28.01.2016, 15:03
Қараулар: 418
Жиынның шырайын шынайылық келтіреді

Жиынның шырайын шынайылық келтіреді

Елбасының Жарлығына сәйкес жыл сайын әр деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп беру жиындарын өткізеді. Жасыратыны жоқ, мұндай есептік кездесулерде ауыл мен аудан өміріне қатысты біраз мәселелер көтеріліп, тұрғындардың ой-пікірлері де ортаға салынады.

Сонымен, аудан әкімі Н.С.Рахымжанов биылғы жұртшылықпен жүздесуін Бисен ауылдық округінен бастап, алғашқы кезекте Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында айқындалған басымдықтарға және оны жүзеге асырудағы аудан әкімдігінің іс-шаралар жоспарына тоқталып, мән-маңызына көпшілік назарын аударды. Нұрлан Сағынтайұлының жылдық есептік баяндамасының мәтіні газетімізде күнілгері жарияланғандықтан, ондағы келтірілген деректер мен дәйектерді қайталап жатуды жөн санамадық. Тек әр ауыл әкімі баяндаған жайлардың бірқатарын ғана қалам ұшына іліктіріп, кейбір жерлестеріміздің жиын мінбесінен айтқан ой-пікір, ұсыныс-тілектеріне басылым бетінен орын беріп отырмыз. Осы жерде бір айта кетерлік жайт, қай-қай ауылдық округте де аудан басшысының есебіндегі негізгі көрсеткіштер көпшілікке бейнетүсірілім, яғни, слайд арқылы көрсетіліп отырылды. Әрі есептік жиын өткен төрт ауылда да аудан, ауыл әкімдерінің атқарған істеріне оң баға берілді. Ендігі кезекте сол сапардан көңілге түйіп, қойын дәптерімізге түртіп алған жайларды рет-ретімен баяндап көрелік.

 

Бисен. Ауыл әкімі Қайырсапа Саматов халық алдында берген есептік баяндамасында өткен жылғы жетістіктерді, шешімін тапқан келелі мәселелерді тілге тиек ете келіп, жалпы округ аумағындағы халық саны 3108 болса, есепті мерзімде 16 отбасы өзге жерге қоныс аударып, 42 жанұя көшіп келгендігін айтты. Жалпы, мұндағы 100 шаруа қожалығында 850-дей адам еңбек етсе, жеке кәсіпкерлер саны − 38. Сондай-ақ, былтыр мұнда 37 адамға 1485990 теңгенің бір жылғы материалдық көмегі берілсе, 128 бисендік ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, оларға 2840223 теңге еңбекақы төленген. Ал, 6 адам 11300 мың теңге көлеміндегі түрлі несиелерге қол жеткізген.

Округтегі тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығын өркендету бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Нақтырақ айтсақ, жыл қорытындысы бойынша түйеден басқа түліктің бәрі де өссе, қазіргі күні 98 қыстақтағы жем-шөп қоры да жеткілікті екен. Әрі өткен жылы 27 шаруа қожалығы аналық мал басын асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін 48474 мың теңгенің субсидиясына қол жеткізсе, екі қожалық («А.Каукешев», «Ораз») асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін иеленіпті. Мұның сыртында «Сыбаға» (4 ш/қ), «Құлан» (3 ш/қ) және «Алтын асық» (1 ш/қ) бағдарламалары бойынша құжаттарын өткізгендердің тек екеуі ғана несие алыпты. Осы жерде бисендік азаматтардың «Қазагрофинанс» АҚ арқылы лизингке бір КАМАЗ автокөлігі мен төрт «МТЗ-80» тракторын сатып алғанын да айта кетелік.

Бұдан кейін білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы оң өзгерістер сөз болды. Мәселен, соңғы жылдары ауыл тұрғандарының көбі «көгілдір отынмен» қамтылса, Бисен, Жиекқұм елді мекендеріне таза су жеткізіліп, ауылішілік құбырлар да тартылған. Жаңа дәрігерлік амбулатория да халық игілігіне қызмет етіп тұр. Округтегі екі орта мектептің күрделі жөндеуден өткізілуі де көптің көңіліне қуаныш ұялатқаны аңғарылады. Мұнда интернет жүйесінің қызметі де қалыпты, тіпті, терминал арқылы шалғай елді мекендермен байланыс орнату мүмкіндігі де туған. Әкім баяндамасынан тағы бір көңілге түйгеніміз, жазғы мезгілде су көзі тапшы жерлерге іргелі шаруа қожалықтары құдық қаздырып берсе, заманауи жетістіктердің бірі –  күн көзі энергиясынан электр қуатын алу қондырғылары да орнатыла бастапты.

