18.06.2015, 8:16
Қараулар: 2
«Боспор Никасының» ҮШ БІРДЕЙ ЖҮЛДЕСІ ОРАЛ ТЕАТРЫНДА!

«Боспор Никасының» ҮШ БІРДЕЙ ЖҮЛДЕСІ ОРАЛ ТЕАТРЫНДА!

IMG_0195


Маусымның 5-10-ы  күндері  аралығында Қырым Республикасының Керчь қаласында «Боспор агоны» XVII халықаралық театр фестивалы өтті. Фестивальға қатысқан Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Ресей, Грекия елдерінен қатысқан театрлар арасында оза шауып, Еврипидтің «Троя арулары» трагедиясымен «Боспор Никасы» бас бәйгесін  жеңіп  алды. Бас бәйгені ғана емес, фестиваль белгілеген 6 жүлденің 3-еуін қанжығасына байлап оралды. «Ең үздік режиссер» аталымын қойылымның режиссері Қуандық Қасымов, «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін  спектакльдегі Гекуба басты бейнесі үшін актриса Бибігүл Исалиева иеленді. Жеңімпаздарды сейсенбі күні облыс әкімі атынан оның орынбасары Бақтияр Мәкен құттықтады.


Фестивальға Грекия мен Мәскеудегі «Театр Луны»,  Симферополь қаласындағы Қырым Республикасының мемлекеттік академиялық музыка театры, Қырым академиялық қуыршақ театры, «Улыбка Пьеро» театры, Севастополь қаласындағы А. Луначарский атындағы орыс академиялық драма театры, Мәскеу-Керчь қаласы «Амфитрион» халық театры,  «Древо Рода» Мәскеу методикалық театрлары қатысты.

РФ халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мәскеудің Моссовет атындағы мемлекеттік академиялық театрының әртісі А. Голобородько төрағалық еткен қазылар алқасының құрамы ылғи «ығай мен сығайлардан» тұрды. Олар – КСРО  халық  әртісі, Мәскеу қаласындағы Евг. Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық театрының әртісі В. Лановой, РФ халық әртісі, Станиславский атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А. Ливанов, РФ халық  әртісі В. Коренев  және Мәскеу театрларының мамандары, РФ-ның еңбек сіңірген әртістері.

Өткен сейсенбі күні жүлделі оралған театр ұжымын құттықтауға облыстағы барлық мәдени мекемелердің қызметкерлері театрға жиналды.

– Орал театры халықаралық деңгейде өз өнерін паш етіп, жүлделі оралып, бізді үлкен жаңалықпен қуантып отыр. Облыс әкімінің және өнерді бағалайтын облыс жұртшылығы атынан жеңістеріңізбен құттықтаймыз, алғыс айтамыз!  «Троя арулары» эпопеясын оқығанмын, бірақ кітаптан гөрі театр сахнасынан көрген әсерлі, себебі шынайы картина көз алдыңда жүріп жатады. Адам санасына әсер ету жағынан театрдың ролі өте жоғары. Бұл жеңіс – тұтас ұжымның еңбегі, гримшіден бастап, сахнаның ар жағындағы қызметкерлердің еңбегі, – деген Бақтияр Мәкен театрдың директоры Қуаныш Амандықовқа, режиссер Қуандық  Қасымовқа, актриса Бибігүл Исалиеваға облыс әкімінің алғысхатын табыс етті. «Әлемнің бірегей театрлары тарландары бақ сынаған бәйгеде еліміздің еңсесін биік ұстап, жеңіске жеткен қасиетті еңбектеріңіз баянды белестерге бастай берсін!» делінген алғысхатта.

Бұдан соң БҚО мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов сөз алды. «Өнер – күрес  емес, қалай да біреуді жығу, сол арқылы бақыт табу емес. Өнер – нәзік  дүние. Спектакльдегі соғыстың ылаңы – тұтас  бір ұлттың трагедиясы. Елдерді бейбіт өмірге үндеу арқылы жалпы адамзатқа қызмет етіп оралдыңыздар. Жұдырықтай жүректеріңізбен ғаламға қызмет етіп, қасиетті сапардан әкелген жүлдеңіз құтты болып, жалғасын тапсын!» — деді басқарма басшысы.

Көне грек драматургі Еврипид өз өмірінде 90-нан  астам пьеса жазған делінеді. Соның 80-нінің атаулары қалпына келіп, бүгінгі күнге 18-і жеткен. Соның бірі – «Троя арулары». Орысша аудармаларының ішіндегі үздігінің бірі С. Шервинскийдікі болса,  Орал театры қойған нұсқаны қазақшаға ақын Қайрат Жұмағалиев аударған. Пьесадағы Троя құлап, талан-таражға түскен елмен бірге тұтқынға түскен патшайым Гекубаны Бибігүл Исалиева ойнайды. Басқа ролдерді Г. Шынтемір, Н.  Шадыева, Н. Жұбатова, Ж. Мамедова, М. Кенжетаев, Д. Омаров сәтті алып шыққан. Қойылымдағы троя аруларының ішіндегі жалғыз ер адам  бейнесін сомдаған «Мәдениет саласының үздігі» Мұсағали Бектеновтың айтуынша, фестиваль көрермендері қазақтың бір ауыз сөзін түсінбесе де, қатты әсерленген. Режиссер Қ. Қасымов осы трагедияны әзірлеп жатқанда, «Спектакль біткен соң ешкім қол соқпайды, үлкен үнсіздік болады» деген екен. «Шынында да, осы қойылым сахнаға шыққалы тап солай болды. Керчь қаласында да көрермен көрген әсерінен айыға алмай, отырып қалды»,  – дейді Мұсағали  Бектенов.


Қуаныш  АМАНДЫҚОВ,

Батыс  Қазақстан  облыстық  қазақ  драма театрының  директоры:

– Кез келген өнер ұжымына, жалпы өнер адамына қолдау қажет. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы Дәулеткерей Атауұлына «Қазақ театры қайда барамын десе де, жібер, әрдайым қолдап отыр» деп тапсырма берген еді. Сол қолдаудың арқасында сенімді ақтап, байқаулардан үлкен абыроймен оралып жүрміз. Керчь фестиваліне қатысқан 8 театрдың 3-еуі академиялық театрлар екен және қазылар алқасындағы орыс театры өнерінің хас шеберлерін көріп, қатты жүрексіндік. А. Луначарский атындағы Ресей академиялық орыс театры да тап осы «Троя аруларын» қойды. Шынымызды айтсақ, «Соңғы орынды алсақ та, жақсы болар еді» деп ойладық. 8  маусым күні біздің театрға әзірлік жасау үшін сахна берді. Ашық аспан астындағы ежелгі антикалық сахнада ойнап жатқанымызда, бір ерекше оқиға болды. Тас төбемізден 9 аққу сұңқылдап ұшты және бірден өтіп кетпей, айналып жүрді. Бұл бізге қатты әсер етті, жақсылыққа жорып, қуандық.

Фестиваль жабылатын күні мені қазылар шақыртып алды. Жиналып отыр екен. «Мына қағаздарға қол қойыңыз» – деді. Орын алған театрлардың тізімі екен. «Қандай жүлде?» деген сұрағыма жауап бермей, көрсетпей, қағазды қолдарымен басып тұрып, қол қойғызып алды. Үш жерге қол қойып, қуанып шықтым. Бәйгені беріп тұрып, театр майталмандары: «Бас бәйгені алған қойылым біздің бәріміздің жүрегімізді қозғап, жанымыздың ең терең түкпіріне дейін әсер етті. Ол – Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының «Троя арулары!»  дегенде есіміз шығып кетті. Шексіз қуаныштымыз, біз, бір жағынан, сегіз күн теңізге түсіп, фестиваль аясындағы неше түрлі шараларға қатыстық. Арнайы автобуспен барған едік, жолай Ресейдің үлкен қалаларына кіріп, демалдық. Қысқасы, өнер адамына  керек шабыт, түлеу, жаңаруды басымыздан кештік. Ұжымның осы жетістігі үшін бізді үнемі қолдап отыратын облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына алғыс айтамыз. Енді, Алла қосса,  қараша айында Қырғызстанда өтетін «Арт-Ордо – 2015», ал келесі жылы Македониядағы  халықаралық  фестивальдарға  қатысамыз.


Бибігүл ИСАЛИЕВА,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

«Боспор агоны» фестивалінің лауреаты:

– «Троя арулары» трагедиясын қою үшін режиссер Қуандық Қасымов бүкіл Қазақстан театрларының ішінен Орал театрын таңдады. Әзірлік 20 күнге созылды, соның ішінде сахнада 13 күн ғана ойнап, биылғы жылдың сәуір айында премьерасы өткен болатын. Ұжым болып үлкен шығарманы өмірге әкелдік. Фестиваль басталар алдында қазылар алқасының 12 мүшесі, Ресейдің ірі театр мамандары сахнаға шығып: «Әділ бағалаймыз, шынайы, әділ боламыз» деп бізге ант берді және осы анттың үдесінен шықты. Бұл жеңісіміз – тек қана біздің өлкенің абыройы емес, бүкіл еліміздің жетістігі. Театр басшылығы, БҚО әкімдігі, БҚО мәдениет,  құжаттама және мұрағаттар басқармасына қолдағаны үшін алғысымыз шексіз. Бір емес, үш бірдей жүлдемен оралдық.  Сол  үшін   бақыттымыз.


Ұлдай САРИЕВА,

Орал өңірі


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар