30.06.2015, 6:40
Қараулар: 296
«Ұлттық рухпен бірге Қадыр мәңгі жасай береді»

«Ұлттық рухпен бірге Қадыр мәңгі жасай береді»

15


Қазақтың Қадырының 80 жылдық мерейтойы маусымның 28-і күні ақынның туған жері Сырым ауданында ауқымды іс-шаралармен жалғасты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған, құрамына ақынның жары Салтанат, немерелері, сондай-ақ қабырғалы қаламгерлер мен өнер тарландары енген делегация алдымен Жымпитыға барар жолдағы Сырым батыр шыққан төбеге тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.


Жымпиты жұрты ақын тойына тыңғылықты даярланған. Қадыр ақынның қоладан құйылған тұтас тұлғасы туған ауыл-аймағының перзентіне деген ыстық ықыласының жарқын көрінісіндей еңселі көрінеді. Ескерткішті ашу құрметі жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұқанбетқалиевке, қаламгер, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнеске, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға, БҚО мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшарға, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменге, өлкетанушы Жайсаң Ақбайға және Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Отарбай Сарғозыұлына ұсынылды.

Салтанатты шарада өңір басшысы Нұрлан Ноғаев сөз сөйледі. «Облысымызда  ауқымды іс-шаралар өтуде. Оралда қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылды, ескерткіші қойылды. Ел ағалары, зиялы қауым өкілдері келіп қатысты. Енді, міне, ақын қанаттанып, рухтанып, Алматыға аттанған Жымпиты топырағында ескерткіші орнатылды. Баршаңызға құтты болсын. Береке-бірліктеріңіз бекем болсын!» — деді Нұрлан Асқарұлы.

Қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері  Әбіш Кекілбаев Қадыр ақынның ескерткішіне қарап тұрып, толғана сөйледі. «Бұл ескерткіш – қазіргі  біздің тарихи тұлғаларымызға жаңадан қойылып жатқан ескерткіштердің ішіндегі ең еңселісі, ең әдемісі және ең жасы. Қадағаң әдебиеттегі жасаған еңбегінің қорытындысын көріп, әдебиеттің қақ төрінен ойып тұрып орын алғандығын біліп, естіп, сезіп кетті. Мен Қадырмен 17 жасымнан жолдас болдым. Осы Жымпиты ауылын, онда тұратын сіздерді әрдайым айтып отыратын. Сонда оның ауылы мен менің ауылым ұқсас секілді болып көрінетін. Қадыр әуелі балалар ақыны ретінде танылды. Ол сонымен қоса қазақ әдебиетінде Абайдан соң болмаған дәстүр – қазақтың біртұтас өлең кітаптарын шығарғысы келді. Ол кезде өлең кітабына бар болғаны 30-40 қана өлең сыятын. Оның жиырма шақтысын өкімет белгілеп беретін. Міндетті түрде Ленин, партия, комсомол, ғарышкер, тың игеру және тағы басқа да толып жатқан тақырыптардағы өлеңдер болуы тиіс еді кітапта. Яғни ол кезде қазақ лирикасы деген атымен болмады. Соған байланысты Қадыр көп уақытқа дейін лирикаға жоламай, балалар поэзиясын өндірте жазды. «Үлкендерге өткізе алмағаныңды балаларға өткізесің, балалардың өлеңін оқу арқылы не айтқың келгенін үлкендер түсіне береді» дейтін өзі. Сөйтіп жүргенде, ептеп заман жылыды, әдебиеттің жаңа дәурені басталды. Осы тұста жаңа әдебиетті бастағандардың ең ақылдысы, ең ұстамдысы Қадыр еді. Қазір бұған ешкім дауласпайды. Ақынның жырлары, ішкі сырлары қазір 18 том. Бұл – әлі  ешбір жазушының қолынан келмеген жағдай. Қадыр не жазса да, жан-жағына айқайламай, жар салмай, үн-түнсіз тындыра беретін. Оның өлеңдерін жұрт енді терең түсініп, түйсініп оқи бастайды. Қазақы дүниетаным, ұлттық рухпен бірге, Қадыр мәңгі жасай береді», – деді Әбіш аға.

Ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева былайша сыр шертті.  «Ағамыз «Зырлаған уақыт, зырлаған күндер жеткізбейді» деп ылғи айтатын. Бес жыл бұрын дәл осы жерде Қадыр ақын болып еді. Өлеңдерін оқыған балдырғандарға риза болып, бастарынан сипап, халыққа ақ басын иген Қадыр ақын бүгін сол өзі жүріп өткен көшеде еңселі ескерткішке айналды. Өмір осындай. Қадырды жатқа айтатын тек қана жымпитылықтар емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде оны оқиды. Қадырдың елі осыны ба-ғалап, бақытты болыңыздар», — деді Ақұштап апа.

Бұдан әрі қонақтар аудандық мәдениет үйінде орналасқан Қадыр ақынға арналған көрмені тамашалады. Ақын ұстаған заттарды, тұтынған бұйымдарды, бір сөзбен айтқанда, баға жетпес құнды жәдігерлерді көзбен көрді.

Сырым еліндегі салтанатты мереке соңы дала қызықтарына ұласты. Құнан бәйгеде және аламан бәйгеде маңғыстаулық сәйгүліктер оқ бойы озық келіп, иесіне бас бәйгеге тігілген «Лада Гранта» және «Нива» көліктерін сыйлады. Қазақша күрестен түйе балуандар бәсекесінде сырымдық Сұңғат Махамбетов топ жарды.

 Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар