21.10.2015, 11:37
Қараулар: 376
Темеш, қайран Темірбек талантыңмен талайды тамсандырдың-ау…

Темеш, қайран Темірбек талантыңмен талайды тамсандырдың-ау…

Ол уақыт бүгінгідей теледидар, ұялы телефон дегендерің атымен жоқ кез. Жұрттың баратын жері кино, концерт қойылып, түрлі ойын-сауық, би кештері өтетін ауылдық клуб қана. Бүгінде бақыты қайтып, «жабық базар» болып тұрған бұл ғимараттың өзіндік тарихы бар. Осыдан 87 жыл бұрын, яғни, 1928 жылы  комсомолдың 10 жылдық мерейтойына орай комсомол-жастардың қол күшімен бой көтерген, кезінде «Нардом» (халық үйі) аталған, сыйымдылығы екі жүз кісілік, сол кездің өлшемімен алғанда үлкен құрылыстың салынуы өлкенің патриоты, Қазақ ССР-на еңбегі сіңген, Ленин орденді мұғалім Ахметфаиз Юсупұлы Тажетдиновтің есімімен байланысты. Өзі комсомол қатарында болмаса да, жалын атқан жастарды ұйымдастырып, уком (уездік партия комитеті) алдына мәселе қойып, осы мәдени-көпшілік орынды салдыруға қол жеткізеді. Айналасы атшаптырым зәулім ғимаратты көтеруге неше мың тас соғылғаны бір құдайдың өзіне аян, әйтеуір, оның қабырғасының қалыңдығы 75-80 сантиметр (яғни, метрге жуық). Залға сыймағандардың тұрғаны тұрып, тұрмағаны терезелерінің ойығына еркін орналасатын. Клубтың (халық үйінің) ашылу салтанатына қатысқан атақты күйші Сейтек Оразалиев өзінің сол сәтте шығарған «Той бастар» күйін тартып, беташар рәсімін жасапты. 1959 жылы оның сахнасында бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова ән шырқаса, 70-ші жылдардың аяқ кезінде КСРО халық әртісі Ришат Абдоллин (Әлібек Дінішевтің туған нағашысы) ән салды. Клуб жанындағы құрамында 81 адамы бар ұлт-аспаптар оркестріне Қазақ ССР мәдениет министрлігінің 1974 жылғы шешімімен «Халық оркестрі» атағы берілді. Кезінде кіші Құрманғазы оркестрі атанған бұл өнер ұжымы тек өз еліміздің сахналарында емес, одақтық және шетел сахналарында ұлттық өнерді биікке көтерді.

Төменде әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз Темірбек (ел-жұрты оны Темеш дейтін) осы оркестр құрамында дауылпазда ойнады. Оның күлімдеген көзі, жылы жымиысы күні кешегідей көз алдымда. Менен бір жас кіші болғандықтан, бір класс төмен оқыды. Мен бюджеттік интернатта жаттым, ал, ол сабаққа клубтың іргесіндегі үйінен баратын. Ол уақытта Ордада қонақ үй дегеніңіз атымен жоқ. Гастролдық сапармен келген әртістер осы Темештің үйіне түсетін. Асылы, әртіс деген қызық халық қой. Оның үстіне олардың көбі жастар болса не жорық. «Жастық-мастық» деген, қаншама алыс жерден жолсоқты болып келсе де, шаршағанын ұмытып, қонған жерін думанға бөлейді. Онда ән де айтылады, күй де тартылады, фокус та көрсетіледі. Балаға да керегі сол емес пе?! Он үш, он төрт жас шамасындағы Темеш қонақтардың өнерін қызықтап, таңға ұйықтамауға бақилы еді. Көңіл қалауы сиқыр өнері болды. Біз оның жатақханаға келіп, тиыннан жасайтын неше түрлі фокустарын аң-таң болып, көз айырмай қарайтынбыз. Өзі де нық денелі, мығым, мықты еді. Ол арамыздағы алпамсадай Аспандияр Шәмеловті отырғышқа отырғызып, алдына бір пұттық гірді қойып, тісімен көтеріп, бөлмені екі айналып шығатын.

