9.07.2015, 6:07
Қараулар: 297
Тастан табыс тапқан

Тастан табыс тапқан

15


Бөкей ордасы — облыс орталығынан шалғай жатқан аудан демесеңіз, мұндағы қызу тірлікті, қайнаған жұмысты көріп, еріксіз көзің қызығады.


Аудан орталығы  Сайқын ауы­лында тұратын Қуаныш Шәріп­қа­лиев осыдан он шақты жыл бұ­­рын кәсіпкерлікке бет бұрған екен. «Аққу» деп аталатын шағын кә­сіп­орын құрып, әуелі көлік жуа­тын орын ашыпты. Одан әрі кө­лік жөн­дейтін цехты жандандырып, біраз уақыт осы шаруамен айна­лысқан.

— Мемлекет тарапынан кәсіп­керлерге берілетін көмек, жасалатын жеңілдіктерді көргеннен ке­йін қарап отырмай жұмыс ая­сын ұлғай­туды ойластырдым. Сөй­тіп, өт­кен жылы Ауыл шаруашылы­ғын қар­жы­лай қолдау қорынан 3 млн. теңге несиеге қажетті станок сатып алып, керамзит кірпіш өндіруге кірістім», — деді Қуаныш бізбен әң­гімесінде.

Кәсіпкердің өніміне қазірдің өзінде сұраныс көп. Ауыл-ауылда құрылыстың қыза түсуі Қуанышқа да қолайлы болып тұр. «Жастар бұрынғыдай қалаға қашпайды, қай­та ауылда тұрып, үй салып алу­ға пейілді. Сондықтан өнімімді өт­кізуге еш қиындық жоқ», — дейді өзі. Кірпіштің бағасы қымбат емес, әр данасы 160-180 теңге. Бұл қа­ла­да­ғы бағамен бірдей деген сөз. Ши­кі­зат Ресейден әкелінуде. Еура­зиялық экономикалық одақ аясында кедендік кедергілер алы­нып тасталған соң тауардың өзін­дік құны тым қымбат емес. Жал­пы саны 8 адамды жұмыспен қам­ты­ған кәсіпкер келешекте тек ке­рамзит кірпішпен шектеліп қал­май, құдыққа қажетті бетон құр­­сау, тротуар төсемін шығаруды жоспарлауда.

Айтпақшы, Қуаныш аудан орта­лығындағы қоғамдық моншаны да сенімгерлік басқаруға алыпты. «Кезінде 30 орындық монша салынып, екі-үш жыл жұмыс істегеннен кейін жұмысы тоқтап қалған еді. Біз моншаны іске қостық. Күні бүгін монша жұма, сенбі, жексенбі күндері жағылады. Жұма күні балалар, қалған екі күн ересектер келіп түседі. Бағасы – 300  теңге. Жалпы, халық риза», — дейді кәсіпкер.

Тоқтасын КЕНЖЕҒАЛИ,

Бөкей ордасы ауданы