17.12.2015, 18:38
Қараулар: 261
Сындарлы сәтте сынбағандар

Сындарлы сәтте сынбағандар

Асылбек Жәрдемұлы мен оның зайыбы Шолпан Қайырболатқызын құрдастары бірі Ауған соғысына, ал, енді бірі желтоқсан көтерілісіне қатысқан «қос ардагер» деп әзілдеп жатады. Шолпан М.Горький атындағы, Асылбек М.Мәметова атындағы орта мектеп түлектері. Тағдыр бір арнаға тоғыстырған екеуінің өмір жолдары да біртүрлі ұқсас. Шолпанның әкесі Қайырболат ағай облысқа танымал түйеші-тұғын. Бір кездері съезд делегаты да болған. Өміріне мал баққан ол балаларын бауырына басып, айналасынан алысқа ұзатпапты. Еңбекқор әкенің ақылын тыңдаған ұлдар ата қоныста қалған. Бүгінде шаруашылықтары күр жандардың қатарында.

Тек Шолпан ғана 1986 жылы мектеп бітірісімен Алматы қаласындағы политехникалық институтқа оқуға түседі. Үлкен қалаға жаңадан келген өрімдей ұл-қыздар сол жылы желтоқсан көтерілісіне қатысады. Қолдарына «Қазақтың көсемі өз ұлтынан болсын!» деген плакат ұстаған жиырма шақты жас «Менің Қазақстаным!» әнін шырқап бара жатады. Ештеңенің байыбына барып үлгермеген кейіпкеріміз де қасындағы ұл-қыздармен бірге рухтанған топтың соңынан ілескен. Олар жалынды леппен Үкімет үйіне барып, республиканың бұрынғы басшысы Дінмұхамед Қонаевтың жастар алдында сөз сөйлеуін талап еткен көрінеді. Бірақ, олардың бұл тілектеріне елең еткен билік болмапты. Керісінше, жастарды ығыстыру мақсатында тұтас горнизонды әкеліп қойған. Ұлт намысы үшін шырылдап жүрген қазақтың ұл-қыздарын алаңнан қуу мақсатында өрт сөндіру машиналарынан салқын су да шашқан. Ызғарлы жел. Лайсаң жер. Бірақ, одан жасқанған студенттер жоқ. Көп кешікпей, улап-шулаған қыз-жігіттер күшпен бүркемелі машиналарға тоғытылған. Шолпан да екі-үш құрбысымен бірге жараланып, ес-түссіз жатып қалған бір жігітті сүйрелеп, тасалау жерге апарып тастайды. Кейін «Сол жігіт аман ба екен?» – деп еске алысатын құрбылар. Ал, тап сол сәтте оны өздерімен бірге алып кетуге өрімдей қыздардың күші жетпеген.

Осылайша, желтоқсан көтерілісі Шолпанның да өміріне «өз өрнегін» салып кетті. Мұғалімдер арасында да дүрдараздық орын алып, алаңда болғандар оқудан шығарылды. Көп кешікпей Шолпан да қолды бір сілтеп, ауылға тартып отырды. Бірақ, желтоқсан көтерісшілерінің жан айқайы санада сол кездің сызды оқиғасы боп қалып қойды.

Ал, 1985 жылы әскерге шақырылған Асылбек алдымен Қырғызстанға түсіп, үш айдан кейін  Ауғанстанға асады. Кеңес әскерлерінің шектеулі контенгенті құрамында сонда интернационалдық борышын өтейді. Талай рет қаплыстан шыға келіп, оқ борататын дұшпандардан бейбіт тұрғындарды, жүк керуенін қорғайды. Күндіз бірге тірлік кешіп жүретін ауған адамдары түнде атыс бастайтын. Елде ата-аналары «шықпа, жаным, шықпамен» күн кешті. Кейіпкеріміздің өзі ауған халқының азаттық үшін соғысын  еске түсіруге құлықсыз. «Ол өткен шақтың еншісінде, қорқынышты түстей болып қалды ғой», – дейді жай ғана. Иә, Ауған елінде өмірмен қоштасқан талай жігіттер кеңес үкіметінің солақай саясатының сызы боп санада өз ызғарын қалдырғаны анық.

Сонымен, тағдыр жолы бұл екеуін 1991 жылы табыстырды. Осы жылы Тәуелсіздік таңы да атып, дәл сол желтоқсан айында (сегізі күні) Сүйінішевтер шаңырағында тұңғыштары Нұрбек дүние есігін ашты. Бұл отбасының әр сәті тарих қойнауынан сыр шертеді. Шүкір, бүгінде ел қатарлы тірлік кешіп, қос ұлдары Нұрбек пен Абзалдың әр қадамына қуанатын ата-ана егеменді елдің ертеңі баянды боларына сенімді. Әрі олар ұрпақтары оңайлықпен келмеген тәуелсіздіктің тұғырлы болуына белсене атсалысып, бақытты тұрмыс кешсе деп армандайды.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.