9.07.2015, 6:06
Қараулар: 369
«Өмірде жайдарымын, алаңда байсалдымын»

«Өмірде жайдарымын, алаңда байсалдымын»

2


Бауыржан ОМАРОВ,

«Ақжайық» футбол командасының қорғаушысы:

Амплуа: сол жақ қанаттағы қорғаушы (№14)

Туған күні: тамыз айының үшінші жаңасы

Туған жылы: 1990 жыл

Туған жері: Ақжайық ауданындағы Қарауылтөбе ауылы

Руы – Алаша

Нағашы жұрты – Арғын

Бойы: 180 см

Салмағы: 77 келі


— Бауыржан бауырым, сені­­-мен сұхбатты жас футбол жұл­дыз­дарына қояр дәстүрлі сұрақ­пен бастағалы отырмын. Сенің алдыңнан таңғажайып футбол әлемінің есігі қалай ашылды?

— Біздің отбасымыз 2000 жылы ауылдан Орал қаласына көшіп келді. Сабағымды Оралдағы №41 қазақ орта мектебінде жалғастырдым. Ауылдағыдай қалада да бір аулада тұратын балалармен доп қуып, футбол ойнай бастадым. Бірақ мен ол кезде орысша жөнді білмейтін едім, сол себепті соған қысылып, ауладағы қазағы бар, орысы бар, ылғи орысша сөйлейтін балалармен бірден емін-еркін арала­сып кете алмадым. Дегенмен менің фут­болды тым жақсы ойнайтыным­ды көргесін олар маған өздері іш тарта бастады. Сөйтіп жүріп бір-бірімізге бауыр басып кеттік. 2001 жылдан бастап Орал қаласында­ғы №4 балалар мен жасөспірім­дердің спорт мектебіндегі футбол үйірмесіне бара бастадым. Алғашқы бапкерім – Куденко Алексей Александрович. 2004 жылға дейін балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатысып, тіпті Ресейге дейін барып жүрдік. 2004 жылы Оралдың сол кезде­гі «Жастар» командасына, ал 2006 жылы қазіргі «Ақжайықтың» қосал­қы құрамына шақырылдым. 2008 жылдан бері «Ақжайықтың» негізгі құрамындамын. 2012 жылы Қазақстан Республикасының жас­тар құрама командасына шақы­ры­лып, 2 ойын өткіздім.

Айтпақшы, футболға біржола ден қойғанша, Оралдағы «Олимп» бокс мектебінде бүгіндері еліміз­дің еңбек сіңірген бапкері, кәсіп­қой бокстан Еуропа және әлем чемпионы Роман Кармазиннің ал­ғашқы жаттықтырушысы Қуаныш Уахасовтың жетекшілігімен 7-8 ай бокспен шұғылдандым. Алайда бокс мені футболдай бірден үйіріп, еліктіріп алып кете қойған жоқ.

— Мен сені жасыл алаңнан көргелі бері сен қорғаушысың. Біз де бала кезімізден футбол ойнап өстік. Негізі балалар қақ­паға тұруға, қорғаныста ойнауға онша құлықты бола бермейді. Әдетте бала біткен шабуылда атой салып, өзі гол салуға құмар…

— Мен әуелден қорғаушымын, ағай. Бірінші бапкерім әп дегеннен мені қорғаныс шебіне қойды. Рас, әуелкіде оң қапталда ойнадым. Бірақ бірер ойыннан кейін Алексей Александрович, «Баукебай, се­нің оң аяғыңа қарағанда, сол аяғыңның тепкісі тегеурінді екен. Енді қорғаныстың сол жақ қана­тын саған сеніп тапсырамын» деді. Содан бері қанша жыл өтсе де, мен осы позициядан айныған емеспін. Бапкерім дер кезінде байқаған, мен тамақты ғана оң қолыммен ішемін, қалған шаруаның бәрін негізінен сол қолмен атқарамын. Кішірек кезімде тамақты да сол қолмен ішетін едім. Бірақ бастауыш класта оқып жүргенде үйдегілер педагогтардың айтуымен тамақты оң қолмен ішуге дағдыландырды.

— Бауыржан, Қазақстан футбол федерациясының басшы­лығының ұйғарымы бойынша келесі жылдан бастап, бірінші топ командаларының құрамын­да шетелдік легионерлердің ой­науына тыйым салынбақ. Сен мұны құптайсың ба?

— Әрине, құптаймын. Өйткені әл­гіндей қадам отандық футболшы­лардың бағын ашары кәміл. Әйт­песе, әжептәуір қарым-қабілеті бар өзіміздің біраз жігіт қосалқы ойыншылардың отырғышында оты­рып-ақ «кәрі қызға» айналып барады. Рас, кезінде «Ақжайықта» құрамында ойнаған Мозес Саки, Хаман Саджо, Якуп Хлебон секілді легионерлерден техникалық әдіс-тәсіл, тактикалық сауаттылық, спорттық режімді сақтауға жа­уапкершілікпен қарау сияқты мә­селелер бойынша біздің де үйрен­геніміз болды. Бірақ солай екен деп, өзіміздің жігіттердің талантын қосалқы құрамда тұншықтыруға болмайды.

— Арғы-бергі футболшылардан кім ерекше ұнайды?

— Бұл мәселеге келгенде, менің­ше, әр футболшы алдымен өзінің жасыл алаңдағы орнына, яғни амп­луа­сына қарап, «тон пішеді». Кезінде Мадридтің «Реалында» бра­зи­лиялық Роберто Карлос деген сол қапталда тасқамал қор­ғаушы болды. Робертоның қарсы­ласынан допты ойын ережесін бұзбай тартып алуы, дәл пас бе­руі, керек жерде шабуылдың отын шебер көсеуі, жүгіру ұшқырлығы, тіпті баспен ұтым­ды ойнауы және сол аяғының жойқын тепкісі оған қатысты жа­сыл алаң­дағы пайдалы әрекет коэффи­циен­тін еселей түсетін. Алаңдағы ғаламат шеберлігіне қоса, Кар­лос өмірде балалар үшін көптеген қай­ырымдылық шараларға үнемі ұйытқы болып жүреді.

— Ал бапкерлерден кімді бөле-жара атар едің?

— Ұлыбританияның атақты фут­бол клубы «Челсидің» қазіргі бас бапкері Жозе Моуриньоны. Португалия құрамасының кезіндегі даңқты қақпашысы Феликс Моуриньоның ұлы бола тұра, Жозе Моуриньо бұл өзі жарытып футбол ойнап, жасыл алаңда жарқырап көрінбеген кісі. Бірақ біраз уақыт «кәрі құрлықтың» «Аякс», «Пор­ту», «Бавария», «Барселона» сықыл­ды әйгілі командаларының бас бапкерлері ретінде біраз жеңіс-жетістікке жеткен Бобби Робсон, Луи Ван Галь секілді дүние жүзіне танымал футбол мамандарының «барып кел, алып келдің» дең­гейіндегі көмекшісі бола жүріп, Жозе Моуриньо көңіліне көп нәрсе түйгенге ұқсайды. Ол мық­ты психолог, керемет менеджер. Жозе Моуриньо қай футболшы қай позицияда ойнаса, командаға көп пайдасы тиеді, қай футболшы «Челсидің» жейдесін кисе, оған да, клубқа да тиімді, қай легионер беретінін беріп болды, босқа уақыт созбай, енді кіммен қош айтысқан жөн, міне, коман­да үшін осындай көкейкесті мәсе­лелердің күретамырын дөп баса білетін кәнігі футболдық функцио­нер. Ал өзімнің өмір жолымда жолыққан бапкерлерден 2013 жы­лы «Ақжайықтың» бас бапкері бол­ған Погус Галстянның жігіт­терді ойын алдындағы жігерлендіруі, намысты жанып айтар сөздері, көп сөзділікке ұрынбай, тап-тұйнақ­тай қылып нақты тапсырма беруі ұнайтын.

— Осыған дейін біздің газетте сенің командалас жора-жолдастарыңнан Руслан Хайы­­ров, Элдар Абдрахманов, Мейрам Сапанов секілді біраз жер­гілікті футбол жұлдыздары­мен сұхбат жарияланды. Осы аза­маттардан әңгіме барысында, сөз арасында «Қай коман­да­ласыңды ерекше дос тұтасың?» деп сұрағанымызда, олардың барлығынан дерлік «Жігіт­тер­дің бәрімен жақсымын, әсіресе, Бауыржан Омаровпен әркез әңгімеміз жарасады» деген ба­ғытта пікір естідік. Соған қара­ғанда сен мінезің жәйлі жігіт­сің-ау, Бауыржан?..

— Өзімнің мінезімді өзім мақ­таған орынсыз болар. Мен де біз­дің клубтың құрамындағы бар­­лық футболшымен жақсы қарым-қатынастамын. Ешкімді бөліп-жарып атай алмаймын, командалас­тарымның бәрін де сыйлаймын. Жігіттердің қай-қайсысы да жасыл алаңда ко­ман­да­ның мүддесі үшін барын да, жанын да салады.

Жалпы, мен өмірде жайдарымын, ал алаңда байсалдымын. Ой­­ын­нан былайғы уақытта, әсіре­се, дос-жаран, замандас құр­бы-құр­дастармен отырғанда өзім әде­мі әзіл, орынды қалжыңға үйі­рмін. Яғни жастардың мәне­рі­мен сөз саптар болсам, өз басым «прикол тастауға» бейім тұрамын. Бәлкім, әзіл-қалжыңға әуес бол­ғандықтан мені жігіттер жандарына жақын тұтатын шығар…

— Әдетте танымал спорт­шы­лардың көбі сөзге шорқақтау келеді. Ал сен ана тілімізде керім жатық сөйлейсің…

— Бұл – ата-әжем мен әке-шешем­нің тәлім-тәрбиесіне қоса, мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген Төлегенова Жанат апайымыздың арқасы.

— Ата-анаң, жалпы сіздің от­басы туралы айтып өтсең?

— Мен ата-әженің бауырында өскен баламын. Сол себепті әң­гімені үлкен кісілерден бастай­ын.

Атам Сатыбалдының ма­ман­ды­ғы инженер-ді. Кезінде ауыл шаруа­шылығы саласында өз ма­мандығы бойынша жылдар бойы жемісті еңбек еткен атам 2008 жылы қайтыс болды. Ол өзі өмірден озғанша менің Оралдағы ойынымды жібермей, «Бүгін менің балам ойнайды» деп, матчты алаңға аяқ­тай барып көретін. Әжем Роза зейнеткерлікке шыққанша медбике болып қызмет істеді. Құдайға шүкір, әжем әлі бақуат. Алайда әжем атам құсап, алаңға бармай, футболды үйде отырып, теледидардан көреді, — деп бір жымиып қойды кейіпкеріміз.

Әкем Нұрлан кезінде футболмен де, бокспен айналысқан. Ол бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы гидромелиорация ин­ститутын тәмамдаған. Анам Лау­­ра да сол институттың түлегі. Өзім­нен бес жас кіші інім Еркін биыл Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы ме­дициналық уни­вер­ситеттің үшін­ші курсын бітірді, болашақ хирург.

— Бауыржан, үй шаруасы бо­-й­ынша ата-анаңа қолұшын беруге уақыт табыла ма?

— Менің ойымша, егер адамның өзінің ынта-ықыласы болса, бәріне уақыт табуға болады. Бұрындары біз көп қабатты, көп пәтерлі үйде тұрдық. Ондай мекенжайда анда-санда кілем-алашаны аулаға шы­ғарып, шаңын қағу болмаса, ер балаға көп жұмыс бола бермейді ғой. Ал соңғы бірер жылдан бері біз Асан ауылында жер үйде тұрамыз. Аулада бау-бақшамыз бар. Біздің аулада алма, өрік, шие секілді жеміс ағаштары өсіп тұр. Сонымен қатар жылма-жыл аулаға таңқурай, құлпынай, қияр-қызанақ секілді көкөніс түрлерін егеміз. Қолым қалт етсе, ата-анама көктемнен күзге дейін жер баптауға, бау-бақша суарып, оны арам шөптен арылтуға міндетті түрде көмектесемін.

— Футбол жұлдыздарының жеке өміріне қатысты жаңа­лықтар да жанкүйер қауымның назарынан тыс қалмайды ғой, Бауке. Осыдан бірер ай бұрын сен құда түсіріпсің, алдағы қа­рашада үйлену тойың болатын көрінеді. Болашақ қалың­дығың саған қандай қадір-қа­сиетімен ұнады?

— Иә, мамыр айында ата-анам болашақ құда-құдағиының алдынан өтіп, құда түсіп, келешек келіндерінің құлағына сырға салып қайтты. Қалыңдығымның есі­мі – Гүлфиза.

Қазақта «Анасын көріп, қызын ал, ыдыс-аяғын көріп, асын іш» деген мақал бар ғой, мен әуелі Гүлфизаның ата-анасы туралы «Өте тамаша кісілер, өнегелі жан­ұя, берекелі отбасы» деген мақ­тау­лы пікірлерді көп естідім. Сосын Гүлфизаның сұлулығы мен сым­батына қоса, оның өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы шынымен де менің қалыңдығымның жақсы тәрбие алғандығын дәлелдей түс­ті. Өз басым Гүлфизаның болашақ­та үлкенді сыйлай білетін, менің әжемнің, ата-анам мен ағайын-туысымның, дос-жаран, жора-жол­дастарымның көңілінен шыға­тын мақтаулы, сыйлы келін болатын­дығына нық сенімдімін.

— Сенімің алдамасын, Бауыржан бауырым. Қол ұстасып ұзақ жолға шығуға ниеттенген Гүлфиза екеуіңе «Орал өңірінің» ну ормандай оқырмандары мен «Ақжайық­тың» мың-сан жан­күйерлері атынан құт­ты қадам, сәтті сапар, баянды бақыт ті­лейміз!

— Рақмет, аға. Айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан Бақытжан ҒАБДУЛЛИН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар