28.01.2016, 15:11
Қараулар: 460
Хан Жәңгірге кеңесші болған ғалым

Хан Жәңгірге кеңесші болған ғалым

Баспа бетіндегі деректерден белгілі XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, орыс географиялық қоғамының ғылыми экспедициялары мен жекелеген ғалым саяхатшылары бір ғасырдан астам уақыт бойы Батыс Қазақстан аймағын, соның ішінде, Бөкей Ордасын да жүйелі түрде жан-жақты зерттеген. Осылайша олар біздің өңір тарихында өздерінің қайталанбас іздерін қалдырды. Әйтсе де, солардың арасында бүкіл саналы өмірі Қазақстанмен (соның ішінде Бөкей Ордасымен) байланысты, кезінде белгілі саяхатшы, табиғат зерттеушісі болған Григорий Силыч Карелиннің орны өзгеше.

Орда музейінде қызмет еткен кезімде сондағы қордағы дерек көздерінен ол туралы біраз керекті мәлімет жинағанмын. Дәл уақыты есімде қалмапты, әйтеуір, өткен ғасырдың 70-ші жылдарының іші болуы керек. Бірде «Огонек» журналын оқып отырып, Владимир Енишерлов деген журналистің «Сыны отражены в отцах» атты көлемді мақаласына көзім түсті. Онда бірқатар орыс зиялыларының өмір жолы, олардың бір-бірімен туыстық қатынасы сөз болғаны есімде. Біз осы туындыдан Г.С.Карелиннің орыстың атақты ақыны Александр Блок және атақты химик Дмитрий Менделеевпен тума-туыс екенін білдік.

Орыстың ұлы ақыны Александр Блоктың нағашы атасы Г.С.Карелин 1801 жылы Петербург губерниясында кедейленген дворян семьясында дүниеге келген. 1817 жылы, он алты жасында Петербургтегі кадет корпусын бітіріп, біраз уақыт өз бетінше жұмыс істейді. 1821 жылы ол белгілі реакционер, патшаның оң қолы болған министр граф Аракчеевтің кеңсесіне қызметке тұрады. Кім білген, іскерлік қабілетімен көріне бастаған жас маман жұмыс бабында жоғарылап, отставкаға шыққанша тыныш өмір сүре берер ме еді, қайтер еді? Алайда, жұмыс кезінде көлденең кезіккен бір қырсық жағдай оның тағдырының күрт өзгеруіне себепші болады. Бір жағынан оған өзі де кінәлі. Ол бастығы Аракчеевтің ақ патшаға шын берілгендігін бейнелейтін ресми қағаздағы «Без лести предан» деген сөздерді «байқамай» калып, «Бес, лести предан» деп жазып жіберіпті. Сөздің мән-мағынасы мүлдем өзгеріп шыға келді. Нәтижесінде бастығы жағымпаз болып шықты. Орыс әдебиетінде тап осындай сөздерді А.С.Пушкин айтты деген сөз бар. Мейлі, ұлы ақын айтсын, Карелин жазсын, қалай болғанда да, әйтеуір, сол сөздердің Аракчеевтің адресіне айтылғандығы хақ. Сол қылығынан кейін Г.С.Карелин қызметінен қуылып, Орынборға жер аударылады. Мұнда ол табиғат зерттеуші ғалымдармен танысып, зоология, минерология, ботаника ғылымдарына ден қояды. Ғалымдар П.П.Свиньин және Ф.Бергпен Орынбор өлкесін аралап, қазақ даласымен танысады.

1827 жылы Г.С.Карелин Қазан университетінің профессоры Э.А.Эверсман экспедициясының құрамында Еділ, Жайық өзендерінің төменгі сағасын зерттеуге қатысады. Олар Жалпақтал, Жаңақала жерлеріндегі үлкен, кіші өзендер арқылы бүкіл Бөкей даласын басып өтіп, оның орталығы Хан Ордасына соғып, Нарын құмын бойлап үлкен сыртпен (үстіртпен) Еділ-Жайық аралығын түгел қамтып, кері оралады.

Сондай-ақ, Г.С.Карелин Жәңгір ханмен жақсы таныс болған. Ол туралы Ішкі қырғыз (Бөкей) Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің архивтік іс-қағаздарында, бөкейлікті зерттеген ғалымдардың жазбаларында айтылады. Екеуінің таныстығы 1828 жылдың көктемінде басталады. Жәңгір баласы Зұлқарнайды Орынбор кадет корпусына оқуға бергенде, осы Карелиннің үйіне жатқызады. Әрі Г.С.Карелин ғылыми жұмыспен жүйелі түрде шұғылдануын Ордадан бастады деуге толық негіз бар. Сол 1828 жылы ол Жәңгір ханның шақыруымен Хан Ордасына келіп тұрақтап, түпкілікті ғылыми жұмыспен шұғылданады. Осы жылы Бөкей Ордасының алғашқы картасын жасап, оған ғылыми сипаттама береді. Бұл еңбегі үшін Жәңгір оған бриллиант жүзік сыйлайды. Ол туралы Петербургтегі «Табиғаттану қоғамының хабарында» айтылған көрінеді. 1830 жылы Карелин бірыңғай ғылыми жұмыспен айналысу мақсатында әскери қызметінен біржола босап, Сыртқы істер министрлігінің қарамағына өтіп, ресми түрде Жәңгір ханның кеңесшісі болып қызметке тұрады. Мұнда оның ғылыми жұмыспен еш алаңсыз айналысуына толық мүмкіндік туады. Себебі өзі де ғылымның әр саласынан хабардар, жан-жақты білімді Жәңгір хан оның зерттеу жұмысына қолдау жасамаса, кедергі келтірмегені айдан анық. Оған дәлел Бөкей Ордасының картасын жасағаны үшін бриллиант жүзік сыйлауы. Оның үстіне екеуі түйдей құрдас болса, ірімшікке май қондырғандай болмай ма?!

Сол тұста Сабанщиков деген ғалымның жазуы бойынша Карелин ханға кеңесшілік қызметі үшін жылына 4000 сом жалақы алып, оның толық күтімінде болды дейді (жалақысы күтімнің сыртында).

Карелин Бөкей даласында физикалық-географиялық зерттеулер жүргізіп, өңірдің өсімдіктері, хайуанаттар әлемі туралы бағалы мәліметтер жинады, бай коллекция жасақтады. Карелин ғылыми жұмыстарымен Петербургке жүрерде жаңалыққа жаны құмар хан Жәңгір оның қолына қаржысын ұстатып, қап-қап кітап, мерзімді басылымдар алдыратыны дереккөздерде келтірілген. Сондай-ақ, ол коллекционер әрі әскери адам ретінде ханның қару-жарақ палатасын жасақтаудан да сырт қалмаған шығар деп болжам жасасақ ақиқаттан алшақ кетпеспіз.

Осыдан 13 жыл бұрын БҚО әскери комиссариатының комиссары, әскери-патриоттық тақырыпқа қалам тартып жүрген тарих ғылымының кандидаты Генадий Мұқатаев пен тарихшы, өнертанушы, баспагер Марина Ирхина екеуі бірігіп жазған «Султан Губайдулла Чингисхан» атты кітапта (Санкт-Петербург. 2003, «Ирхина» баспасы) 1832 жылы Хан ставкасында қызмет ететін Сыртқы Істер министрлігінің шенеунігі, лауазымды кеңесші Г.С.Карелин Жәңгір ханның сұрауы бойынша І Николай патшаның оны қабылдауына дәнекер болғаны сөз болады.

Орда селосындағы Карелинге қойылған ескерткіш тақтада Ордада 1828-1831 жылдар аралығында тұрғандығы жазылған. Ал, архив деректерінен белгілі болып отырғанындай, ол Ордада он жыл бойы тұрған. Ішкі қырғыз (Бөкей) Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің төрағасы Иван Семенович Иванов 1898 жылы «Астрахань листогі» газетінде Жәңгір хан туралы бір кітаптың көлеміндей еңбегінің Карелинге қатысты жерінде «ол Ордада 1831-1838 жылдары тұрды» дейді. Кейіпкеріміз 1828 жылы Жәңгірдің шақыруымен Ордаға келіп жұмыс істегенін, сол жылы Бөкей Ордасының картасын жасағанын, 1830 жылы әскери қызметінен босап, ханның кеңесшісі болып қызмет істегенін ескерсек, он жылымыз түгенделеді.

Карелинді саяхатшы ретінде атын алғаш танытқан 1832 жылы жасаған жеке экспедициясы еді. Осы жылы ол Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігін зерттеу экспедициясын басқарып, теңіздің бұрын зерттеліп жарымаған бөлігінің картасын жасады. Маңғыстау түбегіне бойлай еніп, үлкен сыртқа шығар жолды барлап, онда статистикалық, топографиялық, физикалық, географиялық зерттеулер жүргізеді. Саяхатшы сол сапарынан үлкен әсермен оралады.

