14.10.2015, 10:06
Қараулар: 341
«Тірлік сеуіп келе жатқан дүниеге, Ей, адамдар, жол беріңдер анаға»

«Тірлік сеуіп келе жатқан дүниеге, Ей, адамдар, жол беріңдер анаға»

 Үштерек елді мекенінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай оздырылған шара жөніндегі ауыл кітапханашысы Г.Жұмағұлова жолдаған корреспонденция редакциямызға кешігіп келді. Онда елді мекендегі бастауыш мектеп, кітапхана және медпункт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен тоқсанның төріндегі тыл және еңбек ардагері Хансұлу Меңешевамен болған кездесу баяндалыпты.

Ұлы Жеңіс – мәңгілік тақырып. Ал, оздырылған шара мерзімді дүние. Егер ондағы қозғалған мәселе көптің көңілінен шығып, жүректеріне ұяласа, қатысушылар есінде сақталып қалары хақ. Кітапханашының жазуынша, Хансұлу әженің мағыналы әңгімесі жастарға, бастауыш сынып оқушыларына ерекше әсер еткендей. Өкініштісі сол, автор әженің не айтқанына тоқталмай, жалпы ол туралы еш мәлімет берместен хабарын өте қысқа қайырыпты. Сондықтан материал пайдаланылмады.

«Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» дейді қазақ. Оның үстіне «бір күн дәмдеске қырық сәлемі» және бар. Әке-шешем біраз жыл мекендеген, өзім еңбек жолымды бастаған Үштерек ауылы тұрғындарының біразын мен де танимын. Хансұлу апаны, марқұм жұбайы Қапан ағаны, бірер жыл турасында дүние салған ұлы Тілекқабылды да білетінмін. Майдангер Қ.Жұмағазиев бөлімшеде веттехник болса, кейін оның жолын баласы Тілекқабыл жалғастырған-ды. Қапан аға әкеммен құрдас, 1911 жылғы еді. Әттең, олардың ерлікке толы өмір жолдарын кезінде қағазға түсіріп алмаппыз.

Айтпақшы, Бөкей Ордасы тарихи-музейлік кешенінің бөлім меңгерушісі Гүлжиян Сапарғалиеваның Хансұлу апай жөніндегі «Көрге де түсіп көргенбіз» атты мақаласы «Орда жұлдызының» 2005 жылғы 9-мамырдағы санында жарық көрді. «1919 жылы Бисен ауылында дүниеге келіппін. Комиссар Б.Жәнекешев әкеме немере болып келеді. Ол кісі әкеме: «Әйелің қыз тапса, атын Хансұлу қоярсың»,-депті. Әке-шешенің арқасында алаңсыз бойжеттім. Ол кезде қыздарды ерте ұзатады ғой. Анам маған: «Шешесі жақсы, сені қор қылмас»,-деп Сабырға қосылуымды қостады. Сөйтіп, бірінші жолдасым Сабырмен тұрмыс құрдым» деген кейіпкерінің сөзін келтіргені есімізде Гүлжиян Байғұттықызының.

1912 жылы Әжен ауылында дүние есігін ашқан С.Меңешев оқыған, Қазталовкада мектеп директоры болған жан. Армияға алынып, Фин соғысына қатысады. 1939 жылы Хансұлу апа батыс шекарадағы әскердегі күйеуіне барып, айға жуық тұрып келген көрінеді. Әскери бөлім басшылары «балалар бақшасына қызметке орналастырамыз, осында қал» дегенімен, халықаралық жағдайдың шиеленісіп тұрғанын сезген Сабыр қолқалай қоймапты. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған қазақ қызы бұйрыққа бағынған саптағы жарының бүгін мұнда, ертең анда кетерін ескеріп, елге қайтуды жөн көреді. Бұл оның сүйіктісімен бірге болған соңғы сәттері екен. Кіші лейтенант Сабыр Меңешев 1945 жылдың ақпанында Будапешт қаласы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза табады («Боздақтар» кітабы, 6-том).

Қимастарын қан майданға ұзатып, оның жұмыс орнын басқан аналардың тылдағы қимылы, қажыр-қайраты талай көркем шығармаға арқау болды. Сол аналардың әрқайсысы сол шығармалар кейіпкерлерінің прототипі деуге әбден лайық. Сталинград майданы шебіне жатқызылған Орда ауданы жұршылығы да, елде қалған бала-шаға, келін-кепшік, кәрі-құртаң да бел шешпестен еңбек етті. Олардың ішіндегі әлділерін фашист ұшақтары бомбалап, істен шығарған теміржолды қалпына келтіру жұмысына алады. Аупартком нұсқауы колхоз басқармасы үшін заң. Өздерінде қол күші жетпей жатса да, «Киров» колхозындағылар ішінде Хансұлу апай бар бір топ қыз-келіншекті Ақсарай-Хожантаевқа теміржол желісін салуға жібереді. Олар кеткеннен екі айдан соң баласы Еркін (1940 жылғы) қатты сырқаттанады. 88 жастағы қайынатасы аупарткомға барып, өздерінің майдангер отбасы екендіктерін, тоқсанға таялған кәрі кемпір-шалдың қауқарлары кемігенін, немересінің хал үстінде жатқанын баяндап, теміржол салуға алынған келінін қайтаруды өтінеді. Өтініш қанағаттандырылады. Анасы оралған соң Еркіннің де беті бері қарап, біртіндеп сауыға бастайды.

Майданның тура өзінде болмағанмен, шет жағасын көріп, басқыншылықтың лаңын жүрегімен сезінген Хансұлу ауылдастарын жеңіске жігерлендіріп, бұрынғыдан да қарқынды қимыл танытады. Қайда жұмсаса да бас тартпайды. Ол араласпаған жұмыс саласы жоқ. Егін де салды, шөп те шапты, мал да бақты. Колхоздың Шау елді мекеніндегі сиыр фермасын да басқарды. Ал, кеште сығырайған шам жарығымен жүн иіріп,  шұлық-қолғап тоқып, майдангерлерді жылы киіммен қамтуға үлес қосты. Яғни, барша аналар сияқты тылда қайнаған еңбектің алдыңғы шебінен табылды. Осы еңбегінің өтеуіне жаумен шайқасып жүрген арысының отбасына жеңіспен аман-есен оралуын тілеп еді. Ұлы Жеңіс қымбатқа түсті. Ішінде Сабыр да бар талай боздақ Отан үшін жандарын пида етті…

Бейбіт заман орнап, өмір қалыпты ырғағын тапқан тұста «соғысқа кеткен ер азаматтар жеңіспен оралып, бала-шағаларын қолдарына табыстап өлсек арман жоқ» деп жүретін қариялар да о дүниелік болды. Отызға да толмай жесір қалған келіншек өзіне сөз салған майдангер Қапан Жұмағазиевтің тілегін қабыл алады. Одан көрген алғашқы ұлының есімін Тілекқабыл қояды. Кейін Серік дүниеге келеді. Хансұлу апайды өз заманының «Раушан коммунисі» десе де артық емес. Сол партияның айтқанына иланып, кемелденген социализм үшін зейнеткерлікке шыққанша (1969 жылы) аянбай тер төкті. 40 жыл КПСС мүшесі болды.

– Балық басынан шіриді. Горбачев келіп, елді ыдыратпағанда мүмкін, сол коммунизмге де жетіп қалар ма едік?! Қайта қазағымның бағы бар екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында кедір-бұдыры көп соқпақтан сүрінбей өтіп, өз бағытын нақты айқындап алды. Әлемге танылды. Ұрпақтарымыздың дені сау, ғұмырлы, бақытты, ел тәуелсіздігі тұғырлы, мерейі асқақ болсын, – дейді бұл күнде жасы жүзге таяған Хансұлу апа.

Ал, біз мақаламызды ойға оралған мына бір жыр жолдарымен түйіндеуді жөн көрдік:

Тірлік сеуіп келе жатқан дүниеге,

Ей, адамдар, жол беріңдер анаға.

 

Каримолла ҒАЙСИН.

Суретте: Хансұлу Меңешева ауылдастары арасында.

Суретті түсірген Г.Жұмағұлова.

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар