11.10.2015, 22:23
Қараулар: 230
Ұстаздар ұлықталған күн

Ұстаздар ұлықталған күн

Мамандықтың бәрі жақсы, бәрі керек адамға,

Тіршілікте әркім бөлек ілеседі заманға.

Бірақ біздің мамандықтың қасиеті осында,

Бізден оқып білім алған ғалым, ақын, шопан да.

Ұстаз деген ұлы есімді арақалаумен бүгін біз,

Болашақтың тәлім, білім – көтереміз жүгін біз.

Сондықтан да біздің еңбек жоғары тұр бәрінен,

Сол биіктің төмендетпей көтерейік жүгін біз, – деп ұстаздар күніне арналған «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты салтанатты жиынды ашқан жүргізушілер бұл мамандықтың қасиетіне кеңінен тоқталды. Атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сөзін келтіре сөйлеген аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов биыл техникалық кәсіби білім беруге де 75 жыл болғанын ескеріп, ауданымызда осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген Бөкей Ордасы колледжінің оқытушылар қауымын да қызу құттықтады. Үздік мұғалім деп танылған Клара Қожақоваға (Б.Жәнекешев атындағы орта мектеп), Бибігүл Сабыроваға (Жәңгір хан), Арайлым Ишанғалиеваға (М-С.Бабажанов) және кәсіби техникалық білім берушілер Алтын Тінәлиеваға, Дәурен Әменовке, Райгүл Құбайтоваға, Фархат Таңатовқа «Алғыс хаттарын», сонымен қатар аудандық балалар техникалық шығармашылығы орталығының директоры Мереке Махимовқа облыстық білім беру басқармасының «Құрмет грамотасын» салтанатты түрде табыстады.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев та әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, еңбегімен еленгендерге, әр жылдары «Алтын белгі», Ерекше аттестат иегері атанған түлектердің алғашқы мұғалімдеріне, соңғы жылдары жетістіктерімен танылған шәкірттердің жетекшілеріне Құрмет грамотасы мен гүл ұсынды. Бұл салтанатта ардагер ұстаздардың да есімдері аталып, оларға да гүл сыйланды. Зейнет жасына жеткен жәңгірхандық Ерсайын Молдашевқа және мерейлі жасқа толған білім саласының өзге де қызметкерлеріне сыйлықтар берілді.

«Отбасы – шағын мемлекет» деп білетін  ұйымдастырушылар бұл жорықта педагогикалық династиялардың байқауын да оздырды. Ең үздік деп танылған Жахатовтар отбасын ортаға шақырып, құрметтесе, облыстық отбасылық байқауларда аудан намысын қорғаған жанұялар да осы мерекеде құрметке бөленді.

 

Раушан БАҚЫТОВА.