11.10.2015, 22:12
Қараулар: 391
Ерлігі елге мәшһүр

Ерлігі елге мәшһүр

Аудан орталығындағы М.Мәметова атындағы орта мектепте 2 қазан күні Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туған күніне орай салтанатты жиын оздырылды. Мемлекеттік Гимн шырқалғаннан кейін осы мектептің оқушысы Ырысханым Набиғалиева Батыр-қыздың азан шықырып қойылған есімі Мәнсия болғанымен, неліктен Мәншүк атанғандығын баяндап, оның ерлікпен өткен жауынгерлік жолдарынан көпшілікті хабардар етті. Қаһарман жерлесіміздің ескерткішіне гүл шоғын қою аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Жасұлан Сабыров пен аудандық білім бөлімінің әдіскері Сәрсенбай Қуаншәлиевке ұсынылды. Өз кезегінде Жасұлан Нұрланұлы осындай даңқты жерлесіміздің атындағы мектептен әлі талай дүлдүлдер шығатынына сенім білдірді. Ерлігі елге мәшһүр болған Батыр қызды жиналғандар минуттық үнсіздікпен еске түсіруді де ұмыт қалдырмады.

Осылайша, бұл күні шығыстың қос шынарының бірі, даңқты жерлесіміз Мәншүк Мәметова рухына құрмет көрсетілді.

Р.БАҚЫТОВА.