30.06.2015, 6:16
Қараулар: 427
Орманымызды өрттен сақтайық!

Орманымызды өрттен сақтайық!

896afdu-960


Біздің облыс орманға тапшы, экологиялық қысым едәуір әсер ететін аумаққа жатады. Жаз шыға өрт қаупі басталысымен, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері алаңдап отырады.


Жалпы, орман өрті – абайсыз жағылған өрт, сөнбей қалған шоқ, кейде найзағайдан пайда болатын апат. Ол кейде сөнбеген темекі тұқылын көлік терезесінен лақтыра салатын шылымқорлардан шығады. Қауіпті өрт шығарушыға кейбір шаруа қожалықтарының қызметкерлерін де жатқызған жөн. Олар шөп шабу науқаны кезінде ұшқын сөндіргіші жоқ трактормен жұмыс істеп, дала өртінің шығуына себепкер болады. Өрт қауіпсіздігі ережесіне бейқамдылық танытатын «табиғат әуесқойларының» қатарында орман аумағында демалу, жеміс-жидек, саңырауқұлақ, емдік шөп жинау мақсатында және өзен-көл жағалауына демалуға келетіндер де бар. Орманшылар ересектер мен балалар арасында түсіндіру жұмысын әрдайым жүргізіп келеді. Орманға кірерде барлық жерде көрініп тұратындай, келушіге алдын ала ескертетін өртке ұқыпсыз қараудан сақтандыратын және жасыл желекке ұқыпты қарауға шақыратын аншлаг, панно, плакаттар ілініп тұрады.

Қазақстан Республикасының Орман кодексі бойынша және Қазақстан Республикасы Үкіметімен бекітілген өрт қауіпсіздігі ережелерінің талабына сәйкес, қураған шөптесін бар жерде, сонымен қатар ағаштың   астында от жағуға тыйым салынады. Минералдандырылған жиектермен қоршалған басқа жерде от жағуға болады. Отты топырақпен әбден көміп және сумен толық сөндіруі керек. Жанып тұрған шырпыны, темекі тұқылын лақтыруға болмайды. Әр тракторшы ұшқын сөндіргіш және өртке қарсы құралдар, сыпырғыш  болуы керек екенін біледі. Мемлекеттік орман қоры аумағында жұмысын жүзеге асыратын жеке тұлғалар, ұйым басшылары, мәдени-көпшілік және басқа да шара жүргізетін жауапты адамдар орманға кірер және шығар алдында демалушыларға, жұмысшыларға, мәдени-көпшілік және басқа да шараға қатысушылар өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау, орман өртінің пайда болуын ескерту, сонымен бірге өрт сөндіру тәсілдерінің   нұсқамалығынан өтуі тиіс. Орманда өрттің алдын алу, санитарлық жағдайды сақтау, ағашты зақымданудан қорғау – негізгі  мақсат.  Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 367-бабы негізінде аталған ережелерді бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын атап өткен жөн. Орман өртін көрген азаматтар ол жөнінде мемлекеттік орман иеленуші қызметкерлеріне (телефон: 26-49-37, 26-50-10) және мемлекеттік өртке қарсы қызметіне (телефон: 101) хабарлаулары керек.

Б.  ХАЙРУЛЛИН,

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды

реттеу басқармасының  бөлім бастығы


Р.S. Басқарма бойынша өртті болдырмау бағытында  8  «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемелерінде 80-ге тарта өрт сөндіруші жұмыс істейді.  Мекемелер бойынша өрттің алдын алу мақсатында шаралар өткізіліп, қазір орман шетіндегі 2000 км минералды жолақтар жыртылып, 7300 км минералды жолақтар өңделеді. Орман қорына шектес шаруа қожалықтарына  өрт қауіпсіздігін сақтау жайлы 376 ескерту берілді. Жеке адамдар мен мекемелерге 3,6 мың өрттен сақтану парақшасы үлестіріліп берілді. Орманды өрттен қорғай отырып, елдің жасыл байлығын, ата-бабамыздан бізге жеткен табиғи мұраны көздің қарашығындай сақтайық, ағайын!


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар