар екен?!

Өріс толы төрт түлік өнімі қашан бізді жарылқар екен?!

д-20-1-Обалы не, аудандық ауыл шаруашылық бөлімі басшысы Сүйінбек Хайроллин редакциямызбен жиі байланыс жасап, науқандық жұмыстар барысынан хабардар етіп отырады. Таяуда ғана шаруа қожалықтарын аралап, мал қыстаудың жайын біліп қайтқан ол бізге тағы соқты.

− Соңғы уақытта кей жерлерге мұздақ жауып, бүлдіріп кеткені болмаса, қазіргі ауа райы қолайлы болып тұр ғой, − дейді ол. – Даладағылардың жағдайы жақсы. Науқан қалыпты жүріп жатыр. Мал азығы жеткілікті, малшылардың көңілі көтеріңкі.

– «Агробизнес – 2020» бағдарламасына қосылғандар бар ма?

– Шаруа қожалықтарының дені сол бағдарламада. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңының 6-бабы 1-тармағы 41-тармақшасына сәйкес ауыл шаруашылық министрі 2014 жылдың 19 қарашасында «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуы, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрық шығарды. Бағдарламалардың атауы әр қилы болғанымен, түпкі төркіні осы Заң мен бұйрықтан басталады.

– Мысалға…

– Мысалға, бисендік танымал кәсіпкер Арон Кәукешевті алайық. Ол саудамен қатар мал да өсіріп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша да қомақты қаржыға қол жеткізіп жүрген ол Бисен ауылының іргесінен мал бордақылау кешенін тұрғызды. Қазір бұл кешенде 10 адам жұмыс істеп, 250 ірі қара мен 650 қойды семіртіп жатыр.

Иә, есімі аудан аймағынан тыс жерлерге де мәлім Арон Сатыбалдыұлын оқырмандарымыз жақсы білетін шығар. Басылымымыз бетінде ол туралы жазылып та жүр. Ол иесіз қалған көкқамыс (бұрынғы «Мұратсай» совхозының бөлімшесі) елді мекеніне қыстақ салып, алғашқы болып мал апарғандардың бірі. Енді округ орталығынан мал бордақылау кешенін салып, тағы да он адамды жұмысқа қабылдауы азаматтық. Қырдағы мал орындары мен кешенді шөппен қатар жеммен де қамтып отыр. Бордақылаудағы малға су да құбыр арқылы келіп тұрған көрінеді.

Сүйінбек Жексенбайұлының әңгімесі жастық шағымды, мал шаруашылығынан басталған еңбек жолымды еске түсірді. Әскерден оралып, «Орда» совхозының №2 бөлімшесінде мал шаруашылығының есепшісі болып істеп жүрмін. Ерсайын Шыңғалиев пен Дүйсен Сағыналиевтердің бағымында екі табын тайөгіз бордақылауда тұр. Жемді бұрын астауларға салып беретін болса, енді «самокормушка» деген шықты. Ол шанаға орнатылған шағын үйшіктер. Екі жанында астаулары бар. Үйшіктерді жеммен толтырады. Астаулардағы жем ортайғанда, үйшіктен жем саулап, қайта толады. Толғанда саңылаулар бітеліп, жемнің ағуы сап тыйылады. Малшының міндеті үлесін жеген топты айдап шығып, жаңа топты кіргізу. Бастапқыда әлімжеттікпен өзгенің де үлесін қарпып алған тайөгіздер бір-екі рет малшының қууына ұшырағаннан кейін, артық жемейтін болады (жемді шамадан тыс асап қойған малды қуып, ішін босаттырмаса, өлуі мүмкін. Ондайды «жемге жарылды» дейді).

Сүйінбек Аронның бордақылау кешенінен түсірген суреттерді де көрсетті. «Мынау ескі бордақылау цехының көрінісі», – деген ол мұны енді мал сою цехына айналдырып, ауыл тұрғындарын етпен, фаршпен қамтамасыз етпек ойы бар екенін жеткізді. Өте дұрыс. Мыңғыртып мал өсіріп отырғандардың сүтті дүкендерден сатып алатынын, қайырымдылық акцияларында болмаса, басқа уақытта жерлестеріне қарайласып жатпағанын оқырмандарымыз да талай құлаққағыс жасап, сходтарда: «Оларға мемлекеттік жеңілдіктер берілуде, олар мемлекетке не беріп жатыр?» – деген сұрақтар да қойған. Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлер табына, барлық ауқатты қазақстандықтарға, барлық бизнесмендер мен іскер адамдарға сөз арнап, капиталдарды заңдастыруға, жекешелендіру тендерлеріне белсене қатысуға шақырды. Кезінде сол қалталылардың біразының ақша табуға және іскерлік журналдардың бірінші беттерінен көрінуге мүмкіндік бергендері де шындық. Мемлекетке қайтарымды жаһандық дағдарыс кезінде жасап, халыққа жәрдемдеспегенде ол байлардан не үміт, не қайыр?!

Күні кеше редакциямызға жасы тоқсанға таялған сайқындық Нығметолла аға Ахметов телефон шалды.

− Мойындағың келмегенімен, үлкейген соң шідерлі аттай болатының ақиқат екен, – деп күлді Нықаң. – Биылғы сходқа бара аламын ба, бара алмаймын ба, құдай біледі. Сондықтан сіздер арқылы жоғары жаққа жеткізер аздаған өтінішім бар. Кеңес дәуірінен қалған арманым − Қопаны суландыру жөнінде айта-айта шаршадым. Енді күнделікті күйбең тірлікке көштік. Сайқындық ақсақалдар былтырдан бері ең болмаса жаз айларында аудан орталығында қымыз, шұбат саттыруды ұйымдастыруды сұраған-ды. Шаруа қожалығы иелері түрлі сылтауларымен бұл тілегімізді орындамады. Кейбір басылымдардан оқығанымыздай, нарықтың өтпелі кезеңінде шет елге коныс аударған қазақстандықтар (өзге ұлт өкілдері) өздері ойлап шығарғандай қазақтың ұлттық сусынына патент алып, табыс тауып отырған көрінеді. Япыр-ау, біздің жігіттердің намысы қайда? Дүкен сөрелерінде қымыз, шұбат, т.б. ұлттық сусынымыз толып тұрса, жеткіншектеріміз де «йогурт» сынды құрттарға, жастарымыз «қылмойынға» әуестігінен арылар ма еді?! Осы мәселеге тағы бір қозғау салсаңыздар.

Өткен ғасырда, тоқырау жылдары деген атауға ие болған тұста бір басшының «газетшілер жаза береді ғой» деген бір ауыр сөзі біразға дейін жұмысымызға салқынын тигізгені бар-ды. Газет – миллиондардың мінбесі (трибунасы), бұқараның үні. Билік иелері де, қалталы азаматтар да көпшіліктің тілегімен санасып, бірлесе қимылдаса, алынбас қамал жоқ. Өзгелер тірлігі мен ірілігін танытып жатқанда, біз неге енжар боламыз, жерлестер. Мемлекет бар жағдайды туғызып, түрлі бағдарламаларды ұсынып отыр. Мал басының өскеніне құр мәз болмайық. Оны ауылдастар қажетін өтеуге пайдаланып, ортақ игілігін көрейік. «Агробизнес – 2020» бағдарламасының мақсаты − тұрғындарды мал өнімдерімен үздіксіз қамту емес пе? «Пайданы алдымен өзіңе ет, қалаберді жаныңдағы досыңа ет» деген бабалар нақылын ескеріп, алдымен, өз қандастарымыздың қамын ойлайық…

К.ҒАЙСИН.