18.06.2015, 7:45
Қараулар: 20
Жымпитының ӨНЕРЛІ ӘЖЕСІ

Жымпитының ӨНЕРЛІ ӘЖЕСІ

сканирование0004


Ақ ниет» әжелер алқасы негізгі жұмыстарын ауданның мәдени саласын дамытуға бағыттап, жастар тәрбиесіне арнап келеді. Құрамында сегіз мүшесі бар. Алқа төрайымы Гүлзағира Мақұлқызы – өнегелі ісімен көпке танымал болған ардақты да инабатты жан.


Гүлзағира Мақұлқызы – Алматы облысы, Балқаш ауданы, Құйған ауылының тумасы. Дәм-ырыздықтың бұйырмысы ғой, қолына дипломын алған бойжеткен Алматыдағы жоғарғы оқу орнын тамамдаған жымпитылық Отарбай ағамызбен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Экономист-бухгалтер мамандығы бойынша Жымпитыдағы мектептерде, кеңшарларда қызмет атқарған Гүлзағира Мақұлқызы аудандағы қоғамдық тамақтандыру мекемесінде директорлық қызметті де ұршықша иірді.

Өмірден үйренгені, түйгені көп Гүлзағира ана зейнеткерлікке шықса да, ұлтымыздың салт-дәстүрін насихаттау, жастар тәрбиесіне көңіл бөлу, мәдени-көпшілік жұмыстарды жандандыруды үнемі назарында ұстады. 2001 жылы ауданның мәдени саласына үлес қоспақ ниетте өнерлі жандардың басын қосып «Ақ ниет» әжелер алқасының шаңырағын көтерді. Алқа әр жылға жұмыс жоспарын жасақтап қояды. Мәселен, алдағы жылы 15 жылдығын атап өткелі отырған олар біржылдық, бесжылдық, 10 жылдық мерейтойларына орай көрермендерге концерттік бағдарламаларын ұсынып, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін, яғни тоқымқағар, баланы бесікке салу, тұсау кесер, шілдехана секілді көріністерді наурыз мейрамында көрермендерге әсерлі де ұғынықты түрде көрсетіп келеді. Сондай-ақ Гүлзағира Мақұлқызы «Әдептілік – әдемілік», «Қызым, саған айтам», «Қыз өссе, елдің көркі», «Әдеп жолы әріден басталады», «Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас» тақырыптарында тәрбиелі-тағылымды кездесулер өткізіп жүр.

Өнегесі өмір мектебіне айналған Гүлзағира апа – жергілікті ақындар М. Қажиахметов, Е. Баймұханбетов, Ғ. Хұсайыновтың өлеңдеріне ән жазған сазгер, оларды сахнада шеберлікпен орындай білетін әнші де.

«Шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» дегендей, Гүлзағираның әкесі Мақұл қария соғыс және еңбек ардагері, кезінде колхоз басқарған, партия, кеңес орындарында жауапты қызметтер атқарса, анасы Рахыш та Балқаш көлінен балық аулаған, колхоз басқарған, өнерлі жан болған көрінеді.

Жылда Наурыз тойында мерекелік дастарқан мәзірінде Гүлзағира апаның қолынан дайындалған ұлттық бұжы, үлпіршек, әсіп, бұжығы, борша-кісе секілді ет тағамдарына, жент, қазы жент, сүт жент, қауын сөк, құрғақ май сөк, шырт-пырт сөк сияқты тәттілерге қызығушылық танытушылар көп.

Ал ісмерлігі бір бөлек жанның қолынан шыққан түс киіз, ою-өрнек, құрақ көрпе, кілемшелер алыстан көз тартады.

— Ата-бабаларымыз елін, жерін қорғап, ұрпаққа мұра етті. Біздің парызымыз – жас ұрпақты осы Отанымызды сүюге, қадірлеуге үйрету, — дейді Гүлзағира Сарғозиева әңгіме арасында.

Қазақы салт-дәстүр, жастар тәрбиесі үшін аналық ақ жүрегімен қызмет атқарып жүрген Гүлзағира апа – отағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Отарбай Қалеменұлымен бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 3 немере, 4 жиен қызығын көріп отырған бақытты әулеттің иелері.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,

Сырым ауданы