11.10.2015, 22:13
Қараулар: 310
Аталымдар бойынша үздіктер анықталды

Аталымдар бойынша үздіктер анықталды

2 қазан күні аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиеваның кабинетінде аудан басшысы Н.Рахымжановтың 2015 жылдың 14 қыркүйек 1 қазан аралығында аудан бойынша ауылдық округтер арасында «Үлгілі аула», «Үздік кіреберіс», «Таза көше» конкурсын өткізу жөніндегі  №117 (14.09.2021) өкіміне сәйкес жеңімпаздарды анықтау жөніндегі конкурстық комиссияның қорытынды отырысы оздырылды.

Бірден айта кетейік, конкурс ҚР 2001 жылғы 23 қаңтардағы «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңын басшылыққа ала отырып, тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қоғамда қалыптастыру бағыты бойынша ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралардың 2015-2016 жылдарға арналған жоспарын іске асыру мақсатында өткізу көзделген. Конкурстың нәтижесі төмендегі өлшемдер бойынша бағаланып, сәйкесінше орын белгіленді:

– тіркелген қылмыстардың саны (аз көрсеткіштер оң нәтиже болып есептеледі);

  • ішкі істер органында есепте тұрған адамдардың (оның ішінде кәмелетке толмағандардың саны);
  • аулалардың тәртіп және тазалық жағдайы, эстетикалық безендірілуі, көгалдандырылуы (гүл, терек отырғызылуы), аулада темекі шегетін арнайы орынның, демалатын орынның (скамейка, беседка) болуы.

Конкурстық комиссия мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде жеңімпаз болып танылғандар: «Үлгілі аула», «Үлгілі кіреберіс»  аталымдары бойынша:

І орын М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп, ІІ орын аудандық аурухана, ІІІ орын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Ұялы ауылдық округі әкімдігіне бұйырды.

Тұрғын үйлер арасынан: Арон Каукешевтің ауласы І орын, Шынтемір Лайықовтың ауласы ІІ орынға (екеуі де Бисен), Айболат Дүйсенғалиевтің ауласы (Сайқын) ІІІ орынға лайық деп танылды.

«Таза көше» аталымы бойынша І орын Бисен Жәнекешев атындағы көшеге (Сайқын), ІІ орын Хамит Маданов атындағы көшеге (Ұялы) бұйырды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімін конкурсқа қатысуға құжат тапсырған Сайқын, Бисен, Ұялы ауылдық округтерінің әкімдері жүзеге асыратын болды.

Ал, Орда, Мұратсай, Т.Масин, Саралжын ауылдық округтерінің әкімшілік аппараттары хабарлы бола тұра бұл конкурсқа қатысуға құжат тапсырмай, одан сырт қалулары өкінішті-ақ. Бұл не сонда, шараның маңызын түсінбеу ме? Асылы, еркіне салмай, мұндай шараға қатысуға міндеттеген жөн сияқты. Оларда да таза көше, үлгілі аула бар шығар.

А.ХАМЗИН.