18.06.2015, 7:57
Қараулар: 26
ТҮРМЕДЕН КЕЛГЕН ХАТ НЕМЕСЕ тәлкек тағдыр

ТҮРМЕДЕН КЕЛГЕН ХАТ НЕМЕСЕ тәлкек тағдыр

showImage.ashx


Діни радикализм мәселесі қазіргі таңда бүкіл қоғамды шулатқан, кейбір елдердің тұтастығына нұқсан келтіріп те үлгерген іргелі мәселе болып отыр. Елімізде 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизммен күрес туралы бағдарлама қабылданып, қажетті мекемелер ашылып, қазынадан қомақты қаражат бөлінуде. Діни радикализмге байланысты заңдарға өзгерістер енді. Мемлекет діни радикализммен күресте азаматтардың ар-ождан бостандығын сақтай, дінаралық келісімді насихаттай отырып жұмыс жүргізіп келеді. Осындай мемлекеттің оң ниетін теріс пайдаланғысы келетін жасырын діни ағымдар жоқ емес. Олардың кейбірінің идеологиясы арамызға дендеп кіріп алғаны шындық. Дегенмен, мемлекет тарапынан теріс идеологиялардың орнын дәстүрлі рухани дүниелермен толтыру жүзеге асырылуда. Бірақ осыған қарамастан кейбір азаматтарымыз мемлекеттің кеңпейілділігін теріс пайдаланып жүр.


Дін жолына келген жастарымыз теріс ағымға неге түседі? Неге адасады? Адасқанымен қоймай, олар жастарды артына ілестіріп, қоғамды бүлдіріп әлек. Олар адасушылыққа қалай ұрынуда? Әрине, бұл күрмеуі қиын, жауабына көпшілік қанағаттанбайтын сұрақ. «Қазақстанда дұрыс діни білім жоқ, діни білім шетелде» деп шекара асып, радикалшыл, дінді саясаттың құралы еткісі келетін шейхсымақтардан теріс білім алып, елге келіп, діни радикализмді насихаттап, түрмеге қамалып, адасқанын мойындап, өкініп отырған Орал қаласындағы бауырымыздың сөзімен әңгімені әрі қарай жалғастырамыз. Дұрысы, оның түрмеден жазған хатын сөйлетсек.

Бұл азаматтың аты-жөнін өзгертіп, Д. дейік. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы, 2-бөлімі діни араздықты қоздыру бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, бүгінде Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеуде. Исламды бұрмалап және сол жолды ең шыншыл, ең таза жол деп есептеген, бір емес, бірнеше рет діни араздық тудырған ол: «Неге мен мұндай халге түстім? Ата-анамды неге ойламадым? Жаны ашыған бауырларымды уақытында неге тыңдамадым?» — деп өкінеді.

«Бүгінде еліміз бойынша қаншама отбасы зардап шекті, қанша ата-ана ұл-қызын жоғалтты, қанша жас жалған жиһадшыл идеологиямен Сирияға соғысқа кетіп қаза болды, қаншасы түрмеде отыр? Мұның бәрі исламды бұрмалап, қате түсінудің кесірі» деп жазған Д: «Бұл вирусты қалай құртуға болады? Әлде осы жолда адасып жүргендердің бәрін түрмеге қамау керек пе? Адасушының бәрі неге жастар? Жастардың бала-шағасын, әке- шешесін тастап жиһадқа аттануына не себеп?» деген сұрақтар қояды және осы сұраққа өзі жауап бергісі келеді…

«Мен такфирдің өте күрделі мәселе екенін және ол туралы оқыған адамнан басқа кісінің пікір айтуы қателік екенін соңынан білдім. 2002 жылы дінге бет бұрдым. 2005-2007 жылдары негізгі білімді Египет елінде алдым» — деп бастаған ол хатын. — Қосымша араб тілін оқытатын курста оқыдым және жерлесіміз Ринат Зейнуллиннен діни дәріс алдым. Біз оның дәрісінде жиһад пен адамдарды күпірлікпен айыптау тақырыбын талқыладық. Алайда менің өмірім елге, Орал қаласына келген соң күрт өзгерді. Сырт елден теріс идеологияны алғаннан кейін, мен оралдық жастармен танысып, «мұсылман, мұсылман емес» деген тақырыптарды талқылап, намаз оқымаған адамдарды кінәлай бастадым. Бұған басты себеп – шетелде оқып келгенімді көрсетіп, жамағаттың ішінде өзімді ерекше көрсетуге деген ұмтылыс болды. 2007 жылы үйленіп, Египетке қайтадан оқуға кеттім. Менің әрі қарай шатасуым, сол елде қайырсыз шейхсымақтардан білім алудан соң одан әрі күшейді. Мен кейде өткен істеріме өкініп, «Мұны қалай тоқтатуға болады?» деп ойланамын. Бүгінде мен үшін ең бастысы — адасқан, өзім шатастырған азаматтарға дұрыс бағыт көрсету. Мұхаммед пайғамбарымыздың «Аллах өз құлына қандай ма бір ауруды жіберсе, оның емін де қоса берген» деген хадисі бар. Сондықтан ең бірінші адасқан адамның қателігін түсіндіру үшін исламды терең білетін ғалым, оқыған мамандар онымен сөйлесу керек деп ойлаймын. Маған уақытында ешкім бұлай айтпады. Айтқысы келген теолог мамандардың сөздерін құлағыма қыстырмадым. Оларға жеккөрініштікпен қарадым. Түрмеге түскен соң ғана нақты шынайы өмір туралы ойлана бастадым. Бұл менің түрмеде қорлық көргенімнен емес, «Түрмеге түскенде баяғы бауырларым неге қасымда болмады, ислам діні қарыштап дамып жатқан елде егер мен ұстанған жол шынайы құндылық болса, неге түрмеде отырмын?» деген ой қинады мені. Бәрін ойлана келе, асыл дінді дұрыс түсінбегеніме өкінемін.

Жастар неге адасады? Себебі — олар діни сауатсыздығы өз алдына, басқа ғылым жағынан да түк білмейді дер едім. Сондықтан оларды еліктіріп, ілестіріп әкетудің түк қиындығы жоқ. Мұхаммед пайғамбарымыз өз хадисінде (харажиттер және такфирлер жөнінде) «Олар жастар және ақылы кем болады» деген. Айтқандай, олар, біріншіден, оң-солын білмейтін жас, екіншіден, ақымақ әрі надан дер едім. Үшіншіден, ата-ана, үкіметке бағынуды білмейді. Соның кесірінен жастар әке-шешесін көзге ілмей, жүрген жолдарын жасырып, олармен ақылдаспай, өз бетімен жиһадқа кетіп жатыр. Олар өз идеяларын жақтамағанның бәрін жау көреді. Олардың арасында дінді жақсы білетін ақылды адамдар жоқ. Егер «мен бәрін білемін, менің діни сауатым бар» деген адам дін жолындағы ғалымдарға белгісіз болып шығады. Ғалым өзін төңірегіне өзін мойындатса ғана ғалым. «Нағыз тақуа, білгіш» деп өздеріне бастық сайлаған хариджиттер сияқты оларда бәрі керісінше. Хадисте «Ақырзаман жақындағанда адамдар өздеріне басшы етіп қара халықтың ішінен надан адамды сайлап алады» делінген. Олардың басшылары өздеріне Абу Бакр аль-Бағдади, Абу Мунзир Шанкити деген ат қойып алады, сондықтан олардың шыққан тегі кім, қай оқымыстыдан білім алғаны белгісіз. Қарапайым білімсіз, надан адамдарға ол есімдер ерекше әсер етіп, оның ар жағында қандай адам тұрғанын аңғармай қалады. Ал кейбіреулерге, сыртқы дұшпандарға еліміздің бейбіт өмірі мен гүлденуі ұнамай, ел арасына іріткі салып отырғаны анық. Жастарды ғаламтор арқылы өздеріне тарту олар үшін ең тиімді әрі оңай жол. Елімізде бүліншілік тудыра алмаған олар жастарымызды халифат жарияланған жерлерге шақыра бастады. Соғыстың қайнап, қантөгіс болып, кінәсіз адамдар ажал құшып жатқан жерге әйелі мен баласын бірге әкетуге жастарымызды олар қалай үгіттеді? Бұл сұраққа жауап табу қиын. Бірақ шындықтың аты шындық. Жесір қалған қазақ әйелдерін олар күйеуге беріп, балаларды зорлық-зомбылық пен қатыгездікке үйретіп, кінәсіз сәбилердің қолдарына мылтық беріп, соғыс тәсіліне үйретуде. Бұл қазақ балаларының болашағы қандай болмақ? Ғаламторда біздің қаракөз балалардың адамдардың басын алып, оларды тірілей өртеп, атып жатқанын көрсететін бейне- фильмдер қаптап жүр. Оның артында Халифаттың атын жамылған антұрған адамдар тұр. Олар ислам дінін келемежке айналдырғанын өздері де білмейтін тәрізді. Бірақ Алланың әділдігімен «Көп асқанға бір тосқан» болатыны анық. Мен соған сенемін.

Енді олардың қателіктеріне тоқталсақ. Біріншіден, қайдан келгені, кім екені белгісіз біреудің алдында ант беру нағыз надандық пен ақымақтық. Екіншіден, Абу бакр аль-Бағдади сияқты адамның аузынан шыққан бар бұйрығын, тіпті ол ислам қағидаларына сай болмаса да, мүлтіксіз орындау. Оған шариғатқа мүлде жат адам өртеу, балаларды адамның басын шабуға мәжбүрлеу, шпиондық әрекетке деген күдікпен адамдарды тергеу мен сотсыз ату сияқты бұйрықтар кіреді. Айналып келгенде біз бұдан олардың өзді-өзі соғысып жатқанын көреміз.

Жалған халифатқа қосылғысы келетін жастарға қандай шара қолдануға болады? Жиһадты бұрмалаушылардың шын бетпердесін ашуда ислам ғұламаларының сөздерін келтіріп, бұл тақырыпқа жастарға дәріс оқу және Құран курсын ашып, фикқ (ислам құқығы), араб тілін үйрету керек. Бұл жерде жастар исламның негіздері, такфирдің қаупі мен ол әкелетін залалдар, жиһадтың түрлері мен қай уақытта, қандай жағдайда рұқсат етілуі туралы білім алатын болады. Ғалымдармен ғаламтор және телефон арқылы байланыс ұстау арқылы ең өзекті мәселелерге жауап алып, оны жастарға жеткізу, осы тақырыптарға бейне- роликтер түсіру. Әрине, адасқан жастарымызды дұрыс жолға салу үшін тер төгуге тура келеді. Мен осы хатымда такфир идеологиясының шектен шыққан өкілдерінің сипаттарын келтірдім және теріс ағым такфир мен жалған жиһадшылықпен күресудің жолдарын айттым. Бұл менің басымнан кешкен жағдайлардан кейінгі түйінім. Әрине, басқалардың әдісі мен пікірі менікінен бөлек болуы да мүмкін, алайда ең соңында ойларымыздың бір мақсатқа түйісері анық. Ол мақсат — адасқан жастарымызды дұрыс жолға салу және ең бастысы – елімізде тыныштық пен келісім салтанат құруына ат- салысу», дейді адасқан бауырымыз өз хатында.

Өзінің қателескенін мойындап, діни сауатсыздығының зардабын тартып отырған бұл азаматтың өмірбаянынан көп өзгешелік таппайсың. Қазақстанда білім алған, ағайындарының ортасында өскен Д.-ның дінге деген қызығушылығы оянып, алғашқы білімді ғаламтор арқылы алған. Кейін Египетте исламды теріс түсінген адамдардан тәлім алып, Орал қаласында теріс діни уағыз жүргізген болатын. Дінді дұрыс түсінбегеніне, шетелдегі өтірік шейхсымақтардың әдемі сөздеріне алданып қалғанына өкінеді.

Қазақ «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген. Ойландыратыны – осындай жастарымыздың орда бұзып, қамал алатын, халқына, еліне пана болатын кезінде шатасып, темір торға қамалып жатқаны. Біз бұл хатты жариялай отырып, адасып жүрген, ақиқатқа көз жеткізбей, көрінген көк аттының соңына еріп, ғаламторды дос қылған бауырларымыз ойланса екен дейміз. Ең бастысы, ұлтымыздың береке-бірлігі кетпесін!

Редакциядан:

Аталмыш мақаланы дайындауда Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының көрсеткен ақпараттық көмегіне алғыс айтамыз.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар