10.11.2015, 10:39
Қараулар: 1281
Бизнесмендер бас қосты

Бизнесмендер бас қосты

Ақжайық ауданынан: кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Н.Жанатауов, аудандық кәсіпкерлер бөлімі басшысы Д.Қарабалин, «Ақ бала» шаруа қожалығының жетекшісі Г.Өтенов және Жәнібектен: кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Ж.Басиров, «Әлім» шаруа қожалығы жетекшісі Е.Елемесов келіп, кәсіпкерлер палатасының ауданымыздағы филиалында бас қосты. Онда Елбасымыздың кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бағдарламаларының жергілікті жерде орындалу жайы, жұмыс барысында туындайтын қиындықтар, оларды жеңу жолдары кеңінен сөз болып, тәжірибе алмасылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлікке қатысты коммуналдық шығындар төлемі, несие қайтарымы, тауарлардың өтімділігі мәселелері де назардан тыс қалмады.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша сайқындық кәсіпкер, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова қолға алған сүт өңдеу цехы қонақтарды қатты қызықтырды. Жақында ғана бой көтерген нысанның су жаңа қондырғыларын көрген олар әр тетіктің жай-жапсарын сұрап, жұмыс істеу принциптеріне қанықты. Әсіресе, ақжайықтық Г.Өтеновтың ынтасы ерекше байқалып тұрды. Ол ауылына барған соң сүт өңдеу ісін қолға алатынын айтты. Ал, жәнібектік Е.Елемесов өз қожалығының көптен бері бие сауумен айналысып, ауылдастарын қымызбен қамтып отырғанын жеткізді.

Иә, ауылдастарымыз дүкеннен қалбырдағы сүтті, жасанды сусындарды сатып алып отырса, кәсіпкерлеріміздің мыңғырта мал өсіргенінен не пайда?! Ауданымызда мал шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехтар көптеп ашылса, жұмыссыздық та азайып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарары хақ.

Гүлжаз БАДЕЛОВА.