Жалпы ол өзінің тосын іс-әрекетімен жұртты таң қалдырып жүрмесе, ішкен асы бойына сіңбейтіннің бірі еді. Ордалықтар ол кезде ауыз суды Алма Оразбаева көшесінің бойындағы «Чумпункт құдығынан» тасып ішетін. Кұдық Темештің үйінен шамамен 100 метрдей қашықта. Ол осы құдықтан екі қолына екі шелек, екі иығындағы суағашқа екі-екіден төрт шелек іліп (әрине, біреуге ілгізеді), жұртты таңқалдырып, алты шелекпен су алып келе жатқанын талай рет көрдік. Ал, мектеп бітірген соң әрқайсымыз өз жолымызбен кете бардық.

…1970 жыл. ҚазПИ-дің екінші курсында оқып жүрген кезім. Қарап жүресің бе, қыдырасың дегендей… Сондай бір кезекті серуен кезінде күтпеген жерден екеуміз ұшырасып қалдық.

– Оу, сен мұнда неғып жүрсің?

– Осында оқимын. Ал, сен ше?

– Мен де.

– Қайда оқисың?

– Эстрада, цирк өнері студиясында.

– Арамыз қашық емес екен, көріп тұратын болдық қой.

– Әрине.

Ол студия жатақханасында жатады екен. Сірә, жаттығуға қажет дейтін болар, мұнда (жатақханада) пианино, домбыра, сырнай сияқты басқа да түрлі музыкалық аспаптар, штанга, гір тастары, жонглерге қажет тәрелкелер, шарлар, таяқшалар толып тұр. Бұл эстрада және цирк өнері студиясының қазақ жерінде алғаш ашылған жылдары еді. Осында эстрада жанрындағы әншілер, цирк әртістері дайындалды. «Гүлдер» ансамблі осы студияның түлектері. Мұнда қазақ халық әндерінің корифейлері Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиев ұстаздық етті. Олардың өз кластары болды. Беріректе студияға Жүсіпбек Елебековтің есімі берілді. Шын мәнінде оның керегесін керіп, уығын қадап, алғаш шаңырағын өз қолымен көтерген Гүлжаһан Ғалиеваның төл туындысы еді ғой, неге соның есімі берілмеген деген пікір соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Әрине, ол құзырлы орындардың шаруасы.

Біздің Темеш цирк өнері класының жонглер (шар, тәрелке, таяқша, т.б. түрлі заттарды, жоғары лақтырып, жерге түсірмей қағып алып, кері лақтырып ойнайтын виртуоз ойыншы-әртіс) мамандығында оқиды. Өкінішке қарай, отбасын асырап отырған ағасы әскерге алынып, телеграмма арқылы ауылға шақыртып алады. Егер де оқуын орта жолдан тастамай, аяқтап шыққанда ол кәміл цирк өнерінің танымал әртісі болар еді.

Бір барғанымда: «Мына жігіт Шымкенттен, бірге оқимыз. Нағыз қара күштің иесі. Цирк аренасында өнер көрсетеді. Есімі Халық», – деп таныстырды апайтөс, төртбақ келген жігітті. Бүлк-бүлк еткен, білеу-білеу бұйра толқын бұлшық еттеріне қарап, ерен күштің иесі болса болар дедім мен де ішімнен.

– Мұның бұла күшіне цирктің үлкен аренасы керек, ал, мен өз өнерімді циркте де, одан тыс кез-келген жерде көрсете аламын, – деп, тап сол жерде көзілеспес шапшандықпен бірнеше шарлар мен таяқшаларды қақпақылдай қағып ойнап берді.

1970 жыл. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 25 жылдығын лайықты қарсылауға барлық жерде қызу әзірлік жүріп жатқан кез. Бүкілхалықтық мейрамды атап өтуге өнер адамдары ерекше құлшыныспен атсалысып, өз туындыларын арнап жатты. Осы тұрғыда сөзін майдангер ақын Сырбай Мәуленов, әуенін жерлесіміз Темірбек Әбілхатин жазған «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнінің жарыққа шығу тарихы туралы бірер сөз айта кетейін.

Әдеттегідей, студия жатағына келдім. Темеш пианинода ойнап отыр екен. Бір-бірімізді келе жатқан мейраммен құттықтап жатырмыз.