1834 жылы Карелин Маңғыстауға тағы сапар шегеді. Бірақ, бұл жолы саяхатшы ретінде емес, құрылысшы ретінде. Оның басшылығымен түбектегі Кайдак шығанағының оңтүстік-шығыс жағасынан Жаңа Александровка әскери бекінісі (қазіргі Форт-Шевченко) салынған.

1836 жылы Карелин «Әулие Гавриил» шхунасымен бұрынғыдан әлдеқайда үлкен экспедицияны басқарып, Каспий теңізінің шығыс және оңтүстік-шығыс жағалауларын зерттеп, Иранның Астрабад шығанағына дейін жетеді. Экспедиция барысында ол түйемен түрікмен және үстірт далаларын зерттеу жұмысын ұйымдастырады, Амудария өзенінің Ақтам саласы жағалауын да зерттейді. Қарабұғазкөл жағасын картаға түсіріп, оған нақты ғылыми сипаттама жазады. Зерттеушінің бұл экспедициясы ғылыми ортада үлкен бағаға ие болады, оны Москва, Петербургтің белгілі ғалымдары да таниды. Сондықтан болса керек, Москва табиғат зерттеу қоғамының Карелинге Қытаймен шектес Алтайдан Аспан тауына дейінгі (Тянь-Шань – қытайша «Аспан тауы» деген мағынада қолданылады) Россияға жаңадан қосылған  үлкен аймақты зерттеуге ұсыныс жасауы тектен-тек емес еді. 1840 жылы ол қоғамның тапсырмасымен досы, жас ботаник, географ И.П.Кирилловпен жаңа сапарға аттанады. Бұл екі жылға созылған экспедицияда Г.С.Карелин Алтай тауының шығыс бетін, Тарбағатай, Зайсан көлдерін бойлай отырып, Жоңғар Алатауына дейін барады. Экспедиция нәтижесінде ол жануарлар мен өсімдіктер әлемінің аса мол коллекциясын жинап, олардың жаңа түрлерін табады. Сапар барысында буырқанған өзендер мен биік асулардан, шыңырау тау шатқалдарынан өтуге тура келеді. 40-шы жылдардың орта тұсында Карелиннің саяхатшылық сапарлары күрт үзіледі. Оған себепші Батыс Сібір губернаторы екеуінің арасындағы қайшылық, қақтығыстар-ды. Сөз жоқ, егер губернатордың айла-шарғысына ілігіп, қысастығына қалмағанда әлі талай экспедицияға шығып, жаңалықтар ашқан болар ма еді?! Карелин біраз жылдай Семейде тұрып, өмірінің соңғы 20 жылын Гурьевте өткізгені де білгілі. 1872 жылы 17 желтоқсанда сонда қайтыс болады.

Бір өкініштісі, өлерінен аз ғана бұрын оның үйі өртеніп, 11 томдық баға жетпес ғылыми қолжазбалары мен бай коллекциясы жойылып кеткен. Ғылым әлемінде оның еңбегі тиісті дәрежеде көрінбей, аты аталмай келу себебі де сондықтан шығар. Карелин кезінде өзінің минералогия, зоология, ботаника саласында жинақтаған бай коллекцияларын орталықтың көптеген ірі университеттерінің ғылыми кабинеттеріне, музейлерге, тіпті, шет елге де жіберіп тұрған. Ол туралы Үлкен Совет Энциклопедиясында біркелкі айтылған. Ал, Орал облыстық өлкетану музейінің табиғат бөлімінің флора мен фауна саласындағы экспонаттары Карелиннің ұзақ жылғы еңбегінің көрінісі екенін екінің бірі біле білмейді.

Өмірінің ең көп, ең жақсы жылдарын Қазақстанды (соның ішінде, біздің өлкені) зерттеуге арнап, есімі ел тарихымен, жер тарихымен тығыз байланыста болған сол Г.С.Карелиннің туғанына 215 жыл толып отыр. Айта кетелік, осынау даланың дарабозына Ордада ескерткіш тақта қойылса, музейдегі суреті де көрнекі жерден орын алған. Мұндайды атам қазақ «Жақсының аты өлмейді» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген емес пе?!

А.ХАМЗИН,

тарихшы, өлкетанушы.

Сайқын ауылы.