Кәсіпкерлікке – кең өріс. Бұл бүгінгі заман талабы. Осы бағытта ауыл тұрғыны Күләш Биданова жаңа наубайхана ашып, үш жерлесін жұмысқа тартса, екі адам киім-кешек пен өзге де бұйымдар тігіп, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Фотосалонның жұмысына да тұрғындар дән риза. Қазақы қайырымдылық шаралары кезінде де бисендіктердің белсенділігі айрықша болыпты. Бұл ретте, ауыл әкімі Арон Каукешев, Ермек Момынов, Шынтемір Лайықов секілді ауылдастарының есімдеріне ерекше екпін түсіре сөйледі. Осы жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша жаңа футбол алаңын жасақтау жоспарланып отырса, осынау жұмысқа қажетті қаржы көзі де шешіліпті.

Есепті жиында сөз алған тұрғындардың дені атқарылған істердің ауқымды екендігін айтып, ендігі кезекте іргедегі саябақтың айналасын қоршау, билайн қызметін жақсарту, салауаттылық пен діни бағыттағы іс-шараларды жетілдіру сынды ой-пікірлерін ортаға салса, зейнеткер Ә.Шынғалиев ауыз су мәселесі төңірегіндегі түйткілді жайларды қозғап, бұған құзырлы органдардың назар аударуын сұрады. Бұл округте бруцеллезге шалдыққан малдардың төлемақысына қатысты да сыни пікір айтылды.

Көптің көкейінде жүрген жайлардың бәрін зейін қоя тыңдаған аудан басшысы айтылған сөздер аяқсыз қалмайтындығына көпшілік назарын аударып, әркез ауыл халқының мұң-мұқтажын тезірек шешу бағытында жұмыстанатындығын жасырмады.

 

Т.Масин. Ауылдық округ әкімі Меңдібай Қитановтың баяндамасында көрсетілгендей, округтегі тұрғындар саны 1484 болса, соның жұмыссызы ретінде тіркелгені – 130 адам. Жұмыссыздық пен кедейшілік шегін азайту бағытында былтыр 96 тұрғын ақылы қоғамдық қызметке тартылып, оларға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 2064411 теңге төленіпті. Мұның сыртында 13 адам маусымдық істерге қосылса, жастар практикасымен 2 маман қызметке орналастырылыпты. Ал, күнкөрісі кедейлік деңгейінен төмен 18 адамы бар 4 отбасына 116760 теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленсе, 8 жанұяға 237 мыңның бір жолғы материалдық көмек берілген.

Баяндамашы одан әрі Орда орман шаруашылығы арқылы 200 түп ағаш көшеттері алынып, отырғызылғанын, 35 бұралқы ит атылғандығын және әкімшілік кеңсесі жанындағы ауыз су құдығы аршылып, тазаланғандығын тілге тиек етіп, әңгіме желісін ауыл шаруашылығы жайына ойыстырды. Жалпы, округтегі мал санына келсек, шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар меншігінде 10219 ірі қара, 17089 қой, 4723 ешкі, 3918 жылқы және 317 түйе қыстатылып отырған көрінеді. Алдыңғы жылы аналығы 30 бастан асатын 35 шаруа қожалығы тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 40-қа жеткен. Сондай-ақ, «Сыбаға» және «Құлан» бағдарламасы бойынша екі шаруа қожалығы 12000700 теңге несие алыпты. Есепті мерзімде «М.Боранбаев» шаруа қожалығы «Мұғалжар» асыл тұқымды жылқы шаруашылығы ретінде тіркелсе, «Нарын» шаруа қожалығы асыл тұқымды қой өсіру бағытында жұмыстануда.

Шалғай ауыл саналғанымен, бұл округте де кәсіпкерлік салада ілгерілеушілік байқалады. Қазіргі күні 7 дүкен, 1 тойхана, 1 наубайхана ауыл халқына тұрақты қызмет көрсетіп отырса, дөңгелек жөндеу цехының жұмысына да масиндіктер дән риза. Осы жерде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы негізінде қызметке тұрған екі жас маманға үй сатып алу үшін 4422 мың теңге бюджеттік несие берілгендігін де айта кетелік.

Өз кезегінде шаруа қожалығының жетекшісі, ел-жұртына сыйлы азамат Мырзабай Боранбаев ауылға газ тарту мәселесінің кенжелеп келе жатқанына алаңдаушылық білдіріп, электр жарығының жиі сөнетіндігін сөз етті. Әрі ол аудан, облыс орталығынан шалғай жатқан округ тұрғындарын «жедел жәрдем» көлігімен  қамту мәселесін де қозғады. Осындағы орта мектеп директоры Тимур Қабдығалиев болса, білім ошағының айналасын құм басып бара жатқанына көпшілік назарын аударып, қоршау жұмыстарын қолға алуды, тал-терек отырғызу үшін су мәселесін шешуді сұрады.

Аудан әкімі газ бен электр қуатына қатысты жайлар өз бақылауында екендігін жеткізсе, директордың өтініші жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай ойластырылатындығын қаперге берді.

 

Саралжын. Аудан әкімдігінің шұғыл іссапарына байланысты бір күнде үш округте есеп беру жиыны тағайындалып, төрдегі Саралжынға қыстың қысқа күні қоюлана жеттік. Әрі аталмыш ауыл әкімінің бұл халық алдындағы алғашқы сынағы. Есеп берілер-ау, тұрғындардың қатысы қалай болар екен деген дүдәмәл ой да жоқ емес. Осынау күпті көңілдің бұлты Мәдениет үйінің табалдырығын аттағаннан-ақ сейіліп жүре берді. Алқалы жиынға әзірлік те тап-тұйнақтай, халықтың қарасы да бір шоғыр…

Сонымен, мұнда да алдымен ауыл әкімінің, кейін аудан әкімінің есептері тыңдалды.

Сөзінің әлқисасын округтегі 282 отбасында 1169 адам есепте тұратындығын, оның 621-і экономикалық белсенді топты құрайтындығын айтудан бастаған Нүркен Қайроллаұлы одан әрі округте 16 «Алтын алқа», 12 «Күміс алқа» иегері, 12 тыл ардагері, 1 Ауған соғысы мен Семей сынақ полигонына қатысушы барын жеткізді.

Қай-қай ауылда да жерлестеріміздің негізгі күнелтіс көзі – төрт түлік мал екені айқын. Жыл аяғындағы есеп бойынша мұндағы ірі қара 4323, қой мен ешкі 11770, жылқы 2034, ал, түйе 4 бас болыпты. Сондай-ақ, өңірімізде кең етек алған сарып (бруцеллез) ауруына тексерістен ірі қарадан басқалары дін аман шығыпты. Бұл дертке шалдыққан 168 зеңгі баба тұқымы уақтылы Орал қаласына етке тапсырылған. Округте мал тұқымын асылдандыру бағытында да біркелкі жұмыстар жүріпті. Мәселен, «Әдемі», «Нариман» және «Решат» шаруа қожалықтары асыл тұқымды бұқа сатып алса, «Нариман» шаруа қожалығы қой малын асылдандырғаны үшін арнайы субсидияға қол жеткізіпті. Былтыр екі қожалық жаңадан «МТЗ-80» тракторын, бір қожалық шөп буу агрегатын сатып алғаны да айтылды.

Ауыл әкімі, сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік салаларға қатысты сөз қозғап, көптеген дерек-дәйектерді алға тартты. Нақтырақ айтсақ, соңғы бір-екі жыл көлемінде бюджеттік мекемелерге – 15, шаруа қожалықтарына – 18 адам жұмысқа орналасса, 83 адам ақылы қоғамдық іске қосылған. Мұның сыртында өткен жазда Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп-балабақшасына күрделі жөндеу өткізілген кезде 15 жұмыссыз өз напақаларын айырған. Әрі түрлі кәсіппен айналысушы 7 тұрғын өздерінің 9 жерлесін қосымша жұмысқа алыпты. Десек те, қазіргі күні округте 75 адам жұмыс іздеуші ретінде есепте тұр.

Осылайша, алғашқы есебі болса да көптің көңілінен шығар көптеген мәселелерді қамтыған Н.Сабыров ауылдың кейбір түйткілді жайларын да назардан тыс қалдырмады. Ол алғашқы кезекте бүгінгідей жаңа технологиялар заманында ауылда интернет жүйесінің болмауы біраз істерге салқынын тигізіп отырғандығын нақты фактілермен алға тартып, жаңадан мал моласын қаздыртуға, тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыстар төгетін орынның айналасын қоршатуға қаржылай көмек сұрады.

Өз кезегінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, зейнеткер Ж.Кенжеғалиев пен жас ұстаз Б.Құбаевалар қазіргі таңда ауылдың әл-ауқаты анағұрлым жақсарғандығын, заманына қарай талаптың да болуы заңдылығын әңгімелеп, ат үстіндегі азаматтар шалғай елді мекендердің шаруасын алғашқы кезекте шешуге ынта-ықылас танытса деген өз тілек-өтініштерін білдірді.

Аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту алғашқы кезектегі міндеттердің бірі болып қала беретіндігіне тоқталды.

 

Ұялы. Әкімдердің ел алдындағы есебі екінші күні ертеңмен осы аталмыш округте жалғасты. Әп дегеннен айтарымыз, анабір жылдармен салыстырғанда тұрғындар мәдениетінің алға басқаны, кім мінбеге көтерілсе де елдік мәселелерді екшейтіні айқын аңғарылады. Ауыл әкімі Б.Оразғұлов та халық алдында берген есептік баяндамасында өткен жылдың еншісіне тиер жайларға егжей-тегжейлі тоқталды.

– Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауында жаһандық дағдарыстан елді шыңдап алып шығу арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуды әрі индустриялық-инновациялық бағдарламаны терең жүзеге асыруды және жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты еңбекпен қамту арқылы олардың әл-ауқатын арттыруды басты міндет етіп қойғаны баршаға аян,-деп баяндамасының басын саяси сөйлемдермен әрлеген Бақытжан Аманғалиұлы одан әрі округтің қазіргі тыныс-тіршілігіне біраз атшалдырды. Округ аумағындағы халық саны 1279 болса, 34 шаруа қожалығы мен ауыл тұрғындарының меншігіндегі мал басы да соңғы жылдары едәуір өскен. Осыған дейінгі аялдаған үш округтен тағы бір айырмашылық, мұнда «Ұялы» ЖШС-гі болса, былтыр «Ұялы» ауылдық тұтынушылар кооперативі құрылыпты. Оған Дамир Бегишанов деген азамат жетекшілік ететін көрінеді. Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарындағы есепке жүгінсек, бұл ауылда 5897 ірі қара, 11876 қой-ешкі, 1011 жылқы және 32 түйе бар. Ал, «Айлин» шаруа қожалығы өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы негізінде 10 млн. теңге несиеге асыл тұқымды 2 бұқа мен 60 аналық сиыр сатып алған. Мұның сыртында ірі қара аналығын асылдандыруға ниеттенген 16 шаруа қожалығы арнайы мемлекеттік несиеге қол жеткізсе, табындарға 26 асыл тұқымды бұқа қосылған.

Округте әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, орта және шағын бизнесті дамыту арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету де біркелкі жақсы жолға қойылған. Былтыр әлеуметтік көмекке қол созған бір ғана отбасы болыпты. Ал, есепті мерзімде 96 адам ақылы қоғамдық, 5 адам маусымдық жұмыстарға тартылған. 8 ауыл тұрғыны тұрақты қызмет орнын тапқан.

Баяндамадан тағы бір көңілге түйгеніміз, Ұялыда 57 түрлі кәсіптік нысандар тіркелсе, 4 жеке кәсіпкер халыққа сауда-саттық қызметін көрсетумен айналысуда. Әрі Сайқын-Орал күре жолының бойында «Гүлхан» шайханасы жолаушыларды ыстық тамақпен қамтып тұрса, орталықтағы «Гүлхан» тойханасының қызметі де көп көңілінен шығуда. Сондай-ақ, былтыр шаштараз бен суретке түсіру орындары ашылса, биыл наубайхана ісін, тігін және дөңгелек жөндеу цехтарын қолға алмақ жерлестерінің барын әкім мақтанышпен айтты.

Баяндамада білім беру, мәдениет пен денсаулық сақтау саласы, қоғамдық тәртіп мәселесі де қамтылып, ауылды абаттандыру мен бұралқы иттердің көзін жою сөз болды.

Ал, мұндағы сөйлеушілер сөздерінен ұққан тобықтай түйініміз, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу қажеттігі, ауылдағы ФАП-тың орынның жайсыздығы, жеке дүкендердегі тазалықтың нашарлығы және электр жарығының жиі сөнетіндігі болды.

Аудан әкімі Н.С.Рахымжанов жиын мінбесінен айтылған әр ұсыныс-пікірге қатысты өз ойын білдіріп, кейбір сала басшыларына нақты тапсырмалар берілетіндігін жеткізді.

Иә, небір сындарлы сәттерден сүрінбей өткен бүгінгі ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі де өзгеше. Аталған жиындардың көздеген мақсаты да барды бағалап, жоқтың жолын бірлесіп іздеу екенін бұрын да айтқанбыз. Әрі бұл билік пен халықтың арасын жақындата түсер төте жол, алтын көпір. Сосын құр мадақ емес, үлкенді-кішілі басқосудың шырайын келтіретін де шынайылық. Атам қазақ мұны «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деп бір-ақ сөзбен түйіндеген ғой.

Б.МАХУТҰЛЫ.