21.10.2015, 11:41
Қараулар: 22
Еттірлігімен ерге қонған азамат

Еттірлігімен ерге қонған азамат

SAMSUNG CAMERA PICTURESСоғыс зардабын көрген ұрпақтың айтар әңгімесі қашанда мазмұнды. Әкесі Ұлы Отан соғысына аттанғанда Қабылхан ағай төрт-бес жастағы ес біліп қалған бала-тұғын. Ебін ата 1942 жылы әскер қатарына алынғанға дейін Бисен ауылдық кеңесіне қарасты «Алғашық» колхозында бригадир, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған екен. Аналарымен бірге отбасындағы екі ұл, бір қыз асыраушыларынсыз қала береді. Балалар мен әйелдер иығына түскен сол бір кездегі қиындық та бұлардың отбасын айналып өтпеді. Қабылхан ағай да сиыр идіріп, бұзау бағып, қолдарынан келген көмегін аямады. Ол кезде сиыр сүтінен басқа тағамның түрі жоқ еді. Тығылып жүріп терген масақтарын егіс бригадасының бригадирлері көрсе, тартып алатын.

Қиындыққа шыңдалған балалар қарап отыруды білмейтін. Кейде құмда тамыры тереңге кететін желкекті теріп, талғажу қылатын. Бұл өсімдіктің сиыр және май желкек деп аталатын ұсқыны картопқа, дәмі алмаға ұқсайтын көрінеді. Анасы Ғайша марқұм колхозда сиыр сауатын. 1942 жылы туылған Алтын атты қарындасын арқалап жүріп, еңбек етті. Ән салатын, өлең шығаратын өнері бар ол кісіні көпшілік сыйлап, қатты қадірлепті. Айта кетелік, аталары Ебіннің бес баласы да соғысқа аттанған. Үлкені Сұлтан, Ебін (Қабылхан ағайдың әкесі), Шала, Ғасер, Қабділқадір. Соңғысының шені ­- лейтенант. Калинин майданында қаза табады. Шала мен Сұлтан Сталинград майданында оққа ұшқан. Бесеуден Ебін мен Ғасер ғана өскен ортасына аман-есен келеді. «Алғашық» колхозынан ел қорғауға кеткен 80 жігіттің біразы туған жерге оралмаған.

Майдангер әкесін қарсы алған сәт Қабылхан ағайдың есінде ұмытылмастай болып сақталыпты. Соғысқа дейін бұларда інген, атан, бие болған. Колхоз басқармасы малдарды тартып алған. Тек жалғыз қалған тайлақты қанша қиындықты бастан кешсе де пышаққа іліндірмеген анасы: «Отағасы аман келер болса, қуаныш дастарханына соямын»,-деп оның соғыстан оралуына іштей ырым ғып жүрген екен. Сүйінші сұрап, абыр-сабыр болған ауылдастары мен анасының қуаныштан тамған көз жасы айтулы күннің мәнін тереңдете түскені бала зердесінде ерекше сақталыпты. Ебін ата 1961 жылы қайтыс болып, Асыл атты қарындасы, әжесі, нағашысы, екі қарындасы бәрі Қабылхан ағайдың қолына қарап қалады. Сол жылы Мағмор апай екеуі отау құрады. Ол кезде бұл отбасы «Мерген» қыстағында отырыпты.

…Ағамыз тракторшы болып жұмыс жасап жүрген кезінде(ол кезде Жәнібек ауданына қарайтын) ауылға аупарткомның бірінші хатшысы Р.Егізбаев бастаған аудан атқамінерлері келеді. Дала төсінде жер жыртып жүрген бұлардан қал-жағдайларын сұрайды. Сонда топтың алдына суырылып шыққан Қабылхан екі сиыр, бес-алты қойға шөп ала алмайтындарын, мал азығын өздері дайындайтындарын, т.б. мәселелерді іркілмей ақтарып салады. Осы сәтте «Орда» совхозының парткомы Жәрдеш Әжіғалиевтің көзі шарасынан шыға жасайды. Мәссаған?! Көп кешікпей аудандық газет бетіне Қабылхан ағайды суретімен мақтап шығарып қойыпты. Бұл жастардың қабілетін танып, олардың қолтығынан демеп жүретін Рахметолла Егізбаевтің кейіпкеріміздің  де еңбегін бағалауы еді. Қырағы басшының назарына ілінген ол партия қатарына қабылданып, аудандық советтің депутаттығына сайланады. Уақыт диірмені тоқтаусыз зымырап, жалындаған жалаңтөс жас жігіт еліне елеулі жанға  айналады. 1957-67 жылдары «Орда» совхозының №2 фермасында озат тракторшы болып, Мақтау қағаздарымен марапатталады. Аудандық комсомол комитетінің пленум мүшесі атанған ол 1967-70 жылдары Орал ауылшаруашылық техникумын сырттай оқып бітіріп, зоотехник мамандығын алады. Кейін №1 фермаға сол мамандығы бойынша қызметке жіберіледі.

Тура сөйлегенді қалайтын бірбеткей жанның қызметі көтеріліп, 1975 жылы Мұратсай совхозы жаңадан бөлініп шыққанда сол шаруашылықтың №3 фермасына меңгерушілікке тағайындалады. 1987-1988 жылдары Құрманғазы совхозының №3 фермасында, 1988-1994 жылдары «Бисен» совхозының №4 фермасында меңгеруші болады. Осылайша, 40 жыл еңбек майданында шыңдалып, құрметті демалысқа шығады.

Кейін заман талабына сай, иелігіне 1000 гектар жер алып, «Ертай» шаруа қожалығын құрған ағаның төрт түлік өсіріп, шалқытқан шаруашылығына қазіргі таңда ұлы Ертай иелік етуде. Жарты ғасырдан аса бірге ғұмыр кешіп келе жатқан зайыбы Мағмор апай екеуі бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Осылайша, өзінің еттірлігімен ерге қонған азаматтың әулетінде бүгінде 17 немере, 7 шөбере өсіп-өнуде. Жасай беріңдер, жаны жайсаң ауыл адамдары.

 

Гүлнар ҚАДЫРОВА.