18.06.2015, 7:50
Қараулар: 31
Майдангер ұстаз

Майдангер ұстаз

Бөкенов Ихс ан


Ихсан Бөкенов 1910 жылы Қамыссамар ауылындағы (Жаңақала ауданы) қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі балаларын тектілікке баулып, ұлттық рух негізінде ұлағатты тәрбие берген адамдар болыпты. Олар балаларының молдадан сауатын ашуына, ауылдың зиялыларынан дәріс алып, жақсы азамат болулары үшін бар мүмкіндікті жасапты. Ата-анасы Ихсанның балаң кезінен бойындағы пысықтық, елгезектік, тілалғыштық, кісі жатырқамайтын, адамға жанасымдылық қасиеттерін танып, оның көпшіл болуына даңғыл жол ашты.


Ихсан 1931 жылы ВЛКСМ мүшелігіне қабылданған. Жас жігіт  1930 жылы аудандық Кеңес атқару комитетінің жолдауымен №20 «Қоңыр құдық» ауылдық кеңесіне барып, сауат ашу мектебін ұйымдастырып, онда ересектерді оқытумен еңбек жолын бастады. Ихсаннан дәріс алып, сауат ашқан азаматтардың аудан деңгейінде шаруашылық басқарғанын құлақ естіп, көз көрді. Кейін аталмыш ауылда «Жетекші» бастауыш мектебінің меңгерушісі және мұғалімі болып балаларды білім бұлағынан сусындатты. Ал 1933-1941 жылдары ауданның «Екпінді»,  «Ұмтыл» ауылдарындағы «Октябрь», «Әзі шағыл», «Бірлестік» бастауыш мектептерінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ол 1941 жылы СОКП мүшелігіне өтіп, аупарткомның штаттан тыс үгітшісі болып, ауылда саяси-үгіт жұмысын жүргізді. 1942 жылдың қаңтарында әскер қатарына шақырылды. Орынбор қаласында әскери жаттығу дайындығынан өткен ол 1942 жылдың маусымында бірінші Украин майданының 193 сапер батальоны құрамында қанды майданға түсті. Ол соғыс жылдарында өзі болған әскери құрамда Воронеж қаласын, Украинаны, Белоруссияны басқыншылардан азат ету жолындағы жан беріп, жан алысқан қанды соғысқа қатысып, қазақтың нағыз ержүрек жауынгері екендігін дәлелдеп, басшылықтың көзіне шалынды. Майдан шебіндегі екпінді шабуылда жүріп, көрсеткен төтен ерлігі үшін қазақ сарбазы Жоғарғы қолбасшының алғысхатын алып, бірінеше рет орден-медальдарға ұсынылды. Қаһарман жауынгер өзі болған әскери құраммен Польшаны, оның астанасы-Варшава қаласын жау қолынан азат етудегі қанды қырғында теңдесі жоқ ерлігімен көзге түсті. Осы ерлігі үшін ол үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін өңіріне тақты. Бірақ кезекті қанды шайқаста ауыр жарақат алды. Дереу әскери госпитальға жеткізіліп, ұзақ емделді. Соғыс аяқталған соң, жарақаты жазылып, әскери медицина-сараптама комиссиясының «Ұлы Отан соғысының үшінші топтағы мүгедегі» деген қорытындысын алып, өңіріне екінші дәрежелі «Отан соғысы», үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін», «1941-1945 ж. ж. Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны алғаны үшін» медальдарын таққан майдангер туған ауылына 1945 жылдың аяғында оралды.

Бұрыннан бастауыш мектептің мұғалімі мамандығы бар Ихсан ел-жұртпен сәлемдесіп, демалған соң кәсібі бойынша ауданның «Октябрь», «Казарма» бастауыш мектептерінің меңгерушісі және мұғалімі болып, бұрынғы жұмысын жалғастырды. Жылдар өте келе, соғыстағы алған жарақатының әсерінен оның денсаулығы сыр бере бастады. Осыған орай азамат ұстаздық жұмысын тоқтатып, зейнет демалысына дейін ұжымшарда, кеңшарда жеңіл-желпі жұмыс түрін атқаруға ауысты. Ізденімпаздық пен білімдарлыққа дағдыланған ол жұмыс істей жүріп, Орал қаласындағы мұғалімдер институтының тарих бөлімін сырттай оқып, дипломын алды. Ал 1970-жылы зейнет демалысына шықты. Ихсан Ұлы Жеңістің «30, 40, 50, 60» жылдығы мерекелік, КСРО Қарулы Күштері мен Соғыс-теңіз флотына «40, 50, 60» жыл және «Еңбек ар-дагері» медальдарымен марапатталды. Ауылының ардақтысы атанған Ихсан ағамыз 1984 жылдың қыркүйегінде дүниеден озды.

Ол өзі өскен ауылда ұстаздық жұмысын атқара жүріп, Қамарсұлу есімді аруды көз қырына іліктіріпті. Кейін ол сол арумен көңіл жарастырып, жүрек қалауымен өткен ғасырдың 30-жылының бел ортасында отауласыпты. Қамарсұлу келін болып түсіп, шаңырақтың табалдырығын аттаған күннен бастап, жас отаудың ұқыптылықпен сәнін келтіріп, үй-ішінің тірегіне айналған. Оның кезінде отағасына сенімді серік, аяулы жар, жөн сілтер ақылшы бола білгенін көне көзділер ұмытқан жоқ. Аяулы жар азаматына шекелері торсықтай Ермекқали, Төлеуғали, Сүйеуғали есімді ұлдарының бірінен соң бірін сыйлады. Үй-іші бал-бұл жанған сәбилердің күміс күлкісіне бөленді. Соғыс жылдарында Қамарсұлу ұжымшарда күндіз-түнгі жұмысын атқара жүріп, балаларын тәрбиелеп оқытты. Отағасы қанды майданнан оралған соң балалары есейіп, ержетті. Әрқайсысы өз алдына отау тікті. Айналасына отбасылық ынтымақ пен татулықтың үлгісін көрсеткен Ихсан мен Қамарсұлу перзенттерінен немере сүйіп, абзал ата, аяулы әже атанды.

Қазақта «Қуаныш пен өкініш қатар жүреді» деген сөз тіркесі бар. Осылай айтылғандай, Қамарсұлуға перзенттерінің кейінгі ұрпағын көріп, қызықтауына тағдыр бұйыртпады. Ол 1970 жылы дүниеден озды. Пешенеге жазылған тағдырдың бұйрығы осылай. «Өмір-өзен» дегендей, құм сағаттай сусыған уақыт бізге білінбей өтіп жатыр. Бөкеновтер әу-летінің жапырақтары жайылып, өмір жалғасуда. Әулеттің қара шаңырағын шайқалтпай, өздерін мәпелеп өсірген ата-ананың атағына селкеу түсірмей, маздаған отын сөндірмей, жылдар өтсе де, сол шаңыраққа ие болып, халық қатарында ұстаған ұлдарының келіндері, әсіресе, Нәписа, Жұмазия, Айғанша және немерелері Бақтығали, Сәуле, тағы басқасына ауылдастары дән риза. Олардың осындай ұстанымы ұрпақтан-ұрпаққа  жалғаса бергей.

Мәжит  ЖАДАНОВ,

ҰОС-ның ардагері,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Жаңақала ауданы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар