4.07.2015, 8:05
Қараулар: 1165
Отқа да, суға да шыдамды

Отқа да, суға да шыдамды

IMG_5401


Жақында кәсіпкерлердің өңірлік палатасы мен «Наноблок» ЖШС қызметкерлері бірлесіп, бюджеттік құрылыс аясында жұмыстанатын бірқатар құрылыс компаниясы мен мемлекеттік орган өкілдерін аталмыш компания өнімдерімен  таныстырды.


Құрылғандарына бар-жоғы екі-ақ жыл болған компания биылдан бастап құрылыс жұмысына қажетті газбетонды блоктар шығара бастапты. Компанияның бір жыл уақыты сатып алынған құрылғыларды орнатып, өндірістік технологияны өздеріне лайықтап, қайта жасақтауға кетті. Яғни заманауи құрылыс материалын даярлау үдері-сінде ресейлік станоктардың тек 20 пайыздай ғана үлесі қалды. Қалғанын «Наноблок» ЖШС мамандары өз өндірістеріне сәйкестеп, қайта өңдеді. Бұл жағдай кәсіпорынның бәсекеге қабілетті, сапасы жағынан ресейлік өнімнің өзін басып озатын заманауи құрылыс материалын жасап шығаруына мүмкіндік берді.

— Бағдарламалық басқару арқылы жұмыс істейтін Ресей станоктарын сатып алдық. Соның арқасында өндіріске қолайлы құ-рылыс материалының жаңа түрін жасап шығаруға қол жеткіздік. Жаңа өнімнің құрметіне мекемеміздің атын «Наноблок» деп атадық, — дейді компания директоры Қайрат Төремұратов.

Компания өкілдерінің айтуынша, газбетон құрылыс жұмысында берік қабырға ретінде жиі пайдаланылады. Газбетондардың кәдімгі кірпіш тастардан бір айырмашылығы, олар көлемді және берік, әрі сырттағы шуды ішке өткізбейді және керісінше, іштегі жылуды сыртқа шығармайды. Ауқымды құрылыс материалы жұмыстың жүруін тездетеді, бұған қоса газды бетонның құрамындағы қоспалар оның ыстық-суыққа төзімділігін арттырады, басқаша айтқанда, отқа да, суға да шыдамды. Газбетонды блоктар ірі болғандықтан, қабырғаларды құрастыру жұмысын тездетіп, еңбек өнімділігін арттырады. Мамандардың пікірінше, кірпіштастарға қарағанда, газбетонды үй салу 3-4 есеге жеңіл әрі жедел. Газбетонның беріктігін компания қызметкерлері тұсаукесер рәсімінде іс жүзінде дәлелдеді. Олар заманауи құрылыс материалын шараға  қатысушылардың көзінше цехтың цемент еденіне қатты соққанда, газбетон өңін бермеді. Яғни пештен жаңа ғана шыққан блоктас барлық сынаққа төтеп беріп, сынбады.

Мамандардың сөзінше, технологияға сәйкес блоктас пештен шыққаннан кейін көтеріліп, қатаяды. Содан кейін олардың сапасын арттыру үшін тура 28 күнге полиэтиленге орап тастау керек. Нәтижесінде осындай ғажайып құрылыс материалы алынады.

Қазіргі таңда өндіріс екі ауысымда тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Бұл жерде 24 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.

– Біз әзірге тәулігіне 76-80 текше метр өнім даярлаймыз, бірақ қажет болған жағдайда өнім көлемін 100 текше метрге дейін көбейтуге мүмкіндігіміз бар, — дейді Қайрат Сағынғалиұлы. – Дәл қазіргі уақытта өз өнімімізді қалай да нарыққа шығару мақсатында тынбай жұмыстанып жатырмыз. Көп ұзамай, біз даярлаған газбетонның сапалы әрі тиімді екенін құрылысшылар қауымы мойындайды деп ойлаймын. Әзірге «Наноблок» өнімдерін мемлекеттік бағдарлама бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан «Строительная инициатива» ЖШС пайдалануда. Серіктестік жігіттері өнім сапасын жоғары бағалап отыр. Басқаша болуы мүмкін емес, өйткені біз өнімдерімізді даярлау барысында басты назарымызды оның сапасына аударамыз. Газбетон өнімдерін қолданысқа шығармас бұрын оның сапасын тексеру мақсатында барлық қажетті зертханалық тексерістерден өткіздік. Нәтижесінде «Наноблок» өнімдері темірбетон және бетонды құрылымдар қауіпсіздігіне қойылатын талап үдесінен шығып, техникалық регламент бойынша сәйкестік сертификатын алды.

Шыны керек, Ресей рублінің құнсыздануы тек ресейліктердің ғана емес, сонымен қатар батысқазақстандық кәсіпкерлердің де жұмысына кедергі келтіруде. Қазіргі таңда Ресейдің арзан тауарлары біздің сауда нүктелерімізде сықап тұр. Соның кесірінен отандық өнім қаншама сапалы болса да, Ресей тауарларына қарағанда қымбаттау болғандықтан, өтіңкіремей тұр. Осындай қиындықты көріп, жақында «Наноблок» ЖШС өңірлік кәсіпкерлер палатасынан тауарларын тарату, өткізу жөнінде көмек сұрады. Облыстық кәсіпкерлер палатасы бәсекеге қабілетті өнім өндіріп отырған мұндай кәсіпорындарды қолдауға қашан да ниетті. Бұл жағдай «Нано-блок» компаниясының жұмысының жүруіне, оның жобалық қуатына толық шығуына мүмкіндік бермек. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың жолын кеседі. Тағы бір айта кететін жайт, жергілікті компания даярлаған газбетондардың бағасы ресейлік осындай өнімдердің бағасынан әлдеқайда арзан екен. Бұған қоса өнім өндірушілер тапсырыс берушілерге қала ішінде тегін жеткізіп береді. Қаражатын үнемдей білетін құрылысшылар үшін бұл өте тиімді ұсыныс.

Біз осы сапарымызда заманауи талапқа сай жетілдірілген, шетелдік құрал-жабдықтарда даярланған жергілікті құрылыс материалдарының сапасы, шынында да ешкімдікінен кем түспейтінін көріп, қуандық.

Наталия ПОРТНЯГИНА,

Орал қаласы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар