2.02.2016, 15:19
Қараулар: 120
Көркі кеткен көлім-ай!..

Көркі кеткен көлім-ай!..

г-136-1-Ауыл – алтын бесік. Балалық балдәурені өткен туған жер кім-кімге де ыстық тартып тұрары кәдік. Ел қатарлы өріске малын жайып, қарақан бастың қамымен әупірімдеп тірлік тінін тарқатып келе жатқан сол ауылға тағы да жол түсті.

Шаруасы анабір күр жандар қатары көп болмағанымен, ынтымағы жарасқан ауыл халқы ақ пейілінен ажырамаған. Бұрын Мұратсай бөгетінде су тасқындап, кішкене көлшіктің асау толқындары жағаны ұрып жататын. Қаз-үйрек, кейде махаббаттың символы саналатын аққу да сұлулығымен тамсантып, көл үстінде қалқып жүретін. Ымырт үйіріле су жағасынан шығатын сан түрлі құстар үні жан сарайыңды ғаламат әсерге бөлейтін. Құдды орман алқабында тұрғандай күй кешетінсің. Ауылда сол бір мамыражай шақта суармалы егістікпен қатар, қытайлар қант қызылшасын өсіріп, кәрістер бау-бақша да салды. Ауыл адамдары да қолұшын беріп, өнім жинауға құлшына атсалысты. Халық нарықтың ала дорбасын арқалап кетпестен бұрын Хамидолла ағай  көлдің балығын аулап, сатқан алғашқы тұрғын еді. Заман тыныш, әр шаңырақ күрпіп отырған сол кезде оны «Балық сатады» деп күндеушілер де табылған. Бірақ, оған қыңған Хамидолла ағай болмады (жоқтан бар жасай білетіндігі ме, әлде еңбекқорлығы ма, оны бағамдай алатын жаста емес едік біз).

Осылайша, ол өз тірлігін өзі үйлестіріп жүріп жатты. Қайдан алып келгенін қайдам, ағайда бір күндері екі есек пайда болды. Құлақтары қалқиған, кәдімгі есек. Бұл хайуанды кино, мульфильмдерден ғана көрген біздің халық таң-тамаша қалды. Оны оңтүстік жаққа атбасын бұрған сапарында алып келген сияқты. Қазақтың Наурыз мейрамында үстіне отын тиеп көрініске шығарғанымен, ыстық жаққа үйренген салпанқұлақтарды қалай жұмысқа жегу жағын дұрыс біле алмады ма екен, әйтеуір, байғұс есектер ауыл адамдарының ермегіне айналып жүріп, ақыры жоқ болып кетті. Өліп қалды ма, біреуге беріп жіберді ме білмедім?! Осы есектерге қатысты мына бір қызықты әңгіме ел есінде қалған. Бірде ауыл жастары сәл қызып алып, бірінен соң бірі көнбіс мақлұқтың үстіне секіріп мінсе керек. Бірінші біреуі, одан екіншісі, үшіншісі… Енді төртіншісі де алдыңғыларынан қалмай, ол да секірем дегенде көтеріліп тұрған құйрықтың үстіне қонжиып, заматта қара жерге жалп ете қалады. Бір ғажабы, сол кездегі өңкей жастар өз істерінің күлкілі екендерін де сезінбей, құдды солай болуы тиіс сияқты үсті-бастарын қағып жүре берген. Ал, олардың есуас қылықтарын көрген ауыл адамдары қыран-топан күлкіге қарық болыпты.

Шіркін, сол Хамидолла ағай Сүйінов тап бүгінгі заманда тірлік кешсе, кәсіпкерліктің қырын шығара алмай жүрген мұратсайлықтардың намысын оятып, көпті соңынан ерте білген болар еді. Марқұм, жаны жаннатта болсын, сол еңбекқор ағайда біраз жылдар бұрын дүниеден өтті.

Кішкене кезімізде оқушылар көзі бадырайған сыныптасымызды «Сауысқан, Мұратсайдың көлін тауысқан!» деп келемештейтін. Бала шақтың ең әдемі көрінісі біздің іргеміздегі көлмен байланысатын. Жағаны ұрып жататын толқындар үстіндегі көбіктерді қызық көріп отыратын едік. Сонсоң, сол толқындар жүріп бара жатқандай елеститін. Көлдің арғы бетінде үйір-үйір жылқылар жайылып жүретін. Жаз айларында ауыл балаларының ермегі суға шомылу-ды. Мұратсайлықтардың үлкен-кішісі суда керемет жүзетін. «Құйрық» деп аталатын тайыздау жерге түсіп, бір-біріне су шашып, мәз-мәйрам болысатын. Кей жерлестеріміз бау-бақша да салатын. Қыс айларында сырғанақ теуіп, кейде дене тәрбиесі сабағы мұз айдынында өтетін. Оқушылар да көңілді, мұғалім де керемет әсер алатын. Ал, осы мезгілде ресейліктер қаптап кететін. Әсіресе, іргедегі Эльтоннан. Олар әр жерден ойық қазып, суға ау салатын. Бүгінде заман өзгерді, көл де тартыла бастады. Қазіргі оның сиқын көрген адам еріксіз толқиды…

Анада мұратсайлықтардың байлығы саналатын осынау көлді әлдекімдер бес жылға жалға алғанын естідік. О, тоба! Көлді баптау қажет болса, ауылда бос жүрген азаматтар көп емес пе?! Қалалық газеттердің бірінде тендер ойналып, көлімізге біреулер ие болып шыға келіпті. Бұл хабарды естіген мұратсайлықтар біраз қарсылық білдіргенімен, қолдан келер қайран болмаған. Бұрын округ әкімі Сұңғат Қойшекенов биржа жанынан жұмыссыз жүргендерді жұмылдырып, көл айналасы тазартылатын болса, бүгінде ол өзгенің иелігінде. Сонда ауылдың көлін баптауға өз жерінің азаматтары лайықсыз болғаны ма? Тіпті, ала қойсын-ау, содан өзгерген нәрсе қайсы?  Қалай болғанда да мұратсайлықтарды қазіргі күні осы жай қатты алаңдатып отыр. Кеше ғана өткен әкімдердің есептік жиынында да ауыл тұрғындары біраз «тулапты». Ендігі жерде бұл түйінді мәселенің тіні тезірек тарқатылса екен.

Гүлнар ҚАДЫРОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.