28.01.2016, 15:15
Қараулар: 376
Тоғышарлық пен жалқаулық жастарға жараспас қасиет

Тоғышарлық пен жалқаулық жастарға жараспас қасиет

Республика халқына «Қазақстан және жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты кезекті Жолдауын ұсынған Елбасымыз ондағы міндеттерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беретінін, Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиістігіне тоқталып, оларды кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауға біріктіру керектігін атап көрсеткен-ді. «Нұр Отан» партиясының ауданымыздағы филиалы осы талаптар деңгейінен шығуға ұмтылуда. Түрлі сала қызметкерлерімен кездесіп, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырып, үгіт-насихат ісін өрістетуде. Соның бірі жақында жастармен оздырылған «Біздің қазақстандық арманымыз» тақырыбындағы Елбасы Жолдауы мен «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» еңбегіне арналған «дөңгелек үстел».

Бұл жорықтағы шараға «Нарын жастары» қоғамдық бірлестігі мүшелері, Бөкей Ордасы колледжі студенттері мен ұстаздары, М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп мұғалімдері шақырылыпты. Партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков кіріспе сөз сөйлеп, «Нарын жастары» ЖҚБ төрағасы Жалғас Әшенов, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Исатай Құрмашев, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Омарова, студенттер Ж.Қарағойшина, Н.Шәңгерей, М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлбаршын Қайырбекова өз ойларын ортаға салып, ресми түрде басталған бас қосу сәлден соң тартымды пікірталасқа айналды, жастардың еңбекке көзқарасынан бастап, тәлім-тәрбие ісіне дейін сөз болды.

Елбасымыздың Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру хақындағы толғамдарын тілге тиек еткен үлкендер жағы өздерінің мектеп оқушысы кезінен жазғы каникулда тіркемеші болып, мал азығын дайындауға араласқандарын, еңбектің дәмін алғаш солай татқандарын қозғап, сол кезеңдегі октябрят, пионер, комсомол ұйымдарының жастардың басын қосып, ізгі істерге жұмылдырудағы оң тәжірибелерін қайта жаңғартуға болмас па еді деген ой тастады. Ал, ұстаздар соңғы уақытта теледидардан, әсіресе, 112 хабарынан беріліп жатқан қыздардың ерте жүктілігін, қайсыбірі шақалақ сәбиді жол үстіне лақтырып тастай салатын қатыгездіктеріне алаңдаушылық білдіріп, келеңсіз жайттардың алдын алу қажеттігін әңгімеледі.

− «Айтуға оңай» телебағдарламасынан қалада бірі базарда арба сүйреп, бірі аяқ киім тазалап, отбасын асырап, ортаңқол тұрмыс кешіп отырған қос жігітті көрсетті, – деді Тілеген Керейұлы – Іздеген, тырбынған адам қай-қай кәсіпті де меңгереді екен. Мамандықтың жаманы жоқ. Ауылымызда шөп басын сындырмай, бос сенделіп жүргендер жоқ емес. Қыстақтардағы малшыларға көмекке бару былай тұрсын, орталықтағы тұрғындарға жалданып бір күн қой бағып келуге шықпайды. Сөйтіп, қол-аятары балғадай жандар (жігіт деуге аузым бармай тұр) отбастарына масыл болып отыр.

Сөзден сөз туындап, әңгіме тиегі ағытылды. Отбасындағы ұлттық тәрбиенің, ақыл айтар, еңбекке баулыр үлкендердің жоқтығы, бала санын шектеген ата-аналардың ұл-қызын бітінен қақпай өсіріп, бұл күнде бармақ тістеп, «қайсыбірі» дала қалып жатқандарын келтірді. Тоғышарлық, жалқаулық неге етек алуда? Оларды жауапкершілікке тартатын заң жоқ па? Әлде мұндай кемшілік бізде ғана ма?

Біз кімнің не айтқанын тәптіштеуді мақсат тұтпадық. Бәрі де нақты өмірден алынған жайттар. Оларды үлкен-кіші деп айыруға болмайды. Аяқтан тартар осы ұсақ-түйек кінәраттардан арылмай тұрып, үлкен армандарға қол созу абырой әпермейді. Ел араманы, қазақстандық арманымыз орындалу үшін аталған кемшіліктерді жойғанымыз абзал. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар осындай түйін жасады. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман.

К.ҒАЙСИН.