– Әбес, – деді ол бір уақытта, – тыңдашы, мен Сырағаңның «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңіне әуен жаздым.

Тыңдап отырмын, бірақ несін жасырайын, көңіліме қонбады.

–Темеш, мен өнер адамы емеспін. Десек те, қой көрмесек те, қи көрдік дегендей, көңіліңе келмесін, мынауыңнан орыстың исі аңқып тұр ғой. Музыка саласындағы маманға тындатып алуың керек сияқты, – дедім. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, белгілі композитор Әсет Бейсеуов кіріп келмесі бар ма!

– Әсеке, мына бір әнді тыңдап көріңізші, – деп Темеш туындысын нотасымен композиторға қоса ұсынды. Атақты сазгер пианинода ойнап қарады да:

– Шырағым, мынауың тап-таза орыстың маршы ғой. Сөзі қазақтікі болғанымен, төсегі басқа екен. Тап осы күйінде бұл дүниең ешқайда өтпейді. Мен саған бір кеңес берейін. Консерваторияда Рақпан Байқоңыров деген ағаң бар. Өндеу шаруасымен айналысады. Соған барып көрсетіп, өтініш жаса, тауыңды қайтара қоймас. Мен де телефон шалармын, – деп жөнін айтты. Темештің әлгі әні сол жылдың Жеңіс күні қарсаңында қазақ радиосынан алғаш рет шырқалды. Кейін «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланғанын өз көзіммен көрдім. Онда «Соғыстан қайтқан солдаттар». Сөзі Сырбай Мәуленовтікі, әні (ол уақытта сазы демейді, әні дейді) Темірбек Әбілхатиндікі, өңдеген Рақпан Байқоңыров деп үш фамилиямен берілгені есімде. Өткен ғасырдың (күні кеше сияқты болса да бүгінде тұтас бір ғасыр өтіп кеткендей сөйлетін болдық қой. Шіркін, уақыт ұршығы қалай тез айналады) 70-80 жылдары «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңі тек Жеңіс күні мерекесіне орай емес, әрбір әскери-патриоттық шара өткізген кезде де шырқалатын еді. Бүгінде Рақпан Байқоңыровтың есімін көре алмай жүрмін. Бара-бара Темештің атын да атамай тастамас па екен деп қорқамын.

Бөкей Ордасы аудандық мәдениет бөлімінің Темірбек Әбілхатиннің қайтыс болуына байланысты берген қазанамасында («Орда жұлдызы», 13 ақпан, 2003 ж.): «Ән сүйген көпшілікке танымал әуесқой сазгер, айтулы өнерпаз, клуб қызметкері Темірбек Әбілхатин 60-тан енді аса берген шағында ауыр науқастан қайтыс болды. Өнер иелері шоғырларын дүниеге әкелген Орда жері Темірбек Әбілхатиндей әуесқой сазгерімен мақтана алады. Оның қазақтың сыршыл да дүлдүл ақындары Сырбай Мәуленовтің, Сағынғали Сейтовтің сөздеріне шығарған «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Есіңе ал» әндері республикалық, облыстық теледидардан, радиодан әлі орындалып жүр. Аудан ақындарының сөздеріне жазылған «Алтын алқап Нарыным», «Соғыс жәйін сұра сен», «Жасампаз, Қазақстан!», «Керзі етік туралы баллада», «Орда көктемі», «Жаса, Қазақстан!», «Кең өлке», тағы басқа әндері аудан, ауыл сахналарында үздіксіз шырқалуда. Сазгер үшін бұдан артық бақыт болар ма?! Еңбекқор, үлкенге де, кішіге де қамқор, үлгілі отбасының басшысы болған Темірбек Әбілхатиннің жарқын бейнесі біздің есімізде ұзақ сақталады» делініпті.

Иә, өнер ешқашан өлмек емес. Неге екенін қайдам, осы бір қарапайым, ғажап жанның жып-жылы да сүйкімді жүзі менің де жадымда жаңғыра береді. Темеш, қайран Темірбек, өнер сүйер халқың барда сенің есімің ел есінен өшпейді.

А.ХАМЗИН,

тарихшыөлкетанушы.

Сайқын ауылы.

Суретте: Т.Әбілхатин (оң жақта) жерлесі Ж.Уәлиевпен бірге.