18.06.2015, 8:10
Қараулар: 7
Ел бірлігі – ең басты құндылық

Ел бірлігі – ең басты құндылық

IMG_1557


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассам-блеясының XXII сессиясында сөйлеген сөзі еліміздің ертеңгі ғана емес, алыс болашақтағы даму бағдарламасын айқындап берген тарихи құжат болды.


Елімізді мекендеген ұлт-ұлыстар бас қосқан алқалы жиында Елбасымыз “Мың өліп, мың тірілген” халқымыздың басынан өткізген нәубетті жылдарды зор тебіреніспен еске салды. Алланың емес, адамдардың қолымен жасалған қиянаттардан, қан кешу кезеңдерден тірі қалған халқымыздың ешкімге кектенбей, өзгеге өшікпей, қа-нына біткен қайырымдылықпен өзгелерді өз бауырына тарта отырып, осы күнге бейбіт жолмен жеткендігін атап көрсетті. Елбасымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясы құралған күн – 1 наурызды мейірбандық және ұлтқа құрмет көрсету күні  деп белгілеу жөніндегі ұсынысы, әрине, құптарлық жай. Халқымыздың “Сыйға сый, сыраға бал”  деген даналық сөзінің жарқын көрінісі осы болса керек.

Елбасымыздың айналамыз тұман, алдымыз күмән, сонау бір сүреңсіз жылдары Қазақстан халқының Ассамблеясын құруы, тарих алдындағы ұлы ерлігі дер едім. Сөйтіп, Елбасымыз тек өз ұлтын ғана емес, барша қазақстандықтарды алдағы болжап біле алмайтын кездейсоқ жағдайлардан сақтап қалды. Міне, арада өткен жиырма жылда Ассамблея бүкіл қазақстандықтардың ортақ үйіне айналды.

Елбасымыздың “Нұр Отан” партиясының съезінде, Ассамблеяның XXII сессиясында, жалпы барлық стратегиялық бағдарламаларында қойған міндеттерді орындауда алдағы кезеңде Ассамблеяның маңызы бұдан да күшейе түспек. Ол жөнінде Елбасымыз Ассамблеяның XXII сессиясында берген тапсырмасында нақты атап өткен. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының XX мерекелік сессиясында елімізде қоғамдық келісім Кеңестерін құру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазір қоғамдық келісім Кеңестері белсенді жұмыс істеп, қоғамның белді буынына айналды. Келешекте осы кеңесті Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен байланыстырып, арнайы “Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” заңға өзгеріс енгізу арқылы ережесі мен статусын белгілеп, құзыретін күшейтсе, беделі бұрынғыдан да күшейе түсер еді. Қазіргі қоғамдық ахуал, уақыт бізден осыны талап етіп  отырған  сыңайлы.

Елбасымыздың Ассамблея сессиясында алдымызға қойған тапсырмалары – тек бір жылдың ғана емес, тұтас ғасырдың жүгін көтеріп тұр.

Елбасымыздың әлемдік мәдениетке жетуіміз керек – деген сөзі әрбір қазақстандық үшін міндет болуға тиіс. Және бұл бағытта мәдениеттіміз деп жүрген елдердің адам үркетіндей үрдістеріне еліктемей, өзіміздің бағзыдан келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді сақтап, өзгелердің өркениетті істерін қабылдай отырып, 30 жоғары мәдениетті қоғам шоқ жұлдызына енуіміз керек. Бұл істе ең алдымен мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өзгелерге үлгі болуы қажет.

Елбасымыз «Адамдар талғамсыздықтан, қылмыстар туралы көпірген сериалдардан шаршады» – деп атап көрсеткен. Шынында, теледидарды ашып қалсаң, көретінің атыс-шабыс, қорлық-зорлық, жылдан-жылға жалғасатын ешқандай тәрбиелік мәні жоқ сериялдар. Қазіргі жасөспірімдер арасындағы қылмыстық әрекеттердегі қатыгездіктер сөз жоқ, сол көгілдір экранның берген тәрбиесінің “жемісі”. Елбасымыздың тиісті министрлік құрылымдарына Ассамблеямен бірлесе отырып, БАҚ-тарда, интернеттерде арнайы жобалар жасау жөніндегі тапсырмалары да халықтың көңілінен шығады деген сенімдеміз.

Қазіргі кезеңде түрлі ақпарат құралдарында тіл мәселесі жөнінде қарама-қайшы пікірлер өріп жүр. Біз ұлт ретінде қайсыбір бағыттарда кенжелесек, осы тіл мәселесінен кенжеледік. “Әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпейтін ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды”, – дейді Елбасымыз. Ол үшін әрине, көптілділік қажет.

Ал ұлы ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің “Өзге тілдің бәрін біл өз тіліңді құрметте”– деген сөзі қаны бар, намысы бар адамның әр кезде де жүрегінде тұруы керек.

Ал осының бәрін жүзеге асыру үшін бірлік, ынтымақ, қажет екенін Елбасымыз әрдайым бірінші кезекке қояды.

“Тау мен тасты жел бұзады, ел мен ерді сөз бұзады” деген бар. Сондықтан да орынсыз сөзден тысқары жүріп, Елбасымыз айтқандай, біртұтас ел болып, бірегей істер тындырғанымыз жөн.

Абыз бабаларымыздың бірі: “Арамның жолы қиқалаң, адалдың жолы төте еді. Жақсы-жаман әр-кімнің арасынан өтеді. Араздаспай-таласпай тату жүрсек нетеді. Ынтымағы бар болса, Бұл дүниенің қызығы, барлығыңа жетеді” – деген екен. Олай болса, ел ішіндегі ынтымақ, бірлік ең асыл қасиет екенін естен шығармайық.

Закария СИСЕНҒАЛИ,

Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы