20.06.2015, 6:44
Қараулар: 352
Жәнібекке бауыр басқан Қостанайдың аруы

Жәнібекке бауыр басқан Қостанайдың аруы

Мирамова Гульнара Сапарбековна


Өткен жылы Қостанайдан жоғары білімді маман келіп, аудандық орталық ауруханаға балалар дәрігері болып орналасқанын білуші едік. Жуырда, яғни медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында ауруханаға барып, сол дәрігермен сөйлесудің сәті түсті.


– Аты-жөнім Гүлнәр Мейрамова, осы аудандық ауруханада балалар дәрігері әрі жүйке ауруын емдеуші дәрігер (невропатолог) болып қызмет істеймін, – деп таныстырды ол өзін, – Дәм бұйырып, өткен жылы Жәнібекке келіп қалдық. Қазір бұл жерге үйрендім, жұмысым өзіме ұнайды, тұрмысымыз да жақсы. Мұнда келгеніме еш өкінбеймін.

Айтуынша, Гүлнәр Қостанай облысының Қостанай ауданына қарасты Майкөл ауылында дүниеге келіп, осы өңірдің Меңдіқара ауданында оқып, орта мектепті бітірген. Ағасы мен апасы дәрігер екен. Балауса бойжеткен солардың жолын қуып, алдымен Қостанайдағы медициналық колледжді бітіріп, сосын Қарағанды қаласындағы мемлекеттік медициналық академияны аяқтаған. Мамандығы бойынша Қостанай қаласындағы балалар ауруханасының неврологиялық бөлімшесінде дәрігерлік қызмет атқарды. Сонда жұмыс істеп жүргенде Жәнібек ауданының жігіті Серік Ғұсмановпен танысып, тұрмысқа шығады.

Қостанай қаласына үйреніп кетсе де, қанша дегенмен туған жердің, өскен өңірдің жөні бөлек қой, отағасының аңсары Жәнібекке тартты да тұрды. Ол жарына: «Осыдан еш кем емес аурухана Жәнібекте де бар, елге жетейік», – деп жиі-жиі қолқа сала берді. Алғашқы әзірде Гүлнәр оның бұл сөзіне көп көңіл қоя бермейтін. Өзінің қалап алған мамандығы бар, қаланың қақ ортасындағы ауруханада қызмет істейді, сонымен бірге жеке меншік клиникада  қосымша қызмет атқарады.  Күйеу баласының еліне қарай елеңдеп жүргенін сезген  90 жастағы әжесі Гүлнәрға: «Арқа тұтар азаматың қайда барамын десе, сен де сол бағытқа бетіңді бұрғайсың», — деп аналық ақылын айтты. Әжесі көпті көріп, көңіліне түйген салиқалы жан болатын. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында  тыл еңбеккері болып, сонау  Қостанайдан Атырауға дейін келіп жұмыс істеген.

– Шынымды айтайын, бұл ауыл маған бірден ұнады. Қаладағыдай әбігерлік жоқ, бәрі де табиғи қалпында. Адамдары да кішіпейіл, қонақжай. Аудан басшылары пәтер берді. Мекенжайымызда барлық жағдай жасалған. Табиғи газы, ауыз суы бар. Жақында әке-шешем Жәнібекке қыдырып келіп кетті. Оларға біз тұратын жер ұнады. Осындағы біраз үйге қонақтыққа барып, жәнібектіктердің меймандостығына разы болды. Ұл-қызымызды өсіріп, мамандығымызға сәйкес міндетімізді атқарып жатырмыз, — дейді  Гүлнәр.

Бүгінгі таңда Гүлнәр жоғарыда айтылғандай, аудандық орталық ауруханада балалар дәрігері әрі невропатолог болып қызмет істеуде. Аудан көлеміндегі 8 ауылдық округке  айына 2-3 рет шығып, дәрігерлік көмек көрсетеді. Балаларды скринингтен өткізеді. Оларға алдын ала дәрігерлік тексерулер жүргізеді. Балдырғандардың денсаулығын мұқият  қадағалап, сырқатына қарай емделу үшін облыстық орталыққа жолдама береді.

Дәрігер мүмкіндігі шектеулі  балалардың денсаулығына да жіті көңіл бөледі. Аталмыш топтағы балаларды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жәрдемімен республикалық реабилитациялық орталықтарға  жіберіп  тұрады.

– Аудан бойынша 58 мүмкіндігі шектеулі балалар есепте тұрады,–дейді дәрігер, – Олардың басым көпшілігінің тірек қозғалысы аппаратында ақаулық бар. Туғаннан жүрек талмасына ұшырағандар да кездеседі. Мүмкіндігі шектеулі балаларды Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларына емделуге жібереміз. Жаз айларында бұл қалаларға емделуге баратын балалар қатары көбейеді.

Дәрігер Гүлнәр Мейрамова өзі қызмет істейтін ауруханадағы ұжымның қайырымды, қарапайым екендігін айтады. Әсіресе, Рысқаным Ұтыпова, Сәуле Исмағұлова сынды тәжірибелі дәрігерлердің жастарға қолдан келген көмегін, жәрдемін аямайтындығын, кемшілігі болса, жасырмай айтып, оқытып, үйрететіндігін ризашылықпен тілге тиек етті.

– Менің ойымша, мұндағы дәрігерлер мен медбикелер бар жүрек жылуын сырқаттардың сауығып кетуіне арнайды. Алдына келген емделушілермен жылы сөйлесіп, дұрыс кеңес беріп, жөнін айтады, – дейді ол өз сөзінде.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы