11.10.2015, 22:15
Қараулар: 267
«Думан» тойханасындағы ізгі шара

«Думан» тойханасындағы ізгі шара

Қазан айының бірінші күні – қариялардың дәстүрлі төл мерекесі. Осы күні «Думан» тойханасында аудан орталығындағы ардагерлермен оздырылған басқосуға аудан әкімі Н.Рахымжанов, орынбасары Л.Қайырғалиева, мәслихат хатшысы Е.Таңатов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Арыстанбеков, Сайқын ауылдық округінің әкімі Б.Насимоллин, бірқатар мекеме, бөлім басшылары қатысып, ізгі тілектерін жеткізді. Олар осынау аға ұрпақ өкілдері бүгінде зейнеткерлікте болса да, кезінде әр салада қажырлы еңбек етіп, аудан экономикасын көтеруге елеулі еңбек сіңіргендерін тілге тиек ете келе:

– Қазір де қоғам өміріне үн қосып келесіздер. Сіздердің іс-тәжірибелерің мен ақыл-кеңестерің кейінгі толқын үшін сарқылмас қазына. Әркез денсаулықтарың мықты болып, осылай белсенді өмір кешіп жүре беріңіздер,– деген тілектерін білдірді. Басқосуда сөз алған Социалистік Еңбек Ері Е.Есімов және Н.Қадымов, Г.Бисекенова, Ж.Камалов, О.Қажипанов, тағы басқалар кең дастархан жайып, сый-құрмет көрсеткендері үшін ауданның басшы-қосшыларына, барша қызмет көрсетушілер мен демеушілерге шынайы ризалықтарын білдіріп, алғыс айтты.

Алғанды айтпа, бергенді айт. Демеушілік жасап, ас мәзірі шығынын көтерген ауыл шаруашылығы саласындағы жеті мекеме екенін білдік. Осы мекемелердің қызметкерлері бірігіп, өз қалталарынан қаржы шығарып, қарияларға арнайы қонақасы беруді ұйғарыпты.

– Кімдерді шақыратыны ауыл әкімдігінің құзырында ғой, ал, жоғарыда аталған жеті мекеме ұжымы өз тарапынан 80 ардагерге есептеп тапсырыс берді,– деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин.

Сый-құрметке бөленген қариялар жарасты әзіл-әңгімелерін айтып, ән салып, би билеп бір жасап қалды. Аудандық демалыс орталығының өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, үлкендерге рухани қызмет көрсетті. «Сыйласаңдар кәріңді, жарылқармын бәріңді» деп жаратқанның өзі айтқандай, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету қазақтың қанында бар қасиет қой. Ендеше, қазақ бар жерде құрмет те жоғалмасы айқын.

 

А.ХАМЗИН.