11.10.2015, 22:18
Қараулар: 325
«Үздік жас отбасы»

«Үздік жас отбасы»

Облыста оздырылған «Үздік жас отбасы» байқауында аудан намысын абыроймен қорғаған ұялылық Өтәлиевтер отбасын аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов қабылдап, әр ауданның бетке ұстар жастарының арасында озық деп танылып, жүлделі ІІ орын алуларымен құттықтады.

Сонымен қатар оларға аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев, аудандық демалыс орталығының директоры Жоламан Сейсенғалиевтер сенімді ақтап, аудан мәртебесін марқайтқаны үшін алғыстарын жаударды.

Алған әсерлерімен бөліскен отағасы Сексенбай аталмыш байқау үш тур бойынша өткенін мәлімдеп, өз қойылымдарының ерекшелігіне тоқталды. Нақтырақ айтсақ, таныстыру бөлімінде Өтәлиевтер алдын ала дайындалған бейнероликте қырдағы қазақтың тыныс-тіршілігін паш еткен (атқа үстінде мал бағып, шоқ самаурынмен шай қайнатып, сиыр сауыпты). Сонымен қатар сән үлгісі турында да Сексенбай мен Жанар және ұлдары Ерқанат, Нұрасыл мен қызы Нұрдананың арнайы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің көмегімен тіктірілген ұлттық киімі де қойылған талапқа сай шығып, сайыскерлерді биік тұғырға бір табан жақындата түскен. Ал, тапқырлық бөлімінде бұл жас отбасы ұзақ ізденіп, 220 дана бір реттік стаканнан аспалы шам жасаса, ұлдары ән шырқап, көптің ілтипатына бөленіпті. Осылайша, 11 отбасының ортасынан суырылып шығып, ІІ орыннан көрінген аталмыш жанұяға Нұрлан Сағынтайұлы бұл жетістіктерің тек бастама ғана болсын деген ізгі ниетін білдіріп, Алғыс хат пен сыйлықтар табыстады. Өз кезегінде Сексенбай Өтәлиев өздеріне сенім артып, осындай байқауда бақ сынауға мүмкіндік туғазған атүстіндегі азаматтарға алғыстарын жаудырды.

Р.БАҚЫТОВА.