11.10.2015, 22:24
Қараулар: 313
Нақты қадам. Нақты жоспар. Нақты міндет

Нақты қадам. Нақты жоспар. Нақты міндет

Кез келген тәуелсіз мемлекеттің алға қойған мақсаты мен жоспары болмаса, ол елдің болашағын елестетудің өзі қиын. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында ел дамуы үшін қабылданған талай бағдарламалар мен жоспарларды ел болып бірігіп, іске асырдық. Сол жоспарлардың бірі емес, бірегейі осы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам». Қабылданғанына көп уақыт өтпесе де, бағдарлама тек қазақ елін ғана емес, төрткүл әлемнің назарын өзіне аудартты. Бұл жоспарға Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Фин Килландтың өзі «Нұрсұлтан Назарбаев уақытты дөп басып отыр» деген таңданыспен оң баға беріп үлгірді.

«100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бірге жаңа тарихи жағдайларға ұлттың дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі жоспары. Ұлт жоспарында әрбір салаға ерекше көңіл бөлінген. Оның қай қадамын алып қарасақ та, ел дамуы үшін маңызы зор. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда әлемдегі өте биік мақсат қойған бағдарламалардың бірі басталды. «Нұр Отан» партиясы бес реформаның барлығын қамтитын Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша 50 ұсыныс әзірледі. Аталған ұсыныстар мемлекеттік қызметкерлердің кәсібилігін түбегейлі арттыруға, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын модернизациялау бағытында тиімді әрекеттерге, қазақстандық біртектілікті нығайтуға, «Ашық үкімет» жұмысының механизмдерін жетілдіруге, мемлекеттік органдардың мөлдірлігі мен есептілігіне, қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған. Қазіргі реформалар – егемен ел болғаннан бері жүзеге асқан істердің заңды жалғасы.

Еліміздің ілгері дамуының ең басты кілті басқарушылық тетіктерде, яғни, кәсіби мемлекеттік құруда екенін Елбасы тап басып таныды. Өйткені, нақты 100 қадамның 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналған. Ендігі міндет – мемлекеттік аппараттың әлеуетін одан әрі дамыта түсу. Алдағы уақытта осы жолда мынадай өлшемдер қолданылатын болады: мемлекеттік қызметшілер үшін жеке жылдық жоспарларды орындау, мемлекеттік органдар үшін стратегиялық жоспарларды орындау, министрлер мен әкімдер үшін – мемлекеттік қызмет сапасының арнаулы индикаторлары, өмір сапасы, инвестиция тарту, үкімет мүшелері үшін – интегралдық макроэкономикалық индикаторлар. Бұл дегеніміз, белгілі бір мақсатқа, нақты нәтижеге қол жеткізу, былайша айтқанда, түпкі көзделген міндеттің орындалуы. Яғни, тұтас ұжым жұдырықша жұмылып, бір арнада жұмыс істей білу деген сөз.

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру – бұл әрбір мемлекеттік қызметшінің атқарған ісінің жауапкершілігін сезінуі деген сөз. Біз халықпен жұмыс істеуді жаңа сатыға көтеріп, сыни пікірлердің арқасында мемлекеттік қызметтің жұмысын әрі қарай жетілдіре беруге тиіспіз. Әрбір қызметкер үнемі ізденісте болып, жұмысының тиімділігін арттыруы қажет.

Еліміздің болашағы – халқымыздың біртектілігі мен бірлігінде. Қазақстан Республикасы бұрыннан да, тәуелсіздік жылдарынан бері де көпұлтты мемлекет бола тұра ешқандай шиеленіске, түсініспеушілікке жол берген жоқ. Керісінше, татулығы жарасқан ел ретінде өсіп, өркендеп келеді. Ұлт жоспарындағы қадамдар осы бағыттағы жұмыстарды нығайта түсері хақ. Халқымыз қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің  тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бері бағалап келген. Татулық, бірлік, келісім – ең асыл іс. ҚР тәуелсіздік алғалы бері осы ұранды ту етіп келеді.

Көптің көңілінен шыққан екінші бір жәйіт – ол Елбасының сыйбайлас жемқорлыққа жол бермеудегі жүйелі жұмысты жолға қою маңыздылығын айта келе, мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылымында сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жеке дербес бөлімшені құруға тапсырма берді. Бұл да жегі құрт атанған жемқорлықты ауыздықтауға әкелетін қадам болмақ. Елбасы сыбайлас жемқорлық белгілерінің алдын алу шараларын сауатты жолға қою үшін қоғамдық бақылау институтын енгізуді ұсына отырып: «Профилактиканың пәрменді тетігі қоғамдық бақылау болып табылады» деді. Расында да осы жүйені іске қосу арқылы ғана мемлекеттік аппарат жұмысының ашықтығы мен қоғам өмірінің қай саласында болсын жария ақпаратқа қол жеткізуге болатыны белгілі. Мемлекетіміз түрлі қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің өрістеуіне жол ашып отыр.

Ұлт жоспарының 100 нақты қадам бағдарламасы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарында аудандық мәслихат депутаттарының қатысымен талқыланып, кездесулер ұйымдастырылып, оларды жүзеге асыру жөнінде іс-шаралар жоспары белгіленді. Осы бағыттағы жұмыс барысында жеке кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бағаны тұрақтандыру, жұмыс орындарын ашу сияқты өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасылды. Ауылдарға, елді мекендерге шығып, ұлттық жоспарды жүзеге асыру бағытында насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ақпараттық насихат тобы құрылып, жоспарға сай жұмыстануда. Қазіргі уақытта төрт кездесу, екі дөңгелек үстел ұйымдастырылды, қатысушылардың пікірлері тыңдалды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген біз осынау ұлттық реформада Елбасы белгілеген тапсырмаларды орындауға ел болып жұмылсақ меже биігінен көрінеріміз хақ.

 

Т. АРЫСТАНБЕКОВ,

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,

аудандық мәслихаттың депутаты.

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар