25.06.2015, 7:42
Қараулар: 330
Артында ізі қалды АЗАМАТТЫҢ…

Артында ізі қалды АЗАМАТТЫҢ…

001


Қазіргі тарихнамада «соғыстан кейінгі ұрпақ» деген кәдімгідей қалыптасқан, орныққан сөз тіркесі бар. Олай дейтініміз — күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстан кейін елдің  қирап қалған халық шаруашылығын, өндіріс-өнеркәсібін, ғылым-білімін, мәдениеті мен әдебиетін солар қайта қалпына келтірді және әрі қарай өсіп-өркендеуін қамтамасыз етті. Біздің бүгінгі мақаламызға басты кейіпкер болып отырған азамат та сол соғыстан кейін туған ұрпақтың белді өкілдерінің бірі.


1945 жылдың 30 маусымы. Күні кеше ғана Ұлы Жеңіске қол жетіп, ел мәре-сәре болып жатқан уақытта Орынбор облысында тұратын Мырзағали Қапашевтың шаңырағында шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Үш қыз, екі ұлдан соң көрінген сәбиге азан шақырылып, Жоламан деп ат қойылды. Бұл жолдары болып, соғыстан аман-есен оралған май-дангерлердің құрметіне қазақы ырыммен қойылған есім еді.

Жоламан ағаның балалық балдәурен шағы, ержетіп, оң-солын тани бастаған жігіттік кезеңі Орынбор өңірінде өткен. Әскерге де сол жақтан барып-келді. Жалпы, Орынбор бұрын қазақ елінің астанасы болған, кейіннен шовинистік пиғылдағы биліктің ықпалымен Ресейге қосылған өңір-тұғын. Қазағы қанша қалың болса да, орыстандыру саясаты мықты жүрген жерде өзіндік діліңді, тіліңді, бір сөзбен айтқанда, қазақтық бітім-болмысыңды сақтап қалу өте қиын. Мұны жақсы түсінген Жоламан көп кешікпей атажұрты — Қазақстанға бет бұрды. Емтиханнан сүрінбей өтіп, Оралдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсті.

Сол бір студенттік қайта оралмас ыстық шақтарды Жоламан ағамен бір топта оқыған курстас досы Дәуіржан Иманғалиев былайша еске алады: «1968 жылы оқуға қатар түстік. Жөкең ол кезде жасы жиырма үштердегі, әскерге барып келген, бізден төрт-бес жас үлкен сақа жігіт еді. Студенттердің алды болды, үнемі белсенділік танытып, отырған жерінде гитар тартып, ән салып, көңілді жүретін. Ол заманда студенттік құрылыс отряды деген болды ғой. Мына қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың (бұрынғы ауыл шаруашылығы институты) агрономия факультетінің іргетасын біз қаладық деп мақтанышпен айта аламын. Сізге есіме түскен бір қызық жағдайды айтып берейін. Күні-түні құрылыс басындамыз. Аздап қол босаса, Жөкең жоқ болып кетеді. Қайда кеткенін білмей қаламыз. Сөйтсек, Жөкең қалаға жақын жердегі Приурал ауданында тұратын болашақ жеңгеміз Қайырлымен кездесуге барады екен ғой. Оны кейін біліп, біраз күліп алғанымыз бар. 1973 жылы оқуды бітірдік. Әркім жан-жаққа кетті. Жөкең әуелі шаруашылықта жүрді, сосын совхоз, аудан басқарды. Қайда жүрсе де ұмытпай, хабарласып, көрген кезде құшақ жайып көрісетін адамгершілігі мол азамат еді. Өкінішке орай, сұм ажал оны ортамыздан дәл 49 жас мүшелінде алып кетті… Дегенмен орнында бар оңалар деген. Қазір ұлдары жетілді, зайыбы азаматының отын өшірмей отыр. Біле білсек, бұл да бір бақыт», — дейді Дәуіржан аға.

Әңгімеміздің әлқиссасына қайта оралайық. Жоғары білімді агроном жерде жатпасы белгілі. Жоламанды Приурал ауданының Шевченко колхозына қызметке жібереді. Іскер жігіт жұмысты бірден игеріп кетеді. Бірақ орысы басым ауданда ұлты қазақ кадрлар үшін көзге түсу, қызмет бабында көтерілу оңай шаруа емес еді. Осы тұста Приурал аудандық партия комитетінің II хатшысы болған Рахметолла Сүйербаев іскер жас маманға қолдау-демеу көрсетеді. «Бір күні Шевченкоға іссапармен барсам, егістікте, комбайнның артында бір жігіт ақ шаңдақ болып жүр. Колхоздың бастауыш партия ұйымының хатшысы Радик Ғайнуллин деген татар жігіттен «Бұл кім?» деп сұрадым. «Жоламан Қапашев деген жігіт, жаңадан оқу бітіріп, бізге агроном болып келді», — деді ол. Өзін шақырып алып, әңгімелестім. Комсомолда бар екен. Бірақ партия қатарында жоқ. «Жұмысты жақсы істесе, ұйым-дастырушылық қабілеті болса, партияға алу керек» деп тапсырма бердім хатшыға. Біраздан кейін Жоламан партияға алынды. Әрі қарай бақылай түстім. Оғаш мінезі байқалмайды, қызметіне адал. Содан аупарткомның бірінші хатшысы Дунаевқа кіріп: «Шевченко колхозында Қапашев деген агроном жігіт бар. Соны аудандық партия комитетіне алсақ» деп ұсыныс жасадым. Ол келісті. Сөйтіп, Жоламан 1976 жылдың 5 наурызында аупарткомның ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып орналасты. 1976 жылдың 15 тамызында мен Мәскеуге аспирантураға оқуға кеттім. Мен тұрған үйге Жоламан отбасымен көшіп келді. Аз ғана уақыттың ішінде туған інімдей болып кеткен азаматтың одан кейінгі өмір жолы да маған жақсы белгілі. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы, обком мүшесі болды. Ұзақ жылдар Жаңақала аупарткомында II хатшы, 1986-87 жылдары Фурманов аупарткомының I хатшысы болып еңбек етті. Одан Оралға қайтып келіп, агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағалығына сайланды. Ғұмырының соңғы жағында «Шаған» кеңшарына директорлық лауазымға тағайындалды. Кеңшарға кетпес бұрын Жоламанды кездестіріп қалдым. «Рақа, қалада көп отырып қалдым. Шаруашылыққа барсам ба деймін. «Шағанға» директорлық қызметтің ыңғайы шығып тұр», — деді. Іштей қолай көрмедім. Бірақ не дейсің? Сонда жүріп ауруын асқындырып алды ма деп те ойлаймын кейде. «Жөтеліп жүрсің, қаралсаңшы» дегенге «Кеңшарға жаңа бардым, егіс бітсін, жұмыс бітсін, сосын емделемін ғой», — деп жауап беретін. Ақыры өмірден ерте кетті…» — деді Рахметолла Хамитұлы.

Жоламан Мырзағалиұлымен қанаттаса еңбек еткен, бара-бара отбасыларымен араласып, дос болып кеткен азаматтардың бірі – Қашқынбай Оразғұлов. «1976 жылы қыркүйек айында мен облыстық комсомол комитетінде хатшы болып істейтін едім. Емделіп, облыстық аурханада жатқанмын. Телефон шырылдады. Алсам, облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Валейко деген кісі: «Қашқынбай, ауырмай тұра тұр, жассың, жұмысқа кел, сені бірінші күтіп отыр», — деді. Бірінші дегені обкомның I хатшысы, қарымды қайраткер тұлға Мұстахым Біләлұлы Ықсанов болатын. «Киін, түстен кейін Приурал ауданына барасың», — деді ол. Барсам, пленум жиналыпты. Сол жерде мені екінші хатшылыққа сайлады. Жоламан ол кезде аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы екен. Өте салмақты, тапсырманы орындауға мұқият қарайтын жігіт. Бір-екі жыл жұмыс істегеннен кейін аудандағы үлкен шаруашылықтардың бірі — «40 лет Октября» колхозына партком етіп сайладық. Онда өзін жақсы жағынан көрсетіп, 1980 жылы облыстық партия комитетіне нұсқаушылыққа жоғарылады. Сол жақтан Жаңақала ауданының партия комитетінің екінші хатшылығына кетті. Одан Фурманов ауданында бірінші хатшы болды. Аз сөйлеп, көп іс тындырып кеткен Жоламанды халық әлі күнге дейін мақтаулы лебізбен еске алып отырады», — дейді Қашқынбай аға.

Жаңақала ауданын ұзақ жылдар басқарған Әділғазы Нұрғалиев әріптесі туралы пікірін былайша білдірді: «Жоламан Жаңақалаға 1981 жылы II хатшы болып келді. Мен I хатшымын. Өзі өте мәдениетті, кішіпейіл, сал-мақты, парасатты азамат екен. Мамандығы – агроном. Ал Жаңақала негізінен мал өсіретін аудан. Біраз жыл бірге еңбек еткен кезде ол бізден көп нәрсе үйренді, біз де одан көп нәрсеге қанықтық. Агрономияны өрістетті. Мал азығын әзірлеу, жемшөп цехтарын құру секілді көптеген жаңа, тың бастамалардың бел ортасында жүрді. Сонымен қатар мал өсірудің, әсіресе, еділбай қойын өсірудің мән-жайына ден қойды. Жоламан білмеген жерін сұраудан, ақылдасудан еш қашпайтын. Кейін Фурманов ауданын басқарған кезінде Жаңақаладан алған тәжірибесі көп көмегін тигізді ғой деп ойлаймын».

Сол жылдары Жаңақала аудандық партия комитетінде III хатшы болып қызмет атқарған Мәрия Мәшімбаева Жоламан Мырзағалиұлының жұмысқа деген қажыр-қайратына, кіршіксіз тазалығына куә болғандығын әңгімелеп берді. «1979-83 жылдары Жаңақала ауданында үшінші хатшы болып қызмет істедім. Жоламан бізге 1981 жылы хатшылыққа сайланды. Салмақты, сабырлы. Екі сәбиі, Қайырлы есімді зайыбы бар. Отбасын өте жақсы көрді. Қонақшыл, қолы ашық болатын. Көрші тұрдық. Жұмысты беріліп істеді, таза жүрді. Өзі агроном болғандықтан ауыл шаруашылығын көтеруге қатты мән берді. Ауданда мал басы артты. Жалпы, ол қай жерде жүрсе де, абырой биігінен төмендемеген адам. Жоламан өмірден озған 1994 жылы үлкен ұлы Қайрат небәрі 18 жаста еді. Жастығына қарамастан жерлеу, жетісін, қырқын беру секілді шаралардың басы-қасында өзі аяқтай жүріп, үлкен кісіге тән тірлік жасағаны әлі күнге дейін есімде», — дейді Мәрия Сақыбалықызы.

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан азамат, шаруашылық басқарып, облыс әкімінің орынбасарлығына дейін көтерілген Абат Есенғалиев Жоламан ағамен алғаш рет Жаңақалада танысыпты. «Мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары едім. Жөкеңмен ауданға іссапарға барғанымда таныстым. Жаңақала аудандық партия комитетінде II хатшы болып жүр екен. Одан кейін Жөкең агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағалығына сайланды. Жұмысымыз қатар жүріп отырды. Социалистік жарыс жеңімпаздарын анықтау, ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмелерін өткізу, еңбек озаттарына жағдай жасау және тағы да басқа толып жатқан шараларды бірлесіп ұйымдастырдық. 1994 жылы Жөкең Теректі ауданындағы «Шаған» кеңшарына директорлыққа сұранды. Сол қызметте жүргенде қайтыс болды. Өзі кісіге болсын деп тұратын, ешкімге жамандық ойламайтын, қыз мінезді, кішіпейіл адам еді. Тиісті жерінде талап ете де алатын. Құдайға шүкір, екі ұлы Талғат пен Қайрат қазір ержетті, отау құрды. Жөкеңнің зайыбы Қайырлы олардан бес немере сүйіп отыр», — дейді Абат Қадимұлы.

Зайыбы демекші, Жоламан ағаның жан жары Қайырлы Жаймағамбетқызы да өткен күндерді сағынышпен еске алады. «Екеуміз Приурал ауданының Шевченко колхозында кездесіп, таныстық. Мен сонда жұмыс істейтінмін. Жоламан ауылға агроном болып келді. 1975 жылы үйлендік. 1976 жылы тұңғышымыз Қайрат, 1980 жылы кіші ұлымыз Талғат дүниеге келді. Жоламанның мінезі сабырлы, үнемі ой үстінде жүретін. Екінші жағынан өте уайымшыл, адам аяғыш, кез келген жайтты жүрегіне жақын алатын адам еді. Біреуге ұрсып алып, үйге келгесін «Қап, қатты айттым-ау…» деп өкініп отыратын. Сөйте тұра оның ақыл-кеңесіне үйіндегі үлкен ағалары мен апалары ылғи құлақ асатын. Кейде мен оған:

«Сен шаруашылыққа емес, ғылымға баратын адамсың ғой», — деп әзілдейтінмін. Өзі барында азаматым деп қатты сыйладым, бетінен алған кезім жоқ, әріге барып ренжіспеген де екенбіз. Тағдырдың жазуы ғой, 41 жасымда екі баламмен жесір қалдым. Ұлдарымды тәрбиелеймін, оқытамын деп сауда да жасадым. Бір уақыттары газ мекемесінде, «Нұржанар» АҚ-да еңбек еттім. Қиындықтар артта қалды. Күні бүгін ұлдарым Қайраттың төрт, Талғаттың бір баласы бар, барлығы бес немере сүйіп отырған бақытты әжемін», — дейді Қайырлы апай.

Иә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді атам қазақ. Соғыстан кейін дүниеге келіп, елдің дамуына айтулы үлес қосқан, соңында ізгілікті із қалдырған аға буын өкілдерінің бірі Жоламан Қапашевтың өмір жолы осындай.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар