19.01.2016, 12:22
Қараулар: 1
Қас-қағым сәттің құпиясы…

Қас-қағым сәттің құпиясы…

г-150Әр істің тетігін табу қажырлылықты талап етеді. Осындай қарапайым еңбегімен көптің бағасын алып жүргендердің бірі – Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенінің маманы, әуесқой фотограф Мират Бисенбайұлы Қоржынбаев. Бала кезінен-ақ компьютерге қызығушылығы басым ол Орал қаласындағы арнайы оқу орталығынан «Оператор ЭВМ» мамандығын алып шығады. Заманауи техникалардың тілін терең білуге ұмтылысы бірте-бірте жаңадан қолданысқа шығып жатқан цифрлі фотоаппаратқа ауысты. Интернет арқылы танымал фотографтардың түсірген суреттерін үлкен ынтамен зер сала қарап, өз танымын кеңейтті. Бүгінде кәсіби қымбат фотоаппаратты иыққа асқан Мират әртүрлі шараларды, музейге арнайы келген айтулы тұлғаларды фотоға түсірумен, ескі суреттерді жаңартумен тұрақты айналысып келеді. Жұмысы нәтижелі болғандықтан да шығар, оның қызметіне «құда түсушілер» көбейді. Қандай жақсылықтың да бел ортасында жүретін ол тарихи сәттерді қалт жіберген емес. Әрі өз ісін үлкен сүйіспеншілікпен жасайды.

Талай белгілі  адамдармен осы кәсібі арқылы танысқан Мираттың өмірінде есте қалар елеулі оқиғалар да аз емес. Солардың бірі 2014 жылы кинорежиссер, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовтің кезекті киносын Хан Ордасы ауылында түсіруі жігітке ерекше шабыт сыйлаған. Сол уақытта ізденімпаз жас танымал тұлғаның әр қимылын жіті қадағалап жүріпті. Талантты режиссерді жайқалған қарағайлар ортасында, кесене ішінде өзі де фотоға түсірген. Өнер майталманының әр қимылына асқан қызығушылықпен қараған Мират содан керемет ләззат алған. Мұндай әсерлі сәттер оның өмірінде аз емес көрінеді. Былтыр танымал журналист, кәсіби фотограф, қазақтың қара сөзін қадір тұтатын Максим Рожин де жерлесіміз Айболат Құрымбаевпен бірге келіп, мұражай кешенін тамашалаған-ды. Сол сапарда оның да Мираттың қызметіне көңілі толып, екеуі телефон нөмірін алмасқан. Бірге түскен фотолары әлеуметтік желіден орын теуіпті. Соны көрген оралдық белгілі фотографтар:

− Максим Рожин Ордаға да келіп кетті ме? − деп арнайы хабарласып, қызығушылық танытыпты.

− Иә, мұның бәрі бойыма мақтаныш сезімін ұялатады. Ойлап қарасаңыз, кейбір адамдар осы тұлғалардың кім екенін де білмейді ғой. Ал, мен үнемі көз алдарында жүрем. Осыған да шүкіршілік, − дейді қырағы фотограф.

Ол қызмет барысында Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахан қалалары мен «Кіші арал» елді мекенінде болып, Бөкей хан кесенесі мен Сейіт баба қорымына да әріптестерімен бірге тәу етіп қайтқан. Ол да өткен күннен бір белгі болып қалғаны анық. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, тележурналист Жайна Сламбек, ерлі-зайыпты актерлер Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешеваларды да сүйікті қызметі арқылы көрудің мүмкіндігі болғаны қуантады.

Иә, нұр ұялаған жанарынан бір тұңғиық сыр байқалатын Мираттың болмысы сырт көзге жинақы, жарасымды. Ол-ол ма, сүйікті жары Арайлым Қойшыбаева да әуесқой фотограф. «Оны сурет әлеміне өзім алып келдім», − деп әзіл-шыны аралас мақтанып та қойды. Ішкі қызығушылық басым болғасын ба, екеуіне де осы кәсіппен айналысу өте ұнайтын көрінеді… Шығармашылық ізденісте жүретін Мират облыстан тапсырыспен жасалатын баннерлерді көргенде: «Қаладан жасатқанша, өзгешелеу етіп, осы істі қолға алсам ғой», − деп армандап та қояды екен. Несі бар?

Шебер фотографтың еңбегі бағаланып, 2014 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы А.Батырхановтың Құрмет грамотасы мен Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені директоры Ғ.Мақымовтың «Алғыс хатына» ие болыпты. Бүгінде Мират пен Арайлым Саят, Зият, Айбибі атты сүйкімді ұл-қыздардың ата-аналары. Осынау үлгілі отбасының қуаныш-қызығы ортаймасын деп тілейміз біз.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.

Хан Ордасы ауылы.