16.06.2015, 7:14
Қараулар: 17
Құтыдағы ауыз су өндірісі артады

Құтыдағы ауыз су өндірісі артады

2


Кеше Зеленов ауданы Мичурин ауылдық округінде «Родник» ЖШС-ның құтыдағы ауыз су өндіретін жаңа өндірістік желісі салтанатты жағдайда іске қосылды. Ашылу рәсіміне қатысқан өңір басшысы Нұрлан Ноғаев кәсіпорын ұжымын және барша батысқазақстандықтарды осынау қуанышты оқиғамен құттықтады.


– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жасақталған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ашылған бұл өндіріс ошағының өнімі қашан да үлкен сұранысқа ие. Зауыт құрылысына көптеген азаматтарымыз қатысты. Іске қосылған кезден бастап жаңа 20 жұмыс орны ашылып отыр. Алдағы уақытта да барлық ойға алған жоба-жоспарларыңыз жүзеге аса берсін,  – деді Нұрлан Асқарұлы.

Бұдан кейін жаңа зауыттың лентасы қиылып, салтанатты шараға жиылған қауым өндіріс ошағының жұмысымен көзбе-көз танысуға мүмкіндік алды. «Фирма «Родник» ЖШС-ның директоры Лилия Хайруллинаның айтуынша, осы жобаға өңірлік индустрияландыру картасы шеңберінде 978 млн. теңге қаржы жұмсалған. Күні бүгін жобаның алғашқы кезеңі, яғни 19 литрлік құтыдағы ауыз су өндірісі желісін пайдалануға беру жүзеге асырылды. Жаңа желі арқылы өндіріс қуатын жылына 806 400 дана құтыдағы суға (19 литрлік) жеткізу жоспарлануда. «Кәсіпорынды салу үшін біз «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы 105 млн. теңге несие алдық. Сондай-ақ жүк таситын көлік алуға 26 млн. теңге, жетіспей тұрған инфрақұрылымды (электр, су, газ, жол) жасақтау үшін жалпы сомасы 152,1 млн. теңге несие алуға қол жеткізілді. Есебіміз бойынша жоба 5,5 жылда өзін өзі ақтауы тиіс» — деді  Л. Хайруллина.

Жаңа өндіріс ошағының жұмысымен танысып шыққаннан соң облыс әкімі Нұрлан Ноғаев журналистерге қысқаша сұхбат берді.

– Менің пайымдауымша, мұндай кәсіпорынның адам үшін қажеттілігіне шек келтіруге болмайды. Өйткені адам денесінің 70 пайыздан астамы судан тұратыны, жалпы су – өмірдің өзегі екендігі өздеріңізге жақсы белгілі. Бір сөзбен айтқанда, денсаулығымыз қандай суды ішкенімізге, қандай асты қорек қылғандығымызға тікелей байланысты. Құтыдағы су шығаратын зауыт осы тұрғыдан алғанда, халыққа өте керек. «Родник» фирмасы үшін су шығару жаңалық емес, бұған дейін де шығарып келген болатын. Енді заман талабына сай өндірісті жетілдіруге кірісті. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау-көмектерді алды. Осы зауыт орналасқан маңайды өнеркәсіп аймағы деп те атауға болады. Себебі іргеде газтурбиналық электр стансасы тұр. «Болашақ» ЖШС-ы да осы жерде. Жақын арада инвесторлар газ құю стансасының құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Станса ашылғаннан кейін сұйытылған газды тасымалдайтын көліктер бұрынғыдай қаланың ішімен емес, сыртындағы айналма жолмен жүретін болады.

Тағы бір айтайын дегенім – индустриялық аймақ ашу туралы бұған дейін де әңгіме болған еді. Күні бүгін үш жерді қарастырудамыз. Біріншісі, Орал – Самара күрежолының бойы. Екіншісі, Пойма стансасының маңы. Үшіншісі, Белес ауылының маңындағы жер телімі. Қазір мамандар есептеулер жүргізуде. Нақты шешім содан кейін алынатын болады, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Тоқтар  КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал  өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар