18.06.2015, 7:54
Қараулар: 46
Қазақстанның жеті кереметі

Қазақстанның жеті кереметі

121212


Жеті деген санды қадірлеу көне заманнан бастау алады, қасиетті сан болып есептеледі. Біздің ата-бабаларымыз да жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелерін жеті санымен атап, ата заңдарына, салт-дәстүріне арқау етіп келеді. Осы жеті санын арқау етіп, әлемде кереметтердің ішінен де жетеуі таңдап алынды. Бұл жеті керемет – өте әдемі, мүсін және сурет өнерінің теңдесі жоқ тамаша үлгілері. Олардың қатарында:


1. Бұдан 5000 жыл бұрын тұрғызылған Нуби шөліндегі Мысыр пирамидалары. Бұл пирамидалар қаншама сан ғасырлар өтсе де сақталып, әлі де талай ұрпақтардың тамашалап қарайтын мәдени-сәулет ескерткіші ретінде қала беретіні сөзсіз.

2. Біздің заманымыздан бұрынғы VІ ғасыр шамасында Вавилон шаһарында салынған Семирамида аспалы бағы.

3. Классикалық Грек өнері тарихынан келіп жеткен аты әлемге әйгілі ескерткіштің бірі — Зевс мүсіні.

4. Эфес жерінде б.з.д. VII-VI ғасырда Грек жұртының мақтанышы Артемида құрметіне салынған Артемида храмы.

5. Б.з.д. IV ғасырда Эгей теңізіндегі Родос аралының азаматтары күн құдайы Гелиосқа арнап тұрғызған ескерткіш Родос алыбы.

6. Б.з.д. VI ғасырда Кіші Азия жерінде Галикарнас қаласының патшасына тұрғызылған Галикарнас кесенесі.

7. Б.з.д. ІІІ ғасырда Фарос аралында көкпен тілдесіп, бұлт бүркенген толқын үстінде тербетілген ғимарат Александрия шамшырағы.

Алайда әлемде әр елдің мақтанышына, символына айналған кереметтер қаншама. Біздің мақтанышымызға айналған өз еліміздің, Қазақстанның ғажайыптары да өте көп. Биік биік мұнаралар, арқасын көкке жалатқан күмбездер, жағасы шалғын арыны арғымақтай арқыраған өзендер, терең көлдер, шөл далалар, кесенелер мен мазарлар, балбал тастар, көненің көзі, ескінің өзіне айналған тарихи ескерткіштер қазақ даласында жетіп артылады. Осындай ғажайып, көрген көзді қандыратын кереметтерді шетелдерден іздемей, өз топырағымыздан да табуға болады. Солардың ішінде ең керемет жетеуі де таңдап алынды. Олар: Таңбалы тас суреттері, домбыра, киіз үй, «Алтын адам», Маңғыстау жер асты мешіттері, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі, Астана-Бәйтерек кешені.

Бірінші керемет – Тамағалы кешені жартас суреттері. Ертедегі адамдар күнге күйген жылтыр тау жартастарына жануарларды, адамдарды, арбаларды, соғыс көріністерін қашап салды. Бұл адамзаттың рухани мәдениетін, анық дүниетанымын білдіретін аса маңызды деректер жиынтығы саналады. Олар дүниежүзі мәдениетінің қазыналы қорына қосылды. Суреттер – ежелгі адамдардың өмірі, көне тайпалардың салт-дәстүрі, діни нанымдары, аңшылық пен соғыс ісіне байланысты салынған туындылар.

Келесі керемет – көптеген ғасырлар бойы халқымыздың көшпенді тұрмысы мен өмір салтына мейлінше қолайлы болған баспана киіз үй. Соңғы қола дәуірінің өзінде-ақ (б.з.д. ІІ мыңжылдықтың соңы — І мыңжылдықтың басы) Еуразия даласында доңғалақ үстіндегі алғашқы жылжымалы тұрғынжайлар пайда бола бастады. Орта ғасырларда платформаларға орнатылған, ондаған жетек малы сүйреткен орасан зор жиналмайтын киіз үй-ордалар кезіп жүрген. Арба үстіндегі тұрғынжай (күйме) — киіз үйлердің осындай салтанатты түрлері Қазақстанда ХVІІ ғасырға дейін қолданыста болды.

Үшінші керемет – домбыра. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі. Ол халқымыздың өмір тәжірибесі мен табиғат, адам, әлем туралы білімдерін, ескі діни наным-сенімдері мен философиялық көзқарасын бейнелеп, оларды атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырды. Ғалымдар осыдан кемінде 2 мың жыл бұрынғы бейнелердегі қос шекті аспаптың қазақ домбырасымен ұқсастығын айта келіп, оның Қазақстан жеріндегі байырғы көшпелілер арасында ең тараған аспаптың бірі болғандығын дәлелдейді. Домбыра — әр дәуірде мәдениетімізде дарынды тұлғалардың дүниеге келуіне мүмкіндік туғызды. Аты аңызға айналған Кетбұғы, Асан қайғы, Қарт Ноғай сияқты ең таңдаулы есімдері біздің заманымызға да жетті.

1960 жылдардың аяқ кезінде археолог ғалымдар Есік қаласына жақын жердегі обадан «Алтын киімді адамды» тапты. Ол мұнан 2500 жылдай бұрын жерленген жас жігіт екен. Марқұмға кигізілген бас киімнің, етігінің қонышының сыртына алтыннан жасалған түрлі ұсақ аттың, барыстың, таутекенің, құсиардың бейнелері жапсырылған. Олардың саны төрт мыңдай. Есік қорғанынан табылған олжа бүгінде әлемге әйгілі. Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне де негіз болып отыр. Бұны да Қазақстанның кереметінің бірі деп санауға болады.

Маңғыстау жер асты мешіті — емші, көріпкел, ғұлама Бекет атаның салдырған мешіті. Бекет ата Бұхарада оқып, ілім жинаған соң, өз өңіріне қайта келіп, бес мешіт салдырады. Жергілікті дін ғұламаларының арасында атақ-даңқы өсіп, Пір атанады. Пайғамбар жасында дүние салады. Бекет атаның мүрдесі осы жер асты мешітіндегі бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған. Бұл күнде мешіт басы күні-түні әулие басына зиярат етушілерден бір арылмайды.

Ежелгі Түркістан қаласында орналасқан көгілдір күмбезді ғимарат – Ахмет Йассауи кесенесі. Қыпшақ, қаңлы, қоңырат және көне түркі тайпалары арасында Ислам дінін уағыздаушы, рухани басшы, «Әулие ата» атанған Ахмет Йассауи Оңтүстік Қа-зақстанның Сайрам (бұрынғы Испиджаб) қаласында 1103 жылы дүниеге келген. Ол алғаш білімді жергілікті дінбасы Арыстан бабтан алады. Өзінің ана тілінен басқа арабша және парсыша сөйлей білген. Артына көптеген өлеңмен жазылған хикметтерді қалдырды. Бізге екі жүзден асатын хикметі жеткен екен. 63 жасынан бастап, соңғы 12 жылын ол жер астында жатып, күн сәулесін көрмей өткізеді. Бүкіл Шығысқа әмірін жүргізген атақты қолбасшы Ақсақ Темір Қожа Ахметке зәулім ескерткіш тұрғызуды қолға алды. Ескерткіш құрылысын Темір қарамағында игі істермен көрінген Мәулен Ұбайдулла Садырға жүктейді.

Қожа Ахмет Йассауи кешені – порталды-күмбезді құрылыс. Оның көлемі 46,5х65,5 метр. Орталық залдың айналасына әр түрлі мақсатқа пайдаланылған үлкенді-кішілі 35 бөлме орналасқан. Оның бірінде сопы ақынның мүрдесі жерленген. Орталық бөлмеде қолымен жазылған Құранның көшірмесі, діни кітаптар, шежірелер сақтаулы. Бұл күнде Қожа Ахмет Йассауи ғимаратын жылда 100-150 мыңнан астам адам келіп тамашалайды. Оларды мұнда сұлулық пен ұлылықтың тылсым сырын білуге деген құштарлық сезімдері жетелейді.

Қазақстанның жетінші кереметі ол – Астана – Бәйтерек. «Бәйтерек» монументі Есіл өзенінің жағасындағы Қазақстанның астанасы – Астана қаласында орналасқан. Металдан, әйнек пен бетоннан жасалған бұл «терек» сәулеттік мағынасы жағынан да, жасалуы жағынан да бірегей. Әлемде бірінші рет диаметрі 22 метрлік және салмағы 300 тоннадан тұратын күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған шар биіктігі жағынан рекордқа (әлемдегі ең үлкен шардың ең биікке көтерілуі бойынша) ие болды. Әлемдегі ең үлкен шардың ең биікке көтерілуі бойынша Қазақстан астанасында асқақтаған бұл «терек» жаңартулардың сәулеттік символы, тәуелсіз Қазақстан символы ретінде орын алады. Астананың орталығында көкке бой созып тұрған «Бәйтерек» — қазіргі Қазақстанның нышан-символы, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспетті. Ол – елорданың халық көп баратын жерінің бірі. Астана қаласында Архитекторлар одағының халықаралық қауымдастығы өткізген 10-байқауда беделді халықаралық қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба және құрылыс ретінде “Бәйтерек” кешеніне Гран-при үздік айырым белгісі берілді.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, халықтардың достығы, бір-бірін түсінуі, ынтымақтастығы — Астананың және жаңа Қазақстанның негізін құрайды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, осы жеті керемет әйгілі, бізге мақтаныш болып, еліміз көркейе берсін деймін!

Гүлбөбек ЖӘРДЕМҒАЛИҚЫЗЫ,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің қызметкері


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар