18.06.2015, 8:01
Қараулар: 8
Көрікті күлкі сыйлаған

Көрікті күлкі сыйлаған

pic


Әдетте тіс дәрігері хақында әңгіме болса, баяғыда  бәзбіреулер: «Тіс дәрігері дегенің не тәйірі?! Тіс жұлу да жұмыс болып па? Хирургты айтшы одан да» дейтін-ді. Алайда соңғы жиырма жылда стоматолог кәсібі өзге ыңғайлас медициналық мамандықпен салыстырғанда, суырылып алға шықты. Медицинада жеке кәсіпкер ретінде өз алдына отау тігіп, танылғанның ішінде де көш бастаған – осы  сала өкілдері. Соңғы кезде олардың қатарына Орал қаласының тұрғыны, ширек ғасырға жуық кәсіптік өтілі бар Ардақ Қыдырашева да қосылды.


Көбіне мектеп бітірген жігіттер мен бойжеткендер өзіне қай мамандықты таңдарын білмей, жаңылып жатады. Ал бұрынғы Чапаев, қазіргі Ақжайық ауданының  тумасы Ардақ бұл тұрғыдан мүлт кеткен жоқ. Ол мамандыққа қатысты байламын аудан орталығындағы №1 орта мектептің 8-сыныбында-ақ жасаған болатын. Ықпал етуші – туған  бөле апасы Әлия Ырысәлина. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ол Ақтөбе медициналық институтында оқып жүріп, Ардақтың үйіне ұдайы келіп тұрды. Әлі де туыстық байланысы үзілген емес.

Ардақ қарапайым отбасында өсті. Әкесі, бұрынғы жалпақталдық азамат Ерсайын жол пайдалану қызметінде көп жыл бойы аянбай еңбек етті. Анасы Сара аудан орталығындағы қазақ орта мектебінде ана тіліміз мен әдебиеттен сабақ берді. Бір шаңырақта әке-шеше, екі ұл, екі қыз алаңсыз өмір сүріп жатты. Өкініштісі сол, анасы Сараның 1985 жылы қазанның бұлыңғыр бір күнінде кенеттен өмірден кетуі отбасын есеңгіретіп тастады. Тағдырдың ауыр соққысын әкесі нағыз ер-азаматша қыңқ етпей қабылдап, ұл-қызын жетімсіретпеуге бар күш-жігерін салды. Абзал әкенің аялы қамқорлығын сезінген ұл-қыздар қайратты да қажырлы болып өсіп, ер жетті, бой түзеді. Он алты жасында көрген қайғысына қарамастан, бойжеткен алған мақсатынан қайтпады. 1986 жылы әкесімен Алматыға барып, оқуға түсуге әрекет етті. Жолы болмады.

Қамықпастан келесі жылы Қарағанды қаласындағы мединститутқа ұмтылды. Бұл жолы бәрі сәтті болып,  сүйікті оқуына қолы жетті. Бірден тіс дәрігерлігін таңдады. Оқуын бітіріп, еліне оралды. Сол бойда жұмыс табылмағасын, бүгінгі Ақжайық  ауылына аттанып, еңбек жолын бастады. Әрі қарай аудан орталығына келді. 1993 жылы ардақты әкесі ұзақ науқастан мәңгілікке көз жұмды. Бір сәт қаңырап қалған үйде ересек екі ұл, екі қыз өмірді жалғастырды. Олар ұйымшылдықпен қатал сынды мойымай көтерді. Арада бірер жылдан кейін үйдің үлкені Сырым үйленіп, кейін бәрі де өмірден орнын тапты. Жыл өткен сайын тіс дәрігері Ардақтың да кәсіптік біліктілігі мен шеберлігі қалыптаса берді. 1996 жылы бүгінгі жары Асқармен тұрмыс құрып, облыс орталығына ауысты. Өйткені өзінің кәсіптік қарымына сенімі артқан  дәрігер ендігі білігін қалада сынауға кірісті. Орал қаласында алғашқы ат басын тіреген жері – балалардың  тіс дәрігерлік емханасы. Онда бес жылдай істеп, «Талап» АҚ емханасына ауысты. Уақыт озған сайын біліктілігі де артты. 2011 жылдан бері жоғары санатты тіс дәрігері. Түрлі тіс емдеу және салу орындарында жұмыс істеген мол тәжірибесі де бар. Әсіресе, өзіне жеке кәсіпкер, аса білікті маман, әріптесі Зәуре Ғазизованың көмегі көп тиді. Әлі күнге дейін аузынан тастамайды.

Ол неліктен осы кәсіпті таңдаған? Дәрігердің жауабы мынадай.

– Сау тіс – адам  келбетінің көркі. Кейде аузында бір тісі жоқ адамның ұсқыны көңілде еріксіз жағымсыз әсер қалдырады. Міне, осы жағынан алғанда да, өзімді қалаған пациентке көмек көрсеткен сайын қуаныштымын, — дейді Ардақ Ерсайынқызы бүгінде. Кәсібінде кәнігі болған оның  арманы орындалған соң, тағы бір асуға ұмтылуы да табиғи заңдылық. Оны арман десек те, мақсат десек те, орынды. Ол енді жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Өткен жылы шілдеде арнаулы орындарға өтініш беріп, «Қыдырашева» атты жеке кәсіпкерлігін ашты. Арада үш ай өткен соң, мемлекеттен  жұмысына рұқсат (лицензия) алып, уақыт созбастан алға жүре берді. Ең әуелі, жұмыс орнын жалға алып, тек тіс емдеумен айналысты. Содан бері күніне орта есеппен 8-9 пациентті қамтып жүргенді. Арада айлар өткесін, іс көлемін ұлғайтуға бел буды. Нәтижесінде «Даму» қорына ақшалай несие алу жөнінде өтініш берді. Мақсат – жұмыс  орнын тағы да жалға немесе сатып алу. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында бастапқы кәсіпкерлік үшін 12 миллион несие алып, дереу белсенді әрекетке көшті. Сәуір айында облыс орталығындағы Еуразия көшесінен орын сатып алып, қазір оны қайта жасақтау және жабдықтау үстінде. Қазірдің өзінде «Дипломат» атты жаңа, заманауи чехтың құрал-жабдығын сатып алып, орнатқан. Басқа да жұмысы қарқынды. Бизнес-жоспар бойынша ол үш адамды жұмысқа алуы тиіс. Әзірге өзі және көмекші мейірбике бар. Екеуі тіс емдейді әрі салады. Осы жылдың тамыз айынан бастап, жұмыс жүйеге түскен соң, қосымша әкімгер, тағы бір тіс маманын алмақ. Әзірге бұл жоспар ғана. Алайда екі арманы орындалған маманның кезекті мақсатына да қол жеткізері анық.

Кәнігі тіс дәрігерінің кәсіптік «асүйіне» бір үңілсек.

– Жалпы, алдыма келген пациентті, әсіресе, алғашқы рет емдеуге, тіс салдыруға ділгер жанды қашанда үркітпей, барынша жұмсақ ем-дом жасаймын. Өйткені тым үркектеу жан болса, екінші рет келмей қалуы мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, төңірегіңе тұрақты пациент үйіргің келсе, қатқылдықпен қоштас. Оған талай рет көзім жетті. Сондықтан емделушіге жылы сөзімді айтып, көңілін аулаудан тартынып көргенім жоқ. Кейде тісін емдетіп не салдырып жатқан жанға көңіл сергітер әңгімені айта қойған жақсы. Ауырсыну сезімін елемеу немесе жеңіл өткеру мақсатында. Кез келген дәрігер, соның ішінде маған да тұрақты пациент аса қажет. Біреуін де жоғалтқым келмейді. Қаладағы жиырма жылға жуық ішінде қалыптасқан сан алуан пациентім бар. Көпшілігі мені «Талап» емханасынан бері біледі. Әрі оларға өте ризамын. Түгелімен алғанда, жұмысыма шағым айтқандар мүлдем сирек. Себебі, кез келген дәрігердің міндеті – жанына  сауға сұрап келген екен, науқасқа көмектес! Гиппократ анты бәрімізді осыған жүктейді ғой!

А. Қыдырашева бес жыл сайын Алматы қаласындағы кәсіптік біліктілікті арттыру курсынан өтіп жүр. 2008 жылы тіпті сонау Украинадағы Полтава қаласында украинның танымал стоматологы Радлинскийдің шеберлік класынан дәріс алған. Әлемге танымал әріптесінен үйренгені көп. Сол елде болғанын пайдаланып, қасындағы жерлес әріптестерімен бірге Харьков және украин астанасы Киев қалаларында болып, бой жазып қайтыпты.

– Өте көркем ел екен. Қалалары қандай әдемі!? Бірінен-бірі асып түседі. Мені бір таңдандырғаны – украин  әріптестеріміз шетінен ұлтжанды. Кәсіптік іс-әрекет және шеберлік әдістері туралы айтқанда, кейде еріксіз елінің тарихына ойысып кететіні бар. Туған жерінің шежіресін бес саусағындай біледі. Тарихшы болмаса да, – дейді Ардақ әлі күнге дейін ойындағы әсерімен бөлісе отырып. Айтпақшы, тәжірибелі стоматологты кейбір пациенттің тек ер маманға айрықша  мән  беруі  де  таңдандырады.

– Олар тісін тек ер маманның жұлуын сұрайды, сөйтіп, бізге сенімсіздік білдіреді. Бірақ мен әйелдің де көп күш салмай, тіс жұлатынын ерінбей түсіндіремін. Бүгінгі заманауи тіс жұлу құралдары оған толық мүмкіндік береді. Әрі біздің кәсіпте жыл өткен сайын қыз-келіншектің көбейіп келе жатқаны да мені қуантады, – дейді тәжірибелі маман. Ал әдеттегі жан ретінде Ардақтың жаны сүйетін бір ермегі бар – аптасына  2-3 рет иогамен айналысу. Қолы босай қалса, тарихи және шытырман оқиғалы кітапқа үңілгенді жаны сүйеді. Сондай фильмге де әуес. Қалған уақытын жұбайына, ұлы Дияс пен қызы Ділназға арнайды. Олар да анасының үмітін ақтап жүр. Назарбаев атындағы зияткерлік мектепте оқитын ұлы биыл Астана қаласында оқушылар арасында өткен техникалық байқауда бірінші орынды иеленді. Алты жыл оқу озаты болған Ділназ биыл ағасы оқитын мектепке ауысты. Оның жаны сүйетіні – вальс, румба, ча-ча-ча сынды билер ырғағында тербелу.

Кезінде тағы бір әріптесі Талғат Жәмиевтен үйренген, көп көмегін көрген Ардақ Қыдырашеваның бүгінгі шәкірті – Индира Мұқашева. Қазір кәсібі бойынша еңбек етіп жүрген Индира әлсін-әлі аға әріптесімен сөйлесіп, ой бөлісіп тұруды ұмытпайды. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген осы. Бұл да Ардақтың жанына нұр себер бір қуанышы.

Өзі «Сау тіс – адам келбетінің көркі» деп айтқанындай, талай жанға көрікті күлкі мен әдемі жымиыс сыйлаған Ардақ қашанда бар білігін сүйікті ісіне арнауға даяр.

Серік ИХСАНҒАЛИ